«Егеменмен» достасқаныма да жарты ғасыр болыпты. Ол кезде газет «Социалистік Қазақстан» аталатын. Жұртшылық арасында «СҚ» аталып, өзі де «сықиып» тұрушы еді. «Қазақстан коммунисі» журналы екеуі көрнекі құрал ретінде жұмыс үстелінің үстінде жататын. Мүйізі қарағайдай журналист ағаларымыздың ойлы дүниелерін тұшынып оқитынбыз. Соның әсері болар, газет тігінділерін сақтап қоюды әдетке айналдырдық. Олар әлі күнге дейін үйімнің төрінде.
Баспасөзге жазылу – саяси науқан. Бұрындары қызмет орайымен 10–15 түрлі газет-журналға жазылатынбыз. Бағалары да қалтаға салмақ салмайтын. Қазіргі басылымдарды да соншалықты қымбат дей алмасақ керек, тек оларға деген ынта-ықылас болса, жетіп жатыр.
Жыл сайын жаз бен күз айларында «Қазпошта» мекемесіне арнайы барып, өзім қалаған басылымдарға жазыламын. Республикалық «Egemen Qazaqstan», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», аудандық «Созақ үні» газеттерін міндетті түрде алдырып оқимын. Оқып қана қоймай, дағдылы әдетіме басып, ара-тұра өзімді толғандырып жүрген мәселелерге қатысты қалам тартып қоятыным бар.
Бір өкініштісі сол, жұрт газет-журнал оқудан қалып барады. Оған себеп: интернет, әлеуметтік желі, ақпарат тарататын түрлі құрал да өзінің елеулі әсерін тигізеді. Оның үстіне қазір бұқаралық ақпарат құралдарының орнына бұқаралық коммуникация деген ұғым өмірге кеңінен еніп, жедел белең ала бастады. Десек те басылымдарымыз тарихымыз бен мәдениетімізді, әлеуметтік-рухани бағыттағы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі құрал екені даусыз.
Сөзімді қорыта келе айтайын дегенім, газет-журналға жететін дүние жоқ. Себебі, одан іздеген адам бәрін табады. Әлеуметтік-рухани азық дегеніміз, міне, осы!
Газет ең алдымен қоғамға, онда тұратын адамдарға керек. Шүкіршілік, айналамызда әлі де көзі ашық, көкірегі ояу сауатты жандар бар. Оны аз десеңіз, жоғары дамыған өркениетті елдерде де басылымдардың сан миллиондаған таралыммен шығып жатқанын қайда қоямыз? Ең бастысы, газет-журнал әлеуметтік желі емес, олар – руханият құралы, солай болып қала береді де!
Олай болса, газет-журнал оқиық, ағайын!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
баспасөз саласының ардагері
Түркістан облысы