2026 жылы қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ғасырлық той қарсаңында театр ұжымы Қырғыз еліне гастрольдік іс-сапармен барады, деп жазады Egemen.kz.
Театр ұжымы желтоқсанның 4-7 аралығында бауырлас қырғыз елінің бас шаһары Бішкек қаласына ат басын тіреп, Т. Абдумомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді.
Гастрольдік бағдарлама бойынша қазақ және әлемдік драматургия жауһарлары «Қыз Жібек», «Қоштасқым келмейді», «Қорқыттың көрі», «Мәңгілік бала бейне» сынды спектакльдер көрермен назарына ұсынылады.
Бұл қойылымдарда өзіндік қолтаңбасымен көрерменді тәнті етіп жүрген бірқатар өнер иелері Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов, Шынар Жанысбекова, Шынар Асқарова, Жалғас Толғанбай, Мәдениет саласының үздігі Күнсұлу Шаяхметова, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегерлері Салтанат Бақаева, Зарина Кармен, Асан Мәжит сынды театр артистері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, гастрольдік сапар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.
Гастроль бағдарламасы:
4 желтоқсан 18.30-да Ғ. Мүсірепов «Қыз Жібек» спектаклі /музыкалық драма/ 2 сағат
5 желтоқсан 18.30-да А. Володин «Қоштасқым келмейді» /драма/ 1 сағат 40 мин
6 желтоқсан 18.30-да И. Ғайып «Қорқыттың көрі» /драма/ 2 сағат
7 желтоқсан 18.30-да Р. Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» /трагедия/ 2 сағат