• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Желтоқсан, 2024

Жарыс күнделігі

53 рет
көрсетілді

Алматы қаласы футзалдан УЕФА Чем­пиондар лигасының финалдық сайысын қабылдауға өтініш білдірді. Турнир келесі жылдың мамыр айында өтеді. Осыдан бес жыл бұрын «Төрттік финалы» Алатау баурайында ұйымдастырылған еді. Сол кезде «Қайрат» пен «Барселона» арасындағы ойынды «Алматы Аре­наға» келