• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:28

Тау тұлға асқақтай береді

21 рет
көрсетілді

Елімізде Алатау, Қаратау, Ұлытау сияқты биік, биік тау­ларымыз бар. Сонымен қатар қазақта рухымызды биік­ке көтеріп тұрған Әбіш таудың бары да хақ. Таулардың қалай пай­да болатынын біз ХХ ғасырда көзбен көрдік. Ол құді­ретті дарыннан пайда болады екен. Табиғи дарынға маңдай терін, жүректің лүпілін, еңбектің бейнетін, көкіректің қайғы-шерін қосқан талант қана жазушылық жолдан өтіп, жанының қанын ағызып, алпыс екі тамыры тебен инедей жіңішкергенше тал­май қаламын ұстап, адам баласы таңданарлықтай керемет кітаптар туғызады. Қазақтың маңдайына біткен асыл Әбіш аға нақ сондай суреткер.

Ағамен әлденеше рет кез­дескенімізде шал­қа­сынан қа­йыр­ған бұй­ралау шашы­нан қарттықтың ақ­шылт қы­рауы шала бастағанын, ақ кү­містей жарқыраған кең маң­дайынан шалқар қай­рат­ты шабыт пен жігердің, шы­ғар­машылық толысудың, ақыл мен даналықтың белгісін бай­қадық. Оның ой қоржынында айтылма­ған сырлар, жазылмаған жыр­лар, хикаялар сыңсып тұра­тын. Қаншама шығармалар жазды. Бірақ арамыздан кетсе де әлі де жазары да, берері де көп еді деп ойлаймын. ХХ ғасырда сүбелі ­туындыларымен елді елең еткіз­се, ХХІ ғасырда да жазушылар былай жазар болар деп қалам қары­мын көсілте түсті.

Кешегі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­сірепов секілді алыптар тобымен араласып, солардың батасын алған Әбіш Кекілбайұлы шынында да еңбекқор жазушы еді. Әрүрлі жауапты қызмет атқара жүріп, шығар­машылықпен айналыс­ты. Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Президенттің кеңесшісі, «Еге­мен Қазақстан» газетінің бас редакторы, Мемлекеттік хатшы, Пар­ламент Сенатының депутаты лауазымдарында бол­ғанда қо­лы­нан қаламын тас­таған жоқ. Оның мерзім­дік ба­­сы­лымдарда түр­лі тақы­рып­­та жарияланған тар­тымды дү­ние­­лерін бәріміз ден қойып оқи­тынбыз, әңгіме, өлең­дері, романдары, фило­со­фиялық тол­ғам­дары көр­кем тілі­мен, шебер­лігімен қызық­ты­ра­тын.

2002 жылдың қарашасында есімі түркі әлеміне әйгілі, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы жазушы Төлен Әбдіковтің ­60 жасқа толуына байланысты қонақ­тарды Қостанайға бас­тап келді. Меймандарды сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қа­был­дады. Жылы шырайлы қа­былдау үстінде Әбіш аға Өмір­­зақ Естайұлына баспадан жаңа ғана шыққан алты том­дық шы­ғармалар жинағын та­р­ту етті. Жиналғандардың түрін­де таң­да­ныс бар. Қат-қабат жұ­мыс істеп жүріп, шығарма жа­зуға уа­қыт тауып, қалың кітап­тар шы­ға­р­ып жатса, қайтіп таңдан­бас­сың?

Әбіш Кекілбайұлы бас­таған қонақтар Әлеуметтік академияға бас сұқты. Лев Толстой атын­да­ғы облыстық кітапханада оқыр­мандармен кездесті. Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Қостанай мем­ле­кеттік университетінде болып, Ақаң мұражайымен танысты, студенттермен және оқыту­шылармен жүздесті. Осы жерлердің бәрінде біз Әбіш ағамен бірге жүріп, ма­ғыналы сөздерін тыңдадық, дархан мінезіне тәнті болдық. Жазушының үлкенді қадірлеп, кішіні ізет тұтып, әйел баласын сыйлайтынын, ұлттық салт-дәс­түрлерді құрметтейтінін білдік. Көңілі қазақтың даласындай шалқар, пейілі кең.

Бұрын Мемлекеттік хатшы кезінде көмекшісі Тілекқабыл Боранғалиұлы арқылы сұхбат алғаным да есімнен кетпейді. Жоғары лауазымда жүрсе де алтын уақытын қиып, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұха­меджан Сералин негізін қалаған, көр­кемсөз шебері Бейімбет Майлин, ақиық ақын Сырбай Мәуле­нов жұмыс істеген облыстық «Қос­­танай таңы» газетін қас­терлеп сұхбат берді. Ағаға тән қамқорлық, бауырмалдық бар. Алғашқыда «Әбіш аға, халқымыз өзіңізден ұлағатты сөздер күтеді. Қалай өмір сүреміз? Не істеуіміз керек? Не үшін өмір сүруіміз қажет?» деген сұрақ қойылды. Сонда Әбіш Кекілбайұлы:

«Адамзат адамзат болғалы өмір сүру үшін талпынып ке­леді. Бі­рақ әр заманда тірлік ету әртүрлі мақ­сат, мұрат арқылы жүзеге асады.

Мен бүгінгі таңда қазақ хал­қы­ның алдында тұрған мін­деттер басы ашылған мәселе деп ойлаймын. Өйт­кені тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің өткен жолында көптеген елеулі оқиға болды. Оң өзгеріс көп. Көз­деген мақсатымызға толық жету үшін көптеген жылдың қа­жеттілігі құпия емес. Бұл үшін көзі ашық, көкірегі ояу зерделі әр азамат тарапынан үлкен қажыр-қайрат керек екені түсінікті. Бір кезде ұлы Абай атамыз айтқандай, алдымен мына жарық дүниеде өзің бастан кешіп жатқан жағдайды санаңның елегінен өткізетін салиқалы азаматтық уайым қажет. Сол арқылы өрге басқан істеріңе қуанып, кездес­кен кемшіліктерді анықтайсың. Ол да аздық етеді. Оның неге болғанын түсінетін тұжырымды түйін, ақыл бойыңда ұяласа жібер­ген ағаттықтарыңды түзе­тіп, бәрінен арылатының анық.

Ең бастысы соның барлы­­ғын түзеуге асыққан күн сайынғы нақты қарекет керек. Абайдың айтып кеткен сөзі­нің өзі осыдан ­туындайды. «Дүниеде бір Құдай­дан бас­қаның бәрі өзге­реді» деген қағида. Өмір болған соң өзгер­мей тұрмайды. Ал адам бала­сының міндеті сол өзгеріп жат­­қан өмірге байланыс­ты сана­­сын тереңдету, құлқын кемел­дендіру, қарекетін, күш-қуатын жігерлендіру болып табылады. Міне, қазіргі жағдайды осы тұр­ғыда есептеймін», деген еді.

Кейін осы сұхбат шыққан соң қолына газетті және «Мақпалды күндер» атты жыр жинағымды қолтаңбамен ұсындым. Мемле­кет­тік хатшы: «Бәріне рахмет! Өлеңді жаза бер, талабыңа нұр жау­сын. Марфуғаның да өлеңдерін оқып жүремін, жақсы жазады. Сендерге тілектеспін. Қандай тіле­гің бар?» деп сұрады. Мен риза­шы­лығымды білдіріп, тілегім жоқ дедім. Үлкен кісінің ыстық ықылас танытып, жақын тартып, жақсы тілек білдіруінің өзі неге тұрады?

Төлен Әбдіктің мерейто­йына байланысты Қостанайға келген сапарында кешкілік бәріміз қалаға жақын жердегі «Сосновый бор» санаторийіне бардық. Қараша айының суық күні, қар түскен. Бір кезде Әбіш аға «Есенгелді, далада бой жазып жүре тұрсақ қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Бірден келістім. Жанымызға жазушы Ғұмар Ахметчин қосылды. Бір сағат бойы далада жүрдік. Әбіш аға әдебиетке қалай келгені туралы, талай асылдармен бірге болып, солардың қамқорлығына бөленгені, бүгінгі әдебиеттің хал-ахуалы төңірегінде ойларымен бөліскен еді. Сөйлегенде өзі туып-өскен Маңғыстау же­ріндегі қарт Каспийдің телегей суындай ағып, көл-көсір төгіліп, мәнді, мағыналы сөйлейтін. Теңеулерді орынды қолданып, арасында өлең жолдарын келтіріп, шешендік шеберлік танытатын, қазақтың бай сөздерімен, сабырлы, байсалды мінезімен бәрімізді бау­рап алатын. Арада зымырап қанша жылдар өтсе де Әбіш ағаның сол даусы құлағымда, жарқын бейнесі көз алдымда.

2009 жылдың 5 желтоқ­са­­­нында Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында Әбіш ағаның 70 жасқа толған мерейтойы өтті. Еліміздің беткеұстар жазушысына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, омырауына «Алтын Жұлдыз» белгісі тағылды. Бәріміз қуанышқа ортақтасып, ду қол шапалақтап жатырмыз.

Сол сәтте осындай құрметке ерекше толқыған Әбіш Кекіл­байұлы: «Жер бетінде қалам­гер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жатқанда біздің елімізде ол бұрын­ғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда» деген еді. «Бұл «Алтын Жұлдызды» Мұхтар Әуезов ала алмай кет­ті, менен бұрын кемеңгер жазу­шы­мыздың алғаны дұрыс еді» деп тебіренгені есімізде. Ұлы Абайды күллі әлемге танытқан Әуезов талантына шәкірті осылай бас иген болатын.

Мен «жақсы адамдар өмір­­­­­ден неге кетеді екен» деп өкі­не­мін. Солардың қатарында Әбіш ағаның орны бөлек, тұлғасы ерек­ше көрінеді. Сегіз қырлы, бір сырлы, адамгершілігі мол, елін, халқын жақсы көретін, сол жол­да аянбай қызмет еткен аяулы ағаның жоқтығы қазір үнемі сезіледі. Ол туралы жазатын естелік әлі алда. Бұл сол есте­ліктің басы ғана. Бәріміз Әбіш әлемін әспеттеп, тамаша шығар­маларының ұрпақ­тан ұрпаққа жалғаса беруіне септігімізді тигізуіміз керек деп санаймын.

 

Есенгелді СҮЙІНОВ,

жазушы

 

Астана