Күні кеше ғана қол жеткізген өзара келісімдер Еуразия құрлығының кіндігінде орын тепкен екі елдің іргелес жатқан ұзын шекарасы ортақ сенімді одақтас пен сенімді серіктестікке серпін беріп отыр.
Бүгінде Ресейдегі халық санағында қазақтардың үлесі 10-орында тұр. Омбы облысында 70 мыңнан аса қазақ ұлтының өкілі бар. Оның 52 пайыздан астамы облыс орталығы Омбы қаласында тұрады. Егер Омбы облысы тұрғынының орташа жасы 38 жасты алсақ, қазақтың орташа жасы 32 жасты құрайды. Біз салыстырмалы түрде жас этноспыз, қазақ отбасыларында қазір орта есеппен 3-4 бала тәрбиеленеді. Әр сыныпта, мектепте, университет немесе колледждегі білім алушылардың әрбір бесіншісі – қазақ.
Ал Омбы – Ресейде оқитын Қазақстан студенттерінің саны бойынша 3-орында. Яғни жалпы шетелдік студенттердің 85%-ы деген сөз. Осы жылдан бастап ресейлік талапкерлер Ресейден шықпай-ақ Қазақстанның жоғары білім алуына мүмкіндік алып отыр. Ресейде Қазақстанның жоғары оқу орнының ашылуы омбылықтар үшін үлкен тосынсый болды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орнының бөлімшесі біздің қалада ашылуы кездейсоқтық емес. Өйткені Омбы – Азияның қақпасы, білім және ғылым орталығы болды. Дәл осы жерде қазақ халқын дәріптеген ұлы есімдердің тұтас тобы – Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұнайтпасұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұқан Айтпенов секілді алып тұлғалар оқып, білім алды, кәсіби түрде қалыптасу жолынан өтті. Екіншіден, оқу орнының халықаралық құқық және кеден ісі, филология, IT секілді сұранысқа ие мамандықтары омбылық жастар үшін ғана емес, Алтай, Астраханнан келетін әріптестеріміздің де көптен күткен сүйінші хабары болды. Өйткені олар өз балаларын қазақ тілі маманы мен IT саласында оқытуға асық. Омбыда да Ресейдің көптеген аймағындағыдай жас буынға қазақ тілін үйрету мәселесі өткір тұр. Омбы облысының бес муниципалды ауданында және бірнеше мектебінде қазақ тілі мен мәдениетін оқыту орталықтары бар. Бұл жерлерде қазақ тілі факультативті түрде оқытылады.
Дегенмен 2018 жылдан бастап қазақ тілі Ресейдің ана тілдерінің тізіміне еніп, «Білім туралы» федералдық заңында басқа ана тілдерімен тең дәрежеде қазақ тілін үйрену құқығы бекітілген. Алтай Республикасындағы Қосағаш мектебі мұғалімдерінің арқасында Ресей Федерациясы Білім министрлігінің Федералдық оқулықтар тізіміне енген қазақ тіліндегі оқулықтар жасалған. Біздің «Омбы қазақтары» ұйымы Омбы облысының білім беруді дамыту институтымен бірлесіп, мектептерде қазақ тілін үйренуге сұранысты анықтау мақсатында ата-аналар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. 2023 жылдың ақпан айында «Омбы өңірінде ана тілін үйрену мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сол кезде қазақ тілін оқытуға байланысты заңға енгізілген өзгерістер туралы халықтың хабары аз екенін білдік. Сондай-ақ қазақ тілін оқып-үйренуге сұраныс жоғары болғанымен, барлық мектепте жағдай жасалмағаны, мектептерде сабақ бере алатын мамандар әрдайым бола бермейтіні көрсетілді. Әдетте бейіндік білімі жоқ мамандар білім береді. Қазіргі Омбы қаласында екінші жыл жалпы орта білім беретін мектептердің кестесіне қазақ тілі пәні кіргізіліп, биылдан бастап ата-аналардың өтінішімен Омбы қаласындағы №130 мектепте қазақ тілі оқытыла бастады. Ал бүгінгі Қазақстанның жоғары оқу орны филиалы ашылуы және «қазақ тілі филологиясы» мамандығын осындағы жастардың алуына мүмкіндік берілуі өңірдегі қазақ тілін дамытудың келешегі зор боларына сенімдімін.
Омбы өңірлік қоғамдық ұйымы облыста 16 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 100-ден аса әлеуметтік бағдарланған жобалар ұйымдастырылып, бұлардың көпшілігі өңірлік брендке айналып үлгерді. Мәселен, «Ару қыз», «Ұрпақтар жібі», «Ойнатека», «Отбасылық мобильді алаңы», «Алға – авангарды», «Достық лигасы» секілді тұрақты өткізілетін іс-шаралары халықтар арасындағы достықты дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын сақтауға мүмкіндік берді.
Биыл біздің басылымның «Үркер-2024» журналистік байқауында «Үздік халықаралық БАҚ» деп танылғаны қазақ-орыс қарым-қатынасының жаңа белеске шыққанын көрсетеді. Қазір «Омбы қазақтары» ұйымы Қазақстаннан келген қоғамдық ұйымдармен де тығыз жұмыс істеп, жастар форумдары мен конференцияларына тұрақты қатысып тұрады.
Торғын АШЕНОВА,
«Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы