Елімізде «eGov Mobile»-дан жеке куәліктің цифрлық нұсқасын «Samsung Wallet» электрондық әмиянына орналастыру мүмкіндігі пайда болды. Жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясымен бірлесіп, қанатқақты режімде іске қосты.
«Samsung Wallet»-тегі цифрлық жеке куәлік – бұл жеке деректерді сақтаудың ыңғайлы және қауіпсіз әдісі. Азаматтар физикалық тасымалдаушыны жоғалтудан немесе ұрлатудан қорықпай, өз құжатын бірден цифрлық түрде ұсына алады. Барлық дерек жеке ақпаратты сенімді қорғауды қамтамасыз ететін көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесімен қорғалған. Бұл функция «Egov Mobile» қолданбасы орнатылған «Samsung» смартфондарының пайдаланушылары үшін қолжетімді. Құжаттарды қосу үшін пайдаланушыға:
– Egov Mobile қолданбасында авторизация жасап, «Цифрлық құжаттар» сервисіне өту керек,
–Жеке куәлік» цифрлық құжатын ашу және «Samsung Wallet» әмиянына қосу батырмасын басу керек,
– дербес деректерді өңдеу туралы келісіммен танысу, оларды өңдеуге өз келісімін беру және оған ЭЦҚ арқылы «Қол қою» қажет.
Цифрлық куәліктің ақпараттар бөлімінде көрсетілген жарамдылық мерзімі азаматтың жеке куәлігінде көрсетілген мерзімге сәйкес келеді. Егер уақыт өте келе куәліктегі ақпарат өзгерсе, онда пайдаланушы ағымдағы цифрлық куәлікті өшіріп тастап, жеке куәлікті қайта шығарған кезде оны жаңарту үшін қайта қоса алады.