• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:13

Ел іргесін бекемдейді

50 рет
көрсетілді

Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, сондай-ақ өңірлік қана емес, жаһандық тұрақтылықты да сақтауға бағытталған іргелі қадам деп айтуға негіз бар. Осы жылдың басынан біздің еліміз ұйымға төрағалық етіп келеді. Бұл уақыт аралығында Қазақ елі заман талаптары мен уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін шешімдер қабылдап, өз міндеттемесін ойдағыдай орындады.

Қазіргі күні әлемдік геосаяси ахуал – алаңдатарлық жағдайда. Жан-жағымызда түрлі қақтығыс болып жатыр. Саяси тұрақсыздық, трансұлттық қыл­мыстар, террористік қауіп-қатер, есірткі айналымы секілді кез келген мемлекет­тің шаңырағын шайқалтуы мүмкін келең­сіздік көп. Мұндай кезде жалғыз жорт­қанның шаңы шықпайтыны белгілі. Сон­дықтан көршілес, тағдырлас, тар­ихи та­мыр­лас елдер тізе қосып, әрекет қылса, алынбайтын қамал жоқ.

Қазақ елі өз тәуелсіздігі мен егемен­дігін сақтау жолында «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген ата-баба өсиетін берік ұстанып, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдарға белсенді қатысып келеді. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айналамызда болып жатқан ахуалды жіті қадағалап, қауіпсіздік мәселесін үнемі көтеріп, көзден таса қылмай жүр. Бүгінгі елордамызда өткен басқосу да ел іргесін бекітуге бағытталған үлкен қадам болды.

Тағы бір айта кетер жайт, Қазақ елі әлемдегі орта державалардың қатарына енді. Қазіргі таңда халықаралық жағдайда көп мәселені орта державалар шешіп жатыр. Біз де бүгінде алпауыт мемлекеттер мен шағын елдер арасында алтын көпір болып, қауіпсіздік шарттары­ның қабылдануына  септігімізді тигізіп келеміз.

Биыл еліміздің ұйымға төрағалық етуі кезінде ұйымның жарғылық орган­­­дары­ның отырыстары, әскери оқу-жат­тығу жиындары және алдын алу операция­лары жоспарлы түрде ұйым­дастырылып, қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңге­йінде кездесулер өтті. Ұйымның қосым­ша және жұмыс органдарының кеңес­тері өткізілді. Бірқатар маңызды құжат қабылданды. Олар халықаралық ынтымақ­тастық, қорғаныс саласындағы ықпал­дас­тық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіз­дік­тің өзекті сын-қатерлері мен қауіптері­не қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтыды.

Біз Астанада өткен жиын арқылы кез келген қауіп-қатерге тізе қосып қарсы тұра алатынымызды тағы бір дәлелдедік. Жиын қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік ке­ңесі­нің декларациясын қабылдап, бір­қатар құжатқа қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы, Екінші дүние­жүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жыл­дығына байланысты мәлімдеме қабыл­данды. Келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспары бекітілді.

Қабылданған құжаттар ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған. Тағы қайталап айтсам, соның ішін­де еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға бағыт­талып отыр. Ел басына күн туса, жаныңнан табылар жақтастарың бол­ғаны жөн екенін уақыттың өзі дәлелдеп тұрғаны – ақиқат.

 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Сенат депутаты