1 желтоқсанда «Астана Опера» театры К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасына елімізге танымал орындаушылар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері баритон Азамат Жылтыркөзов пен пианист Долорес Үмбетәлиева әлемдік классик П.Чайковскийдің шығармашылығына арналған «Средь шумного бала...» бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Музыканың алтын ғасыры» топтамасындағы концерт аясында әртістер елорда тұрғындары мен қонақтарына П.Чайковскийдің музыкалық мұрасының ең сүйікті бөлімдерінің бірі – оның романстарымен кездесуден ұмытылмас эмоция мен шабыт сыйлайды. Азамат Жылтыркөзов пен Долорес Үмбетәлиеваның нәзік интерпретациясындағы біртуар композитордың камералық-вокалдық лирикасы тыңдармандарды өзінің терең ойлылығымен, көркем бейнелердің молдығымен, интонацияның ашықтығымен әрі сезімдердің шынайылығымен жігерлендіреді.
«Средь шумного бала...» концертінен бөлек, «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залының желтоқсандағы бағдарламасына басқа да көптеген жарқын шаралар енді.
Сонымен, 6 желтоқсанда «Еуропа майталмандарының ұмытылмас әуендері» концертінде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына венгр пианисі Дьердь Оравец шығады. Жоба Венгрияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған.
«Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов «Музыкалық альянс» топтамасынан кештер ұсынады: 7 желтоқсанда «Музыкалық сенбілік» концерті, ал 18 желтоқсанда шақырылған солист, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері скрипкашы Владислав Самойловтың қатысуымен «Паганини мұрасын шебер орындаушылар» концерті өтеді.
12 желтоқсанда «Piccolo» театры жобасы аясында елордалық көрермендердің назарына премьерасы қазан айында зор табыспен өткен театр репертуарындағы жаңа спектакль – А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсы ұсынылады.
Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсанда Қазақстан композиторлар одағының «Дархан дала» концертінде «Астана Опера» камералық оркестрі Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен өнер көрсетеді.
Жаңа жылдық мереке қарсаңында театрдың шығармашылық ұжымы К.Байсейітова атындағы Камералық залдың қызықты бағдарламасын дайындады. Astana Opera Халықаралық опера академиясының дарынды жас тыңдаушылары 21 желтоқсанда дәстүрлі «Жаңа жылдық экспромт» концертінде сахнаға шығады. Қысқы демалыс күндері 26-27 желтоқсанда Ц.Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі кішкентай көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайды.