Астана медицина университетінің түлегі Медет Маханбет «Болашақ» бағдарламасымен Литва астанасы Вильнюстегі Сантаришкес университет клиникасында құлақ операциялары бойынша тағылымдамадан өткен. Бүгінде Президент Іс басқармасы Медициналық орталығында лор-дәрігер болып жұмыс істейді. Талай мықты хирург дәрігерден тәлім алған ол елімізде алғашқылардың бірі болып эндоскопиялық әдіспен операция жасаған.
– Елде бірінші болып құлаққа эндоскопиялық трансканалды операция жасадыңыз. Жаңа әдістің микроскоппен жасалатын дәстүрлі операциялардан артықшылығы неде? Мұндай тәуекелге қалай бардыңыз?
– Литвадан оқудан келгенде құлақтың дабылы зақымданған пациенттерді емдеу барысында үлкен тілік жасаудың қажеті жоғын түсіндім. Содан былтыр бұрынырақта микроскоппен жасалған операцияларды эндоскопиялық әдіспен жасауға кірістім. Негізі бұл тәсіл алғаш 10 жыл бұрын Италияда қолданылған. Артықшылығы көп. Бастысы пациентке жайлы. Микроскоп үлкен болса, эндоскоп өте шағын құрылғы. Заманға қарай шығып жатқан жаңа құрылғылардың әлеуетін толық пайдалану қажет. Мен бұл әдісті тек кітаптан ізденіп, оқып, зерттеп білгенім болмаса, көзбен көргенім жоқ. Қолдан келетініне сенімді болған соң барып Президент Іс басқармасының медициналық орталығындағы өзіміздің профессордың рұқсатын алып, операцияға кірістім. Литвадан профессор Евгениус Лесинскас та өзі бұл операцияны жасамаған, маған жасауға болатынын айтып, сенім білдірді. Профессор Талапбек Әженов те келісіп, бірер операцияны өзі бақылады. Былтыр біз осы әдісті енгізген әлемдегі алтыншы ел едік. Қазір Өзбекстан, Ресей мен Литвадағы әріптестер де қолға ала бастапты. Өйткені жаңа әдіс барлық жағынан жеңіл өтеді. Әрине, хирургтің епті, білікті болғаны дұрыс. Қазір біз ғана емес, медицинаның өзге бағытындағы дәрігерлер де эндоскоппен операция жасауға дағдыланып жатыр. Біз де көп созбай бастап кеттік. Өз басым бір жарым жылда 120 операция жасап үлгердім.
– Пациенттердің пікірі қандай? Ауырсыну, асқыну белгілері байқалған жоқ па?
– Эндоскоппен жасаған бірінші операцияның уақыты 2,5 сағатқа созылды. Шамамен 50 операциядан кейін мұндай операцияларды 40 минутта жасай бастадық. Операциядан кейін науқастар «сіз маған анық операция жасадыңыз ба» деп таңырқайды. Тіліктің, алынған шеміршектің орны кішкентай болған соң паценттер ауырсынбайды. Қазір жасы ұлғаюына байланысты немесе жүре келе есту қабілеті нашарлау фактісі көбейіп келеді. АҚШ ғалымдары жүргізген статистикаға сәйкес, 2035 жылға қарай есту қабілеті төмен адамдар саны 2 млрдқа жуықтайды. Естімейтін адам қоғамнан, әлеуметтен алыстап кетеді. Кейін психологиялық қиындыққа тап болып, өмір сүру деңгейі төмендейді. Мұндай адамдардың өмірі қысқа болу ықтималдылығы жоғары. Қазір елде құлақ ауруларының барлық түрін емдеуге мүмкіндік бар. Саңырау боп туған балаларға да сәтті операция жасалып жатыр. Медицинаға жаңашылдық әкелсек, елге пайдамыз тиіп жатса, бізге үлкен мәртебе. Біздің бөлімшедегі дәрігерлер операция жасаған науқасты өзі қадағалайды. Әрине, науқастарды жергілікті емхана деңгейінде қарауға жіберуге болар еді. Бұл – әріптестерге сенбегеннен емес, өзімізге жауапкершілік алғаннан.
– Енді осы тәжірибені елдегі әріптестерге үйрету ойда бар ма?
– Әрине, бар. Өңірлерден операцияға қатысып, көріп, білсек дейтін дәрігерлерден ұсыныс түсіп жатыр. Қасымда жүрген үш резидент эндоскопиялық операцияны жақсы біледі. Жоқ дегенде 50 операцияда қасымда тұрды. Келешекте студенттерге дәріс беру де ойда бар. Өйткені оториноларингология бағытында әлі де болса іске асыратын жұмыс көп.
