• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Отбасы 28 Қараша, 2024

Діңгегі мықты әулет

80 рет
көрсетілді

Осыдан он жыл бұрын Кеңесбек ақсақалмен танысқан едім. Менен мүшел жасқа үлкен екен. Әр сөзінен мейірім, әр әрекетінен қайырым лебі сезіліп тұратын, мұсылмандық бес парызын түгел өтеген, қарттығына абырой-атақпен келген кісі. Бабалары Бөкебай әулетінің қарашаңырағын елге өнеге боларлықтай дәрежеде ұстап, нағыз қазақ шаңырағының үлгісін көрсете білген азамат. Дастарқанынан дәм татып, Түркістан қаласын бірге аралап, сырлас болған Кеңекең жадыма өшпестей әсер қалдырған-ды.

Ұзақ жылдар Түркістан қала­сының бас дәрігері бол­ған Кеңесбек ақса­қал­мен та­­­ныс­тырған – осы әулет­тің бір мүшесі, Кеңесбек қарт­тың інісі, атақты сәу­летші Самат­бек Тәженұлы. Ал Самат­бекпен та­ри­хи «Хан Ордалы Сарай­шық» кесе­не­сін көруге келген кезінде таныс­қан едім. Ол Атырау облысының ­бас сәулетшісі еді. 1999 жылы «Қа­зақ­стан мұнайына 100 жыл» мереке күніне орай кесенені аяқтау­­ға жан­таласып жатқан болатынбыз. ­Та­ныстығымыз жалғасып, Махамбет ақынның 200 жыл­дығы­на арналған «Исатай-Махам­бет» алаңының жобасын бірге жасадық.

Жоңғарға қарсы соғыстың ба­тыры, мүрдесі Қаратау етегін­дегі төбе­нің басында қалған Тоқ­та­мыс б­аба­мыз­ға ескерткіш ор­на­туға ниет­теніп, Саматбек екеу­міз кесене ор­нату жобасына кірістік. Әуелі Тоқ­тамыс батыр мәң­гілікке дамылдаған төбені көру мақсатында Астанадан Жаңа­­қорған­ға аттанып, жолшыбай Са­матбек­тің Түркістандағы ағасы Кеңесбектің үйіне түстік. Үйдегі әңгімеміз көбі­не салынатын кесене төңірегінде өрбі­ді. Кеңес­бек аға орынды сұрақта­ры­­мен, ұсы­ныстарымен әңгіме­ге араласып­ отырды. «Жа­ңақор­ған емханасының демалыс үйіне «Тоқтамыс» атын беріп, батыр атын сақтап қалған жергілікті жұрт туралы жақсы пікірлері қа­зақ халқы тектілігінің дә­ле­ліндей кө­­рініп еді. Келесі күні Ке­ңес­бек ақ­сақал бізге батасын беріп, жұ­мы­сымызға сәттілік тілеп жолға шы­­ғарып салды. Аға батасы қабыл болып, «Тоқтамыс батыр» кесенесі ел назарын аударарлықтай бірегей сәулет ескерткішіне айналған-ды.

Сәулет өнерінің бүге-шіге­сіне дейін баяндаған Кеңесбек ақ­са­қал­дан: «сіз де құрылысшымы­сыз?»­ деп сұрадым. Сөйтсем, ол кісі дә­рігер болып шық­ты. Дәрігер бол­ғанда да ғылыми еңбек­тері ке­ңес ода­ғы Ғылым академия­сы­­ның басы­лымдарында жарық көр­ген, опе­рация жасау тәжірибесін бас­қа елдегілер іс жүзінде қолда­нып жүр­ген­ дәрігер екен. Оның медицина са­ла­сындағы ғылыми жаңалықтары мен же­тістік­тері ке­ңестік кеңістіктегі атал­ған сала мама­ндарына әйгілі көрінеді.

«Тоқтамыс» демалыс үйі демек­ші, осы арада марқұм Амангелді Абдул­лаев туралы да бір-екі ауыз сөз қо­су­дың орайы келіп тұр­ғаны. Аман­гелді ұзақ жылдар бойы Жаңа­қорғандағы шипажай жұмысын жолға қойып, одаққа танымал еткен маман, басшы тұлға. Ел егемендік алып, Қазақ елінің байлығы талан-таражға түсіп жат­қанда, бар малын салып, қарыз алып, шипажайды сақтап қалған азамат екен. Тоқтамыс батырға кесене тұрғызу кезінде іскер азамат қолдау көрсетіп, қолға алған шаруамыздың сәтімен жүзе­ге асуына үлкен септігін тигізді. Амангелді ақсақал «Тоқтамыс» демалыс үйінің бір бөлмесін босатып беріп: «Осы орын қашан келсең де сенікі», деп қолдау бітірген-ді.

Кесене құрылысы аяқталуға жақын қалған кезі болатын. Есік қағылды. «Кіре бер, есік ашық» дей­мін. Қарасам, кіріп келе жат­қан Кеңес­бек ақсақал. Қасындағы жігіттің қолындағы қалта­да үйітіл­ген бір қойдың еті. Сонау Түркіс­таннан, жарықтық-ай, сексеннен асқан шағында 100 шақырым жолды артқа тастап келіп тұр.

«Саматбек екеуіңді батамды беріп жол­ға шығарып салып едім, енді ес­керт­кішті өз көзім­мен көруге келдім», дейді.

Саматбектің ағасымен, бауыр­ларымен таныса келе тегі мық­ты әулет екеніне көзім жетті. Жаны жәннатта болғыр Тәжен ақса­қал­дың ұлдары шетінен дарынды да талантты. Олар бойындағы өнер­лерін шетінен елім деп, қаза­ғым деп ұлтының мерейін өсіруге арнаған.

Тәжен перзенттерінің үлкені Кеңес­­бек­тің дәрігерлік маман­ды­ғы­нан басқа да өнерде үлесі бар ­екен. Әкесі туралы мемуарлық жанр­да жазылған «Тегіне тартып ту­ған ер» атты кітабы – кәнігі жазу­шы­лар еңбегінен кем түспей­тін шығарма. Тілі соншалық жатық, сөзі ұғымды. Мамандығы дәрі­гер болғанымен, жаны жазушы. Дәрігер – адам тәнінің инженері, жазушы – адам жанының инженері емес пе. Осылайша, Ке­ңесбек қажы мамандығымен қоса «адам жанының инженері» атағын да абыроймен атқарыпты. Ол қазақ қаламгерлерінің елең еткізер бір шы­­ғармасы туралы құлағы шалса, іздеп жү­ріп оқитындардың бірі-тұғын.

Тәжен әулеті, оның балалары ту­ралы ой қозғағанда Кеңесбек­тен ке­йінгі «Мен де ерекше жара­тылған тұл­ғамын» деп, кез келген қазақ­пен­ бой теңестіре алатын інісі Әнуарбек Тәженұлының да орны бөлек. Елім деп еңбек еткен­ азаматтардың ішінде рухани үн­дес болғаным, еңбегін көбі­рек қы­зықтаған кісім де осы – Әнуар­бек. Ма­мандығы – орыс тілінің мұғалімі. Шы­ғармашылық адамы. Ол Ахмет Ясауи бабамыз­­дың, барша адамзатты иманды­лық­қа шақырар ең­бе­гіне айналған хадистерін түпнұсқасы­нан ша­ға­тай тілінен тікелей қазақша­ға аудар­ған. Осы аудармаға кезінде Әнекең­нің өтінішімен пікір жаз­ған едік. «Мен – Құл Қожа Ахмет, алпыс үште кір­дім жерге» атты ма­қаламды зерделеу еңбе­гім еді деп те айтуға ­болар. Әнуар­бек­тің «Диуани хикметі» де, біз­дің мақа­ламыз да орыс, ағыл­шын тілдеріне аударылып, соң­ғы­сы Лондонда жеке кітап болып жарық көрді.

Тәженнің үшінші ұлы Марат­бек­пен танысуды Алла нәсіп еткен жоқ, ер­­теректе бақиға озыпты. Есесіне оның ұлы Нұрланды, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреа­ты сәулетші Нұрлан Марат­бек­ұлын жақсы білемін. Еліміздің сәулет өнері саласына қосқан үлесі қомақты.

Ал атақты сәулетші Саматбек Тә­­­жен­ұлы – Астанадағы «Қазақ елі» мо­ну­менті, Астана әуе­жайы жолын­дағы «Алтын қа­нат­ты» тұл­парлар, Нәрік­баев заң уни­вер­ситеті мен Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Бас прокуратурасы ғи­ма­рат­тары, көпте­ген облыс, аудан орталықтарын­да­ғы ке­шендерде ерекше қолтаң­басы бар елімізге аты белгілі тұлға. Бас қала­ның сәулетін төрткүл дүниеге таныту барысында тынымсыз еңбек етіп келе­ді. Дүниежүзілік Сәулет ака­демиясы­ның академигі.

Ал Тәжен ақсақалдың кенжесі Еркінбекті ерекше дарынды, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайсар мінезді, батыр жаратылған жан деп бағалай­мын. Оның соңғы бес жыл бойы «Қазақ­тың киіз үйі» атты жобамен ай­налысқандағы кездескен кедергілерге мойымай, жігерлене кіріс­кен әрекетіне осындай баға лайық.

Ата-бабамыздың сан мыңда­ған жыл баспанасы болған, хан ор­да­сы да сол, шаруаның қарашаңы­рағы да сол – киіз үй тағдыры қат­ты тол­ған­дыратын мәселе еді. Сондай толғаныс нәтижесінде біздің «Қазақтың киіз үйі» атты этно­графиялық зерттеу еңбегіміз жарық көрді.

Халқымыздың көшпелі өмір сүру үрдісінен қол үзген уақы­тында, әлем халықтарының мәде­ниеті мен ұлттық болмысын, тілі менен ділін жаһанда­ну үрдісі қу­сырып келе жатқан заманда Еркінбек Тәженұлы ата-бабасы­­ның киіз үйіне қамқорлық жасауды бас­ты міндеті санайды. Бұл жоба­­мен айналысқан бес жылда Еркін­­бек жылжымалы, ­жиналмалы киіз үй­дің ондаған ноба­йын жасады.

Кеңесбек ақсақалды туғаным­дай жақсы көріп кетуімнің, оның әуле­тіне деген сыйластығым­ның себебін жақында тапқандай болдым. Оның «Тегіне тартып ту­ған ер» кітабындағы ойлар менің таным-түсінігіммен астарласып жатқандай.

«Ат басын бұрғанша ай өте­ді, айналып келгенше жыл өтеді». Сөйтіп жү­ріп қамшының сабындай қысқа ғұмырың өтеді дейді халқымыз. Ұлы уақыт көшімен ілесіп біз де өтерміз, кетерміз. Қазақ елінің ертеңгі бола­ша­ғын қолдарымен жасап, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатары­на қо­сатын ұрпақ – біздің балаларымыз, немере-шөберелері­міз болмақ. Тегінен нәр алған­ның теріс кеткені болып көрген емес. Ата-бабасының жақсылы-жаманды өмір жолын тәлім алсын деп ұсындым. Бір Алланың жебеуімен өмір бойы жасаған еңбегіміздің жемісін жейтін артымызда қалдырған ұрпағымыз саналы болғай. Жер бетінде қалған соқпағымыз жаңғыра бергей! Иә, жанымдай жақсы көретін бауырларым, перзенттерім, өмірдің сәні де, рахаты да дін жолы, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, кәлимаға тіл келтіру, бұйырса қажылық­қа барып келу. Қысқа ғұмырдың мәні осы екен ғой». Талайға өнеге боларлық тұжырым.

Содан бері де он жыл өтіпті. Біз енді тоқсанға аяқ басыппыз. Қазақ халқы текті халық дей­міз. Бұл жалған тірлікте болып жа­татын өтірік пен өсекті де, қарақ­шылық пен алармандықты да, оз­бырлық пен парақорлықты да ұмыт­тырып, «елім менің, жерім менің» деп, еліңді сәл алысқа кет­сең сағындыратын, әулиелерін еске алып табындыратын осындай тұлғалардың іс-әрекеттері болса керек.

 

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері