Оңтүстік Кореяның Санджу қаласын-да күрес түрлерінен өткен «Korea Open» турнирінде еліміздің балуандары алты жүлде жеңіп алды. Бұрымды балуандар арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері Елмира Сыздықова (76 кг) алтыннан алқа тақса, Айбек Айтбеков (60 кг) пен Диас Сейітқалиев (77 кг) финалда ұтылды. Ал Мақсат Сайлау, Темірлан Тұрдақын (87 кг), Нұрасыл Аманәлі (97 кг) қола медальға ие болды.
29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ресейдің Санкт-Петербургінде «Солтүстік Пальмираның трофейлері» деп аталатын коммерциялық турнир өтеді. Сол жарыста еліміздің теннисшілері Александр Бублик пен Юлия Путинцева өнер көрсетеді.
30 қарашада Түркістанда аралас жекпе-жектен «Alash Pride» 102 турнирінің тұсауы кесіледі. Осы жарыста жеңіл салмақтың чемпиондық атағы сарапқа салынады. Алтын белбеуге тартыс қандасымыз Саламат Есболаев (6-0) пен қырғызстандық Нұржан Рустамов (17-8) арасында өтуге тиіс еді. Алайда соңғы сәтте Нұржан жарысқа қатысудан бас тартты. Енді Саламаттың кіммен жұдырықтасатыны бүгін белгілі болады.
Әртістік жүзуден Виктор Друзин «World Aquatics» халықаралық федерациясының нұсқасы бойынша «Жыл спортшысы» атағына үміткерлер тізіміне енді. Отандасымыздан бөлек, бұл атақтан үміткерлер қатарында италиялық Джорджио Минисини, америкалық Кеннет Гауде, испандық Деннис Гонсалес, колумбиялық Густаво Санчес бар.
Қараша айының соңғы күні Финляндияның Контиолахти қаласында биатлоннан Әлем кубогінің бірінші кезеңі басталады. Аталған додада еліміздің 9 спортшысы өнер көрсетеді. Олар – Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Владислав Киреев, Вадим Куралес, Кирилл Бауэр, Арина Крюкова, Галина Вишневская-Шепоренко, Ольга Полторанина, Полина Егорова. Бәсекелер 8 желтоқсанға дейін созылады.