• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Университет Кеше

Менделеев университетінің филиалы ашылды

69 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы біршама уақыт бұрын елімізде шетелдік беделді оқу орындарының өкіл­дігін ашу туралы тапсырма бергені баршаға белгілі. Президент бастамасын іске асыру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті­нің басшылығы бір жылдан астам уақыт бұрын Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің мамандарымен әріптестіктің негізін қалады.

Таразда Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалын ашудың маңызы зор. Өйткені өңірдегі ең ірі өндіріс ошағы саналатын «Қазфосфат» ЖШС-да 8 мыңға жуық маман еңбек етеді. Химия өнеркәсібінің локомотивіне айналған серіктестік жыл сайын жаңа мамандармен толығып отырады. Бұл өз кезегінде салада жаңа буынның қалыптасуына септігін тигізеді.

Бір жылдан астам уақыт бұрын басталған баянды бастама мәресіне жеткен секілді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті филиалының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, Ғылым және жоғары білім вице-министі Талғат Ешенқұлов, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак, Д.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Румянцев арнайы қатысты.

«Мемлекет басшысы білім саласына қарасты көзқарасты өзгерту қажет екенін, әсіресе техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін шегелеп тапсырғаны баршамызға мәлім. Сол үшін де өңірде осындай игі бастама қолға алынып жатыр. Бізге инженер мен өнеркәсіп саласы мамандарының жаңа буынын қалыптастыру керек. Бұл расында да кезек күттірмейтін жұмыс.

Жамбыл өңірі – химия өнеркәсібінің Отаны. Өндірісі өркендеген өңірдегі ірі зауыттар саланың айнасына айналғаны анық. Облыс орталығы Тараз қаласында іргелі жоғары оқу орны филиалы­ның ашылуы – химия индустриясын одан әрі дамытудағы маңызды қадамның бірі. Сондықтан да бастама баянды болсын деймін. Бұл жерден мықты мамандар шығады деген сенім зор», деді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақса­тында ілгеріде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия технология университетінің ұжымы үшжақты келісімге қол қойып, ТМД елдері арасында алғаш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсаукесерін ұйымдастырды. Кейіннен «Менделеев сыныбы» жобасын іске асырды. Бір сөзбен айтқанда, филиалдың ашылуына дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылары аз жұмыс атқарған жоқ.

Іс-шара барысында сөз алған вице-министр Талғат Ешенқұлов Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді. Ал «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак бұл жобаның іргелі кәсіпорын үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Дерекке сенсек, жаңа оқу жылынан бастап ресми түрде іске кіріскен РХТУ филиалында алғашқы топ құрылған. Бұл топта өңірдің 30 студенті «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білікті мамандардан дәріс алып жүр.

Филиал ғимаратында 4 зертхана, 2 компьютерлік сынып, мәжіліс залы және арнайы аудитория бар. Білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыс­тарына және арнайы жабдықтарды жеткізуге «Қазфосфат» ЖШС қаражат қарастырған. 

Жоғарыда айтқанымыздай, өткен жылдың мамыр айында жүзеге асырылған желілік кампус жобасының негізінде «2+1+1» білім беру бағ­дарламасы іске қосылған болатын. Нәтижесінде, болашақ химик-технологтер алғашқы екі курсты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқыса, үшінші курстан бастап РХТУ-де білім алады. Ал төртінші курсты Таразда жалғастырып, «Қазфосфат» ЖШС-да тәжірибесін толыстырады. Сондай-ақ өңірдегі мектептерде жаратылыстану ғылыми цикл пәндерін тереңдетіп оқыту жүйесін қалыптастыру үшін «Менделеев сыныбы» жобасы жалғасады.

 

Жамбыл облысы