Биыл елімізде Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Қазіргі күні жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүкіләлемдік деңгейде кітапхана саласында да берік орнығып, кеңінен қолданысқа еніп отыр. Мысалы, АҚШ-та «Газет навигаторы» небәрі 19 күннің ішінде 16 358 041 газет бетін өңдеп, жіктеді. Ал Ұлыбританияда «Хью» кітапхана каталогі сөйлей алуымен бірге басып шығарылған көшірмелердің орнын біледі, дыбыстық сұрауларды қабылдап, оқырманды қажетті кітап сөресіне бағыттайды.
Осындай цифрлық технология көшіне ілескен Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана «Кітапхана саласындағы жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Өскемен қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана, Шығыс Қазақстан облысының кітапханашылар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға «Beeline Қазақстан» қолдау көрсетті. Конференцияға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам әріптесіміз қатысты.
Конференцияға Ресей Ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар жөніндегі ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов арнайы шақырылды. Ғалымның жасанды интеллектіні кітапхана саласында пайдалану туралы дәрістері мен шеберлік сыныбының үйретері көп болды. Вадим Степанов жасанды интеллектінің шығу тарихынан бастап өмірде қалай қолдануға болатыны туралы қызық та тың мәліметтермен бөлісті. Оның «Кітапханалық-библиографиялық қызметте генеративті тілдік үлгілерді пайдалану» атты тренинг-сессиясына қатысушылар көптеген тәжірибені игерді.
Ғалым жасанды интеллектінің дамуын 3 кезеңге бөледі. 1950–1970 жылдары жасанды интеллект енді ғана пайда болып, алғашқы бағдарламалар жасала бастаған болса, 1980–2010 жылдары жасанды интеллект жүйесі өз жемісін де бере бастады, ал 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект барлық салаға қарқынды енгізіліп жатыр. Бүгінде жасанды интеллект ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, қауіпсіздік жүйесі секілді көптеген салада кеңінен қолданылады. Ендеше, осынау үрдістен кітапхана саласы да қалыс қалмауы қажет.
Кейбіреулер «жасанды интеллект пен кітапхананың арасында қандай байланыс болуы мүмкін, кітапхана жасанды интеллектісіз де өмір сүре алады ғой» деуі әбден мүмкін. Десек те, ендігі жерде кітапхана саласын жасанды интеллектісіз көзге елестетудің өзі қиын. Адам зердесінің компьютерлік баламасы бұдан былай да әлемді қарқынды жаулай бермек. «Кітапханашылар компьютерді ең алғаш қалай үйренді, жасанды интеллектіні де солай жан-жақты меңгеруі керек. Заманауи технология жаңалықтарын қызметіне енгізген кітапхана ғана жастарды өзіне тарта алады. Осылайша, өмір сүруге құштар ұл-қыздарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз керек», дейді бұл туралы Вадим Степанов.
Конференцияда ТМД IDC вице-президенті А.Беклемишев қатысушыларға Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Тұжырымдаманың табысты жүзеге асуы, әрине, кітапханашыларға да тікелей қатысты. Бұл туралы конференцияда баяндама жасаған Беларусь ұлттық техникалық университеті ғылыми кітапханасы электрондық қорлар бөлімінің интернет технологияны дамыту бөлімінің басшысы А.Ковалевский жақсы айтты.
«Кітапхана – жасанды интеллект әлеміне жолбасшы. Егер бүгін жасанды интеллектіні игермесек, ертең біздің орнымызды басатын біреулер міндетті түрде табылады», деді ол.
Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың жас ІТ-мамандары Д.М.Голованов, Б.Е.Дауылбеков, М.С.Решетов, Р.Климов жасанды интеллект көмегімен кітапханада кітапханалық чат-бот құру және дыбыстық көмекші әзірлеу тәжірибесімен бөлісіп, іске асқан жобалармен таныстырды. Сондай жобаның бірі – «Digital Fashion». Жасанды интеллект сән әлемін жатсынбайды. IT-технологияның тетігін жетік меңгеруге талпынған жас бойжеткендер виртуалды сән әлемімен танысып, киім үлгілері мен декор, интерьер мен сәулет бұйымдарын, сондай-ақ көрініс-бейнелер мен дизайн, визуалды көріністерді әртүрлі интернет платформаларға жайғастыруды меңгереді.
Конференция аясында кітапханашылар лекция тыңдап қана қоймай, шеберлік сыныптарына қатысып, жасанды интеллектіні қолдану туралы білім көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Жиында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің профессоры И.Уәлиева, Ресейдің бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау тобының жетекшісі А.Лютецкий, «Invect Trade CO» ЖШС техникалық директоры Салауат Қазыбаев, т.б. жасанды интеллектінің болашағы туралы ойларын ортаға салды.
Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева: «Жасанды зердені қолдану дәл кітапхана жұмысында әзірге кенжелеп тұр дер едім. Әркім өз білгенінше қолданып жүр. Жасанды зердені кітапхананың әр бөлімінде, әр жүйесінде қолдануға болатынын енді біліп отырмын. Бұл – бізге пайдалы әдістемелік қолдау, көмек. Ресейлік ғалым Вадим Степановтың берген мағлұматтары өте қызықты болды. Болашақта кітапхана қызметіне жасанды интеллектіні енгізуде тығыз байланыс орнатамыз деп ойлаймын», деді.
Ал Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәния Серікқызы жасанды зерде туралы бұрыннан ізденіп жүргенін, іс-шараның өте пайдалы болғанын жеткізді. Ол конференция барысында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша алған білімінің жұмыста пайдаға асатынына сенімді.
Қонақтар мен әріптестердің пікірлерін тыңдап, көңілімізге кітапхана ісінде ЖИ қолдануға арналған конференция жаңа мүмкіндіктерге – кітапхана ресурстарын оңтайландыру, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділікті арттыру, цифрлық жинақтарды дамыту, ғылыми зерттеу және шығармашылық белсенділікті күшейтуге жол ашады деген сенім бекіді.
Қазақстан кітапханалары Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруға қалай үлес қоса алады? Жасанды интеллектіні қалайша қазақ тілінде сөйлетуге болады? Енді осы сауалдарға жауап беруге тырысып, ұсыныстарымызды ортаға салайық.
Жасанды интеллект саласын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға кітапханалардың қосар үлесі зор.
Кітапханалар қорларын жинақтап, іріктеу және талдау жүргізе алады; жалпы қорды, соның ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі кеңестік және кеңестік кезеңге дейінгі мерзімді басылымдарды түгендеп, цифрлық нұсқаға көшірілетін аса құнды және маңызды құжаттарды анықтай алады.
Қазақстан кітапханалары өз қорларын цифрландыру жұмысын сапалы жүргізуі қажет. Бұл – машиналық оқыту үшін қорды жоғары сапалы цифрлық көшіруді іске асыруға тиіс. Содан кейін өңделген және құрылымдалған ақпарат массиві «data-set-ке» (дата-желі) жүктеледі.
Кітапхана өкілдерін стандарт әзірлеу, деректерді өңдеу мен ресурстарды бөлуге жауап беретін Ұлттық үйлестіру орталығы құрамына енгізуді ұсынамыз. Үйлестіру орталығы цифрландыру жұмысын дамытуды ынталандыру үшін конкурстар мен гранттар ұйымдастырып, техникалық қолдау көрсете алады.
Кітапханалар халықты ЖИ технологиясына үйретуге арнайы бағдарламалар әзірлеуге қабілетті. Бұл – ЖИ негіздеріне кіріспеден бастап, машиналық оқыту мен деректерді өңдеу бағдарламаларына дейінгі оқытудың әртүрлі деңгейіне бейімделген семинарлар, шеберлік сабақтары, дәрістер болуы мүмкін. Және ол халыққа ЖИ-дің қалай жұмыс істейтінін түсінуге және оның тәжірибелік мәнін көруге көмектеседі.
Кітапханалар қызметкерлерін оқытуға инвестиция салуға тиіс, сонда олар пайдаланушыларды өздері оқыта алады. Жасанды интеллект негіздері, деректер туралы ғылыми және сыни талдау курстарын жүргізіп, ЖИ пайдалануды үйрету және кеңес беруге көмекші нұсқаулықтар мен құралдарды әзірлейді.
Еліміздегі кітапханалардың қоғамды ЖИ мүмкіндіктері мен шектеулері, оның экономика мен әлеуметтік үдерістерге әсері, сондай-ақ осы саладағы қауіпсіздік пен этика мәселелері туралы білімде шешуші рөл атқару мүмкіндігі бар. Бұл әртүрлі салада ЖИ-ді көбірек білуге, пайдалануға ынталандырады.
Кітапханалар білім қоймасы ғана емес, елімізде ЖИ енгізу және дамыту үдерісінің белсенді қатысушылары бола алады, сондай-ақ халықтың технологияларды сауатты және жауапкершілікпен пайдалануын қамтамасыз ететін жоғары сапалы дата-сеттер құра алады.
Бұл әрекеттер халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға, цифрлық жетістіктерге қол жеткізуді жеңілдетуге, өзін-өзі дамыту мен кәсіби өсу, әлеуметтік инклюзия мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.
Бүгінде кітапханалардың басты міндеті – азаматтарды цифрлық өмір талаптарына бейімдеу. Шынында да, тартымды әрі пайдалы орталыққа айналу үшін бір сарынды жұмыстарға уақыт жоғалтпай, нейрондық желіні пайдалану қажет, өйткені ол – қуатты және тиімді модельдер жасауға қабілетті әрі кітапханашы үшін таптырмас құрал. Нейрондық желі – талдауларды ұқыпты жүргізуді, жұмысты дұрыс жоспарлауды жақсарта алады, ал кітапханашыларға цифрлық технология әлемін пайдалануда сенімді көмекші.
Кітапханалар білім репозиторийлері ғана емес, сонымен бірге жоғары сапалы деректер жиынтығын құруға, мамандардың технологияларды сауатты және жауапкершілікпен пайдалануын қамтамасыз етуге үлес қоса отырып, өз жұмысына ЖИ енгізу және дамыту үдерісінің белсенді қатысушылары бола алады деген үміттемін.
Хабиба Ақжігітова,
Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директоры