Неге екені белгісіз, қазір елімізде отандық медицинаға сенімсіздікпен қарайтындар бар. Бүгінде квота арқылы түрлі аурулар тегін емделеді. Мейлі, кезек бір жылда келер, бірақ 40 жыл дұрыс естімей шыдап келіп, операцияны лезде шетелде жасатуға не түрткі болды екен дейсің кейде. Шетелде баға қымбат әрі ешкім кепілдік бермейді. Оны көріп, біліп жүрміз. Елде кезек күткісі келмесе, ақылы жасатар болса, шетелдегіден үш есе арзан шығады. Кореяға барып, өзімізге қайтып келген талай азаматты көрдім. Басқасын білмедім, құлаққа операция жасатқандар бағаның қымбат екенін, ешкім кепілдік бермейтінін айтады. Осыған қарағанда шетелдің жарнамалары біздің ақпараттық кеңістікке салқынын тигізіп отыр. Өз тәжірибемнен төрт пациентті алсам, оның екеуі Ресейде операция жасатыпты. Нәтиже шықпай, бізге келді. Сол секілді Кореяда, Өзбекстанда операция жасатқан пациенттер жүгінді. Шетелдегі нәтижесіз операцияларды өзіміз қайта жасадық.
Мен қандай ортада да біздің дәрігерлердің деңгейі шетел дәрігерлерінен еш кем емес деп айтып жүремін. Әрине, мың жағдайдың бірінде пациентке жасалған операция, емшара қонбауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайдың көбінде нәтиже пациенттің өзіне, ағзасына байланысты. Әйтпесе хирург күнде жасап жүрген операциядан жаңылуы мүмкін емес. Бірді-екілі «шулы» ақпараттар ел медицинасының имиджіне теріс әсер етеді. Операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға болады. Тек қайтқан адамды кері қайтара алмайсың. Басқа жағдайдың бәрінде дәрігерлер қолдан келетін шараны жасап бағады. Сондықтан медицинаның қай саласында болсын емдеуге келетін ауруларды шетелде емес, елде емдеген дұрыс. Дәрігерлерді пациенттердің алғысы, ілтипаты жігерлендіреді.
– Қоғамның қай саласында да білікті маманға сұраныс жоғары. Адам жанының арашашысы дәрігердің үнемі ізденісте болуы керек екені айтпаса да түсінікті. Бірер жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасымен Литвадағы Сантаришкес университетінің клиникасында тағылымдамадан өтіпсіз. Оның сәті қалай түсті?
– «Болашақ» бағдарламасымен бір жылдық тағылымдамадан өту мүмкіндігі туғалы оның шарапатын түрлі салада біз құралпы жастар көре бастады. Ашық ақпараттан тағылымдаманың басты талабы туралы білген соң, Астанада медицинаға қатысты өткен шеберлік сабақтарының бірінде Литваның профессоры Евгениус Лесинскаспен танысқанымды есіме алдым. Онымен Астанада бірге операция жасап, көзіне түскенім бар. Операциядан кейін де салаға қатысты біраз мәселені кеңестік. Содан телефон нөмірін қалдырып, мазалаған сұрақ туса, кез келген уақытта хабарлассаң болады деп ілтипат білдірген. Профессорға хабарласып, бағдарлама туралы айтқанымда сөзге келмей, келісімін берді. Көп ұзамай құжаттарды түгендеп тапсырдым. Емтиханның барлық бес кезеңінен сүрінбей өттім. Оқу барысында мемлекет төлеп отырған стипендия өзіме толық жетті. Евгениус Лесинскасқа тағы бір риза болғаным, ол маған зор сенім артты. Жыл ішінде 50 шақты құлақ операциясына қатыстым. Кетерімде сол елде қалып жұмыс істеуімді қолқалады. Іштей қуаным қалдым. Дегенмен ұстазыма алғыс білдіріп, елімнің алдында қарыздар екенімді айтып жеткіздім. Ол да менің ниет-тілегімді түсінді.
– Шетелге шыға қалсақ, өз елімізбен салыстыратын әдетіміз бар ғой. Ондағы мақсат, үлгі алатын тұсы болса үйреніп, олқы тұсынан жирену болса керек. Шетелде тұрып, оқып келген маман ретінде қандай артықшылығын байқадыңыз?
– Вильнюс қаласындағы Сантаришкес университетінің клиникасы Литвадағы ең озық медициналық орталық саналады. Орталықтың құрал-жабдықтары, технологиялық жетістіктері, жарақтандырылуы, мүмкіндіктері Президент Іс басқармасы медициналық орталығымен деңгейлес. Артықшылығымыз болмаса, қалыс қалған жеріміз жоқ. Біз де соңғы үлгідегі шетелдік технологияларды пайдаланамыз. Дәрігерлер де кіл мықты, деңгейлері өте жоғары. Айталық, оториноларингология хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Арман Кәкімжанұлы – әмбебап дәрігер. Құлақ, тамақ, мұрынның операциясы деп бөліп-жармай, бәрін жасай береді. Сол секілді тамаққа жасалатын операцияларға маманданған Дмитрий Когайды жұрт жақсы таниды. Мұрын қуыстарына жасалатын операцияларды жетік білетін Әлия Мұхамеджанқызы бар. Өзім де мұрын, тамақ, құлақ операцияларын жасай беремін. Бірақ мұрын мен құлаққа көбірек операция жасап, сол бағытта ізденемін. Әрине, өзге өңірлерде де мықты лор дәрігерлер жетерлік. Бірақ қалай дегенде де, технологиялық қамтамасыз ету жағынан Президент Іс басқармасы ауруханасының деңгейі өте жоғары. Мұнда барлығы дерлік шетелде білімін шыңдап, медицианаға жаңалық әкелсем, көпке пайдам тисе деп жүрген дәрігерлер.
– Жалпы, хирургияның тармақтары көп қой. Нақ осы оториноларингология бағытын таңдауға не түрткі болды?
– Бәрі де 2004 жылы Астана медицина университетіне оқуға түскеннен басталды. Оған дейін анамның бала жастан «қолыңның ебі бар, түбі хирург боласың-ау» деген сөзі құлаққа сіңген. Мектепте спортпен шұғылданып, студенттік шақта да тәуір нәтиже көрсетіп жүрдім. 4-курста сабақ кестесіне сай лордың қысқа циклді курстары басталды. Бір қызығы, дәл сол лордың апталығында джи-джитсудан Алматыға жарысқа кетіп, сабақтан қалып қойдым. Спорттың осы түрінен ел чемпионатын жеңіп, әлем біріншілігінде күміс медаль олжалағаным бар. Алматыдағы турнирде де бағым жанып, бірінші орын алып келгенде ұстазымыз, профессор Талапбек Әженов «Міне, жігіт! Жарайсың! Бірінші орын алғаның үшін саған лордың емтиханынан жақсы баға қойып берейін» деп арқамнан қақты. Оқытушының мейірімін көріп, мақтауын естіп, бірінші рет «оңай баға» алған қуанышымда шек болмады. Спортпен не қоғамдық жұмыспен оқытушы үшін емес, өзің үшін айналысасың ғой. Оның үстіне талабы жоғары ұстаздан жеңілдік күтпегенім рас.
Тағы екі жылды артқа тастап, 6-курсқа келгенде дәрістерді түгел №1 қалалық ауруханада өтіп жүрдік. Операция бөлімшелерін аралап, көзбен көрген соң, жалпы хирургияға, травмотологияға барғым келмеді. Кенет тағы бір операция бөлмесінің есігі айқара ашық тұрғанын аңдадым. Ойымда дәнеңе жоқ, әлгі бөлмеге кіріп барып едім, бұрыннан таныс лор профессормен ұшыраса кеттім. «Сен біздің студент емеспісің» деп сұрады. «Иә», дедім. «Сен бала лор боласың, кел, операция жасап жатырмыз. Қазірден көріп-біл, көзің үйрене берсін», деді жылы шыраймен. Сол кезде медицинаның басқа бағыттарына шақырған дәрігерлер болды. Бірақ өзім әлгі оперциядан шыққан соң лор боламын деп шештім. Дәрігер болатыным анық еді, бірақ оториноларингология бағытын таңдауға ұстаздар себепші болды.
Резидентураны тәмамдап, елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында еңбек жолымды бастағанда бөлімше меңгерушісі Алмат Бекманның шапағатын көрдік, тәлімін алдық. Салада үлгі тұтатын, ардақтайтын кісілердің бірі деп сол Алмат Жақсылықұлын айтар едім. Ал Талапбек Әженов ұстазымыз қазір Президент Іс басқармасы медицина орталығының бас лор дәрігері, Астана медицина университетінде лор кафедрасының меңгерушісі. Жұмысына адал хурург-дәрігер операция жасаудан да қол үзген жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен –
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»