«Осыған тоқтадым! Болды! Уәдемде тұрамын, Гүлнәр апа!» Батырбек таңғы тәтті ұйқысынан бастырылыққандай азаппен селт етіп, қалшылдай оянды. Жүрегі зуылдап, ұсқыны қашып, тұра жүгіріп мұздай су құйынды. Мең-зең күйден лезде сергіп, таңғы шайын шапшаң ішті де, кеңшар кеңсесіне тартты.
Көзі әдеттегідей анадайдан ауыл ортасында томпиған жас қабірге түсті. Топырағы қобарсып күреңіте көрінеді. Мал аяғы тимесін деп арматура шыбықтарымен қоршай салынған еді. Күнде көзін түрткілейді. «Обал болды-ау, обал болды!», деп Батырбек іштей намысына буылып, жіпсіген маңдайын алақанымен сорғыштады. Гүлнәр апасына берген уәдесіне де міне, екінші жыл ауып барады. Өзгерген дәнеңе жоқ...
Өзінің осы «Бидайық» кеңшарына директор болғанына да осынша мерзім өтіпті. Отыз сегіз жасында тізгінін ұстаған. Бұған дейін аудандық, облыстық өрт саласында инспекторлықтан бастап, жоғарылай түскен албырт жастың тәжірибелік алаңына айналғандай болған осы кеңшардың машина-трактор шеберханасын басқарды, бас инженерлік тауқыметін көтеріп, толысып пісті, шыңдалды. Енді міне, тұтастай бір ауылдың тағдыры өзіне жүктеліпті. Және де қандай кезеңде дейсіз ғой. Егемендіктің елең-алаңындағы аласапыран шақтың, тоқсаныншы жылдар дүрбеліңінің ыстық-суығынан, төтеннен ұсынылған жекешелендірудің жан жабырқатар жықпылдарынан халқын жасытпай жігерлендіре білу, ұнжырғасы түскен жұрттың сенімінен шығу оңай болып па? Мұндай өт қағар өткелектен ел болмысын тұқыртпай аялау жас басшының іскерлігіне, рухани өршілдігіне, ұйымдастырғыш ұшқырлығына, тіпті түйіп айтсақ, жан-дүниесінің жомарттығы мен мейірімділігіне һәм сапаласа қабысып жататын.
Кеңсеге кіре беріп алаңқайдағы жас төмпешікке тағы бір назар салған Батырбектің есіне Карелиядан жеткізілген әкесі Міржақыптың мүрдесін жер қойнауына табыстаған қаралы сәттен соң, құрғап үлгермеген көзінің жасын парлатып тұрған Гүлнәр апасының: «Батырбек, қалқам-ау, кеңшардың бас инженері ретінде біраз іске құмбылсың ғой, Алаш арысының басын кешіктірмей көтеруге де сайланып жүрерсің», – деген аманаттан бетер қайраулы сөзі қайыра түсіп, ұяттан бетін басқандай болып жүзін бұрып жіберген. Иә, иә, бастапқы кесілген ату жазасы жұмсартылып, Сосновец лагерінде он жылдық мерзімін өтеп жүрген Міржақыптың туған жерін сағынып торыққанда «Жаза көр топырақты елден, Алла!» деп тәу еткендегі үміті сыртта жерленген 57 жылдан соң ақталғандай еді. Бұл қаралы жерлеудің басы-қасында болып, ұйымдастыру іс-шараларын қапысыз атқарысқан Батырбек араға он күн түскенде, директорлық орынтағына жайғасқан-тын. Мұнда қандай беймәлім сыр бар еді, бәтір-ау!..
Кабинетіне кіргесін әдеттегідей бас мамандар жинала қалғандағы алғашқы сөзі:
– Сіздердің шымбайларыңызға батпай ма? – деген жалғыз сұраққа тірелді.
Бәрі аң-таң. Былайша өндірістік мәселелерді дереу шешудің өрен жүйрігі қызыл сөзді малташа езіп отырмай, нақ па нақ талап ететін, мамандардың мүдірген тұстары болса, жөн-жобасын өзі діттеп беретін. «Мына жұмбағы не?» – десіп, абдырап қалсын бәрі.
– Сіздердің шымбайларыңа батпай ма? – деді тағы директор, оларды орасан бір іске жұмылдырғалы тұрғандай бекемдікке шақырып. – Байқаймын, осы мәселеге қатысты біреуіңіз жанашырлық бірдеңе айттыңыздар ма? Жоқ! Сонда не болғанымыз? Тамақ асырарлық шаруаны ғана күйттеп, рухани мұқтажымызды мүлде естен шығарғанымыз ба, түге? Ұлттық мүдде ойсыраса, болашағымыз не болмақ? Кешегі алаштықтардың армандаған бүгінгі тәуелсіздігінен не береке-қайыр десейші! – Батырбек әдейі сөзін созбақтап, отырғандарды іштей ширықтырып, рухани әуселелерін бір байқайын дегендей, аракідік тосылып, әрқайсысына барлай қарап, сөзін былайша тежеді. – Не істеуіміз керек енді? Айтыңыздаршы?
Осы екіұдай мезетте құрылыс прорабы қолын көтеріп:
– Рас, шымбайымызға батып жүр! Орынды ескерту айттыңыз. Міржақыптың басын созбақтамай жедел көтерсек, абырой болар еді, 110 жылдығы да қыр астында тұр, – деді баршасының көңіл көзін түртіп оятқандай болып.
Басқалар да директордың манадан бергі кең толғап ой салған әңгімесінің аужайын енді түсінгендей бастарын шұлғып, қуаттайтындарын сездіріп жатыр. Бірақ Батырбектің дәл осы тұста үнсіз қалғаны оларды тағы бір сынаққа салғандай болды. «Неге өйтті екен?» деп, елеңдесе қалыпты. Бір-біріне қарасып, әлдене сыр іздейтіндей. Осындай ойлар шарпысқан кідірісті пайдаланып Батырбек Гүлнәр апасының бір өтінішін іштей пысықтап саралап, келесі кеңестің желісіне ыңғайлай бастап еді. Сол жолы апасы мұның кеудесіне жетер-жетпес төбесіндегі тақиясын түзеп қойып: «Батырбек қалқам-ау, әкемнің кесенесінің маңына шағын мұражайын да ойластырып қойсаң жөн болар еді, алыс-жақыннан келімді-кетімді кісілер соғып, рухани ләззаттанар еді», деген өтінішін де қыстырып жіберген. Алдағыны алыстан ойлайтын айналайын апасының осы сөзі есінен бір шыққан емес. Қазір де соған орайғы ой сарабын екшеп, соны жүзеге асыратын жолдарын екшеген жайы бар. Сондай сергектікпен ол маңайына келесі бір сауалдың сыңайын аңғартты:
– Дұрыс екен, тағы нендей ұсыныстарыңыз бар?
– Күмбезді кесененің алдынан қақпасына дейін тас табан жүргінші жолын тартып қойсақ!
– Кең қоршап, жасыл желекке бөленетін аллея жасасақ артық етпейді!
– Е, орынды, сол жол қапталына Алаш арыстарының портреттерін жайғастырсақ, қатып кетер еді! – дескен бас мамандар болар істің қызуын сезінгендей қозғалақтап, серпілісіп қалды.
Бұлардың осындай сапырылысқан ой ұшқындарынан кенет оқыс идеялар туындатып алып, дегеніне икемдей шешім жасауға әдеттенген Батырбек әрқайсысына қабағын кергілей қарады да енді созбақтаудың қажетсіздігін аңғарып, нүктесін қоюды жөн көрді:
– Бауырларым-ау, бұл кешенге шағын да болса, бір мұражай қоссақ деген өтініш Гүлнәр апайдың аузымен айтылып еді! Қалай қарайсыздар?
– Дұрыс қараймыз! – деді бәрі бірауыздан қопарыла қостап, бастық ұсынысына мәз болған күйі. Күлкілерімен де демеп, бөлме ішін күмбірлетіп жіберді. Мұндай ортақ шешімге шаттана білуді осы жас бастықтың өзі қалыптастырғанын бәрі іштей сезіп, оған мейірлене қарап, алғыстарын жаудырғандай еді.
Ал Батырбек болса, ішкі ойының иіріміне кейбір келеңсіздікерді іркіп қалып, «түбі, осы жағы қалай болар екен?» дегендей күдікпен ой арпалысына арбалғандай еді. Мына Бидайық Міржақыптың ата-жұрты Қызбелден бөлінген шағын елді мекен ғой. Нарық заманында кейінгі тағдыры нешік болмақ? Аумалы-төкпелі екенін ішкі түйсігі аңғартып, алаңдайтыны содан. Осындай әрі-сәрі себеппен аудандық, тіпті облыстық басшылыққа Міржақып мүрдесін аштық зобалаңдарында да Сарықопаны мекендеп, балығымен қорек жалғап, қала жағалап маңып кетпей тұтастығын сақтап қалған өзінің кіндік қаны тамған Қызбел ауылына немесе қарт Торғайдың мұражайлар кешені маңындағы күрескерлер қорымына табыстауды құлақтарына салудай-ақ салған. Бәрі сырт айналды. Өзінің атындағы кеңшарды қолайлы көрді. Тіпті бір күпінген шенеуніктің өзін оңашалап алып, «Ауыл ортасына мола салып жатырсың, кейін басқа қосымша бірдеңелерін қопсытып, жалпақ қорымға айналдырып жүрмеңдер!» деп үзілді-кесілді доқ көрсеткенін Батырбек қалай ұмытсын. Жасыратыны жоқ, Гүлнәр апайдың күмбез бен мұражай көтеру ұсынысы мен әлгіндей билік тарапынан көрсетілген құқай алма-кезек миын шағып, біразға дейін нақты шешім жасай алмай жүргенін сыртқа жаймай, іштей тұншыққан сыңайы бар еді. Сол кедергінің бүгін қиюы қашып, жасқаншақтықтан жасампаздыққа ұласқан сәтті күні туған-тын...
Иә, нәтижесі де алабөтен айбынды әрі айдынды болды. Батырбектің өзі қадағалап ауыл шебері Сейдағали Жұмабаевқа салдыртқан қос кешен анадайдан көз тартып, мұң мен мұрат үндестігіне сай сабырлы қалпын Алматыдан Гүлнәр апай бастаған қадірлі қонақтар келіп, әке рухына тәу еткенде де жүректерден суырылған мейрімділік әуені мен шапағат сәулесіне малып-малып алғандай жарқырап тұрған. Тіпті Токиодан әдейі жеткен жапон ғалымы Томохико Уяма өзінің кандидаттық жұмысын Міржақыптың «Оян, қазақ!» пассионарлық еңбегінен қорғағанын айтып, қазақша сайрап, өлеңдерін жатқа соққанда Бидайық төбесі көкке бірер елі жетпей желпінген.
Міржақыптың туғанына 110 жыл толуына орай сәйкестендіріп өткізілген бұл мерейтойлық іс-шара қазақ елі айта жүрерліктей тағылымды һәм парасатты болды. Жас басшы Батырбек Ахметовтің абыройы аспандады. Аламан бәйге болып жатқанда оның қасында бәйек таппай күйгелектеніп отырған Гүлнәр апайға Батырбек:
– Сонау құла байтал алдыны бермей келе жатыр, апа! – деп құлағына төне айқайлаңқырап дауыстағанда, апасының көз шарасы жасқа мөлтілдеп айтқаны бар: –Е-е, бауырым-ай! Сол өзі әкемнің ұсталар алдындағы өсиетімен баяғы Қызылордадан Қызбелге жеткізілген Алакөз атының тұқымы болмаса не етті? Бәйге алдында Бәйеке ағам солай айтып жүрді ғой!
Батырбек «иә, сондай да дәлелді сөз бар ел аузында» дегенше болған жоқ, әлгі құла байтал мәре сызығынан созыла керіліп, құйындата өтіп еді.
– Апа-а-а! Алакөздің тұқымы бірінші келді! – деп апасының жаурынынан түйіп қала жаздап орынан ұшып тұрған Батырбекті кейуана кемсеңдеген күйі құшағына қыса берді...
Дүркіреп өткен Міржақып тойынан кейінгі кезең Батырбектің аяқ-қолы жерге тимегендей шапшаңдықпен қызмет бабындағы өсуіне ұласты. Өрге тартқан былайғы баспалдақтарды ескермегенде, Алтынсарин, Жанкелдин аудандарының әкімі, Қостанай облыстық әкімдігінің басқарма бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Қай өңірді басқарса да адамгершілігі мен азаматтығынан жүлгеленген болмыс-бітіміне сай халық жағдайын ойластырды, әр жүрекке келешектің маздақ отын жаға білді, үмітін әспеттей үкіледі. Ауыл шаруашылығын дамытудағы берекелі ізденістерінде батыл шешімдерге сүйенді. Егіншілікті агротехниканың соңғы үлгілерімен үстемелеп, мал құтайтуда ата кәсіптің сырларын жаңғырта сіңірді. Қандай жаңашылдыққа да бастапқыда үрке қарайтындар табылады, солардың көзін түпкі нәтижеге ерте бастан жеткізу үшін батыл қадамдарға өжеттікпен баруына тура келді. «Мұнысы несі?» деп шошына қыпылықтағандар кейін Батырбектің «көз қорқақ, қол батырлығының» нәтижесіне разы болып, өздері де сондай кесек мінезді болуға талпынып бағатын әдетке бейімделді. Мұндайда іс тіптен берекелі бола түседі екен.
Бүгінде жетпіс жастың белесіне көтерілген Батырбек Мықансалықұлы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қостанай облыстық филиалының төрағасы ретінде үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен танылуда. Бұл лауазымның да өзіндік тылсымы, құпиялы тұстары жеткілікті екен. Әркімнің бақытты қарттығын қамтамасыз ету үшін алдымен жүрек мейіріміне шомылдыру қажет тәрізді. Қастерлі ақылмен, ыстық жүрекпен, бұлқынған қайратпен ардагерлерді мәпелей білу, ендігі өмірінің мәніне айналған. Жасы еңкейгендердің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіре жүріп, өзінің де есею кезеңдерін толайым етіп, кейінгі буынға дарытудың амал-тәсілдерін қапысыз қарастырады. Ғасыр жасаған марқұм Шәңгерей Жәнібековтің Алматыдағы үйіне барып, әңгімелескені өзінің ғана емес, бүкіл ардагерлердің өмір дастанына айналғандай болды. Ал еліміз су шаруашылығының атасы іспетті көнекөз қария, білім-тәжірибесі дария Нариман Қыпшақбаевтың ақыл-кеңестерін тыңдауға әлі күнге құмартып тұрады. Солардан ілгенін, білгенін күнделікті істерімен ажарлайды. Мұндай сан-салалы тағылымды ісіне өткен жолы облысқа арнайы келіп филиал жұмысымен танысқан «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Бақытқожа Ізмұхамбетов разылық танытқан еді.
Батырбек өзінің Бидайығына жиі ат басын бұрып тұрады. Былтырғы су тасқыны кезінде аралда қалған Қызбелге облыстық төтенше штабтың құрамында көмек қолын созу мақсатымен әлденеше рет барғанында да Бидайық жағдайын назардан тыс қалдырмаған. Міржақып ауылы баяғы өзі қауіп еткендей, он шақты отбасымен, бастауыш мектебімен қалт-құлт күнін кешуде. Міржақып мазары мен мұражайына мадияр әулетінің ұрпағы Нағашыбай Аралұлы шырылдап шырақшы боп жүр.
Есті сөз естен кетер ме? Гүлнәр Міржақыпқызының айтқаны бар еді. Алпамса денелі, бойы сырықтай, көркем жігітті алғаш көріп жете танысқанда «Е, өзің туған нағашың Сұлтанбектен айнымай қалыпсың ғой», деп алып Батырбекке біраз естеліктің басын қайырған-тын. Сұлтанбек Әбеуов жазушы Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының басты кейіпкері Бүркіттің прототипі болатын. Ал Әбеудің бір қызы Бөпіш – Батырбектің әкесі Мықансалықтың анасы. Бөпіш апамыз Хамитбек отағасысымен жарасымды өмір сүрді. Ел ағасы атанған, әзіл-қалжыңның ұстасы, ірі денелі Хамитбек аумалы-төкпелі сол заманның ерен күрескері ретінде бір жолы Міржақыптың да қолына түсіп қалып, аман қалғанын әсірелеп айтып отыратын болса керек. Осындай деректерді Батырбек аузынан естіген Гүлнәр апай таң-тамаша қалып: «Сен өзі текті тұқымнан жаралған асыл азамат екенсің-ау! Бәсе, қалпың өзгеше, сөз саптауың сара, ақылың дара бала екеніңді сезіп, қайран қалып жүруші едім. Қызылордаға оқуға келіп, әкемнің қолында тұрған Сұтанбегімнің туған жиені болдың ғой! Айналайын-ай, бетті әкелші, бері!» деп мейірлене сүйіпті оны.
Сол жолы Гүлнәр апай Батырбекке ешкімге тіс жарып айта бермейтін жан сырымен бөліссе керек. «Құлағыңды тақашы бері», деп оны өзіне икемдей түсіп: «Мен Орынборда тудым, солай айтып жүремін, бірақ метіркемді әкем Торғайдан алғызыпты. Онда туған жерім осы Саға ауылы деп көрсетілген. Елін ұмытып кетпесін деген сақтығы ғой, қайран әкемнің!»
Бидайықтан Қызбелге келе жатқан Батырбектің жанары сонадайдан сағымданған тау сілемдеріне сүрініп, көңіл масайтқан сансыз сұлулыққа одан бетер құмарлана түседі. Осындай сән-салтанатты көрініске елтігенде оның есіне «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов) романындағы нағашысы Сұлтанбектің (кейіпкер Бүркіттің): «...кейбір сүйриген шоқылар тұрады. Солардың ішінде ең ірісі – біздің ауылдар жайлайтын «Қызбел» белесі. Бұл ат бұл белеске жайдан-жай берілмеген: жазық далада сағымды күндері алыстан мұнартқан оның түрі, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесіне ұқсайды!.. Осы «дененің» кеуде тұсына қатарлана өскен екі тас діңгекті, тұрғын ел «Қыземшек» деседі...» деп туған жер келбетіне тебіренетін ыстық сөздері оралады да «беу, кімнің жүрегін жібітпеген туған жерім, Қызбелім!» деп астындағы боз айғырын тебіне түседі...
Сол сәтте Батырбектің қос жанары шырадай жанады...
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қостанай