• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Діни нысандарды қорғауға арналған жаһандық жиын

45 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық конференциясында сөз сөйледі. Іс-шара діни нысандарды қорғау мәселелеріне арналды.

М.Әшімбаев киелі діни нысан­дар адамзаттың мента­ли­тетін, этикасын, өткенін та­ну­ға қажетті маңызды рухани және тарихи-мәдени мұра еке­нін атап өтті. Олар айрықша ұлт­тық және өркениеттік кодты сақтауға ықпал етеді. Сон­дық­тан Сенат спикері БҰҰ Өркениеттер альянсының және Португалия Үкіметінің бастамасымен өтіп жатқан Жаһандық форумның күн тәртібі қазіргі сын-қатерлер аясында ерекше мәнге ие екенін айтты.

Бұл ретте БҰҰ-ның діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарары туралы сөз болғанын атап өткен жөн. Қазақстан 2023 жылы БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге аталған құжаттың тең авторы болды. Қарарда діні немесе наным-сеніміне байланыс­ты адамдарға қарсы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, мәдени орталықтар мен ғибадат орындарына нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің айыпталатыны туралы айтылған.

«Болашақ ұрпақ үшін қо­лы­мыздағы баға жетпес құн­ды жәдігерлерді сақтау аса маңызды. Осы орайда бү­гінгі конференция аталған жаһандық мақсатқа жету жо­лындағы маңызды қадам екені анық. Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының конфес­сияаралық диалогке ықпал ету, діни рәміздерді қорлауды айыптау туралы қарарын және БҰҰ-ның 2023 жылғы Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайды. Біздің еліміз аталған маңызды құжаттарды әзірлеуге белсенді қатысты. Халықаралық қауым­дастық онда көрсетілген қағидаттарды ұстануы керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге үнемі баса мән беріп келеді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Үкімет­тердің, азаматтық қоғамның, дін көшбасшыларының және әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін ортақ іске жұмыл­дырудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерді еңсеру, халықтар, мәдениеттер мен діндер арасында диалог қалыптастыру, өңірлік қақтығыстарды, діни жанжалдар мен этносаралық алауыздықты тудыратын, діни нысандарды қорлауға үндейтін рухани тоқырауды болдырмау үшін қажетті кешенді тәсілдерге де назар аударылды.

«Экстремизм актілері мен дінаралық шиеленістер көбіне алалаудың салдарынан және диалогтің болмауынан туындайды. Бұл факторлар ықтимал қақтығыстарды одан әрі арттыра түседі. Алайда осындай конференция сияқты жаһандық диалогтер өзара түсіністік пен сенімге ықпал ете алады. Бүгінде зардап шеккен діни нысандарды қалпына келтіру ісінде қаржы тапшылығы маңызды проблема болып отыр. Өйткені бұл жұмыс көбіне қымбат және техникалық жағынан күрделі екені белгілі. Осыған байланысты халықаралық деңгейде қаржылай қолдаудың маңызы зор. Жалпы, мемлекеттер алдын алу шараларын әзірлеу жолында бір-бірімен, ЮНЕСКО-мен, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасымен және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатуы қажет деп есептейміз», деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы.

Бұған қоса М.Әшімбаев Қазақстанның рухани дипломатияны ілгерілету, елдегі конфессияаралық бейбітшілік пен бірлікті сақтау, діни нысандарды қорғау жолында атқарып келе жатқан жұмыстарына және Парламенттің осы бағыттағы заң шығару қызметіне тоқталды.

«Қазақстанда 100-ден аса этностық топ тұрады және 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі бар. Сондай-ақ елде мешіттер, православие, католик, протестант шіркеулері, синагогалар, бахаи мен кришнайттердің ғибадат үйлері және Будда храмдары сияқты 4 мыңға жуық діни нысан қызмет көрсетеді. Біз осындай әралуандықты бағалаймыз және діни нысандарды қорғау үшін құқықтық базамызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Сонымен қатар Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу арқылы дінаралық диалогті  халықаралық деңгейде белсенді түрде дәріптеп келеді. 2025 жылы өтетін келесі съезд «Діндер диалогі: болашақ жо­лын­дағы синергия» тақыры­бына арналады және ол дін­ара­лық толеранттылық пен өзара түсіністікті одан әрі ны­ғай­­туға ықпал етеді деп сене­міз», деді М.Әшімбаев.