Астанада 22-24 қараша күндері «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында IX спартакиада өтті. Таласты да қызықты сайыстары барша қатысушыға жарқын көңіл күй сыйлаған аламан доданың Суперкубогін биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жеңіп алды.
Жалпы, есептегі ең үздік командаға марапатты 800 метрге жүзуден 3-орын алған «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов табыстады. Екінші орынды «ҚазМұнайГаз» командасы иеленсе, қола жүлдені «Самұрық-Энерго» құрамасы еншіледі.
«Спартакиада бұл жай ғана спорт емес, біздің қоғамдық өмір мен корпоративтік мәдениетке қосқан үлесіміз. Әріптестеріміз сайысты, бақ сынасты, бірақ сыйластықтан ажырамады, нәтижесінде достық жеңіске жетті. Осы орайда ІХ спартакиаданың Суперкубок иелерін құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға бақыт, бастарыңызға амандық тілеймін. Биіктерге бірге жете берейік, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!», деді жеңімпаздарды құттықтаған «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басшысы.
Бас төреші Петр Белый мен ардагер спортшы Серік Әбілғазиевтің ант беру рәсімінен басталған ауқымды шараға 15 компанияның 900-ге жуық қызметкері қатысты. «Самұрық-Қазына» – ел экономикасына қомақты үлес қосудан тыс, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке де ерекше мән беретін елдегі ең ірі жұмыс беруші. Оның компаниялары тобында бүгінде 250 мыңнан астам адам қызмет етсе, олардың 230 мыңы – өндіріс саласының жұмысшылары, ал 84 мыңнан астамы – жас маман.
Қордың тек денсаулықты жақсартып, корпоративтік рухты асқақтатып қана қоймай, кәсіби шеберлік пен жұмыстың тиімділігіне де оң әсер ететін басты спорт шарасында 11 спорт түрінен 210 медаль сарапқа салынды. Жоғарыда аталғандардан тыс, спартакиадаға «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «KEGOС» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС, «Түркістан» БГҚ, «PSA» ЖШС, «Samruk United» құрама командасы қатысты. Еліміздің жетекші компанияларының спортшылары ең мықты атағын сарапқа салып, жеке спорт түрлері: үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күрес, жүзу, командалық спорт түрлері: шағын футбол, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату, киберспорт бойынша өзара бақ сынады.
Белсенді әрі саламатты өмір салтын насихаттап, еліміздің барлық аймағынан «Спортқа «Иә!» де» ұраны аясында бас қосқан түрлі қызмет пен әртүрлі жастағы еңбек адамдары үшін нағыз мерекеге айналған дүбірлі жарыс барысында тұтас отбасылар жанкүйерлік танытты. Ата-әжелері мен ата-аналарына еріп келген балаларға бөлек, танымдық, ойын алаңқайлары ұйымдастырылды. Жеңісті сәттермен бірге жеңілістің дәмін татқандардың да жүзінен реніш байқалмады. Себебі өзара сыйластығы, бірлігі мен достығы жарасқан шараға қатысушылар өзінен бұрын басқалар үшін қуанып, қошемет білдірді командасы үшін барын салып, үзеңгілестерінің абыройы мен намысын қорғауды ойлады. Оның үстіне, Мемлекет басшысы келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны аян.
Фархад Нұрмұхамед,
теміржолшы, волейболшы:
«Ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз. Осының бәрі еңбектің арқасы. Күніне екі мезгіл жаттығу жасап отырдық. Жеңісімізге қуанып жатырмыз».
Татьяна Афанасьева,
«Самұрық-Энерго» спорт әдіскері:
«Біз спартакиадаға дайындыққа нақты бір уақытты белгілеп, жиналып отырдық. Көбіне ол кешкі уақыт. Басқа уақыт бізге ыңғайсыз. Себебі біздің қызметкерлер үш немесе екі ауысымда еңбек етеді».
Балмира Бекбосынова,
«Бесасық» ойынының төрешісі:
«Биыл ойыншыларымыздың жақсы дайындалып келгені байқалады. Асығы алшысынан түскендердің арасында жаңа есімдер көбейді. Ұлттық спортты ұлықтаған «Самұрық-Қазына» жарады».
Юрий Нуштаев,
«QazaqGaz» спортшысы:
«Қол күрестен 2014 жылдан бастап қатысып жүрмін. Бұл спартакиададағы қарсыластарым өте мықты болды. Сондықтан биыл үшінші орын алып қалдым».
Бекжан Тұртай,
ҚТЖ киберспортшысы:
«Спартакиадаға киберспорт деген спортты қосқанына рахмет! Осы өткен үш күн ішінде «энергия» күшті болды».
Нұрдана Сәкенқызы,
«Samruk united» құрамасы:
«Спартакиада өте керемет өтті. Алдағы уақытта да спортпен шұғылдануға зор ынта-жігер береді. Біз жұмыста отырғанда уақыттың қалай өтіп жатқанын байқап та үлгермейміз. Ал шын мәнінде спорт – өміріміздің маңызды бөлігі».
Бауыржан Төле,
«Qazcloud» футзал құрамасының мүшесі:
«Бізге бұл жарыстың маңызы зор. Себебі жыл сайын қатысып жүрміз. Бұл іс-шараның ұйымдастырылуы да әрдайым жоғары деңгейде, баршаға қатты ұнайды. Бүгінгі жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Аптасына 3 рет жаттығамыз. Сол еңбектің жемісін көрдік деп сенеміз».
Спорттық жетістіктерден басқа, спартакиада қайырымдылық, экологиялық бастамаларға да сеп болды. Әрбір қатысушы мен жанкүйер мектептерде инклюзивті кабинеттер ашуға қаражат жинауға үлес қоса алатындай ақпараттық тақталарда арнайы QR-кодтар орналастырылды. Сонымен қатар ұйымдастыру алқасы қатысушыларды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаға қамқорлық танытып, тазалық сақтауға, пластик өнімдерді аз қолдануға шақырды.
Басты құндылығы адам өмірі мен денсаулығы саналатын қор қарамағындағы компаниялар тобынан тыс, ел көлемінде бұқаралық, инклюзивті спорттың қарқынды дамуына қолдау көрсетіп келеді. Оған дәлел, бүгінде бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы кейінгі бірнеше жылда өңірде 40-қа жуық қазіргі заманғы спорт кешені мен ойын алаңы салынып, бұқаралық спортпен 90 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде ауыл жастары қамтылды.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