Тарихы терең қасиетті Қарқара ауылында еңселі екіқабатты мәдениет үйі пайдалануға беріліп, ел қуанышы еселенді.
Ауылдың орталық көшесінің бойынан ойып орын алған ғимараттың сырт келбеті көз сүйсінтеді. Ал табалдырығын аттап ішке кірген адамның рухы асқақтап, жан дүниесіне мәдениеттің сәулесі себезгілейді. Бұдан былай қарқаралық қарадомалақ балалардың бойына рухани нәр беріп, өнердің құдіретін сезіндіретін мәдениет үйінен нағыз таланттар тәрбиеленіп, томағасын сыпыратыны туралы салтанатты шараға қатысқан ел ағалары мен өнер өкілдері атап айтты.
Киелі өлкеде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер Нұрқанат Жақыпбай, «Құрмет» орденінің иегері, журналист, жазушы Жақыпжан Нұрғожаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Омар Қыйқым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Ермұрат Үсенов, философия ғылымдарының докторы, профессор Света Бердібаева, Қазақ журналистикасының қайраткері Сағатбек Медеубекұлы және басқа да есімі елге танымал ақындар мен қаламы қарымды журналистердің кіндігі кесілгенін ескерер болсақ, бұлардың қатары әлі талай дарындармен толыға түсері айдан анық.
Ауыл тұрғындары көптен күткен игі істің ашылуына Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы, жазушы Ақсәуле Әбдіхалыққызы, әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы мен қарқаралық өнер майталмандары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
«Шалғай ауылдардың ішкі түйінді мәселелерін орнымен шешіп отыру – мемлекетіміздің басты назарында. Облыс әкімі Марат Елеусізұлының қолдауының арқасында ауданның мәдениет саласына тың серпін берілді. Өңірдегі Жалағаш, Бөлексаз, Жылысай ауылдарында заманауи мәдениет үйлері салынуда. Қарабұлақ мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар 157 млн теңгеге мәдениет ошақтары жылжымалы сахна, дыбыс күшейткіш құралдармен, сахналық киімдермен толығуда. Жарқын жобалардың жүзеге асуы – ең алдымен, еліміздің өркендеп өсуімен қатар, жастарымыздың денсаулығын нығайтуға, мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына ықпал етері сөзсіз», – деді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Жаңадан ашылған мәдени нысан ауыл халқының бос уақытын тиімді пайдалануына және түрлі тақырыптарда мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Спорт залмен біріктірілген мәдениет үйі заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталған. Тіптен, лифт те іске қосылған. Мұнда мыңға тарта кітап қоры бар кітапхана мен өнер үйірмелері жұмыс істейтін болады.
«Киелі Кеген ауданының көз сүйсінтер табиғаты мен сыр тұнған тарихын таспалап, ауданның фотошежіресін жасаудамыз. Оны алдағы уақатта табыстайтын боламыз. Келешекте осы ғимаратта фотограф болуға ниетті балалар болса 2-3 күндік дәріс өткізіп, тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Мұндай өнер ошағы бос тұрмай, ауыл балаларының талантын ашып, талабын ұштауға қызмет етуі керек», – деді тұрғындарды қуанышымен құттықтаған республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби фотограф Асылхан Әбдырайымұлы.
Салтанатты шара барысында туған ауылының ажарын ашып, көркін кіргізген мәдениет үйінің салынуына атсалысқан азаматтарға осы ауылдан түлеп ұшқан өнер қайраткерлері Нұрқанат Жақыпбай мен Сағатбек Медеубекұлы жүрекжарды алғыстарын жеткізді.
Бұдан кейін кең сарайдай мәдениет үйінің алқызыл лентасы қиылып, кимешек киген әжелер шашу шашты. Ауыл халқы алғаш рет жайлы да жұмсақ орындыққа жайғасып, аудандық көркемөнерпаздар ансамбілінің концерттік бағдарламасын тамашалады.
Сондай-ақ бұл күні спорт залмен біріктіріліп салынған ғимаратта аудан волейболшыларының ақтық ойыны өтіп, жарыс жеңімпаздары қомақты қаржы, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша өнерпаздар мен спортшылар қатар өнер көрсеткен су жаңа мәдениет үйі – жан жадыратар жарқын істер мен жетістіктердің жылы ұясына айналмақ.
Алматы облысы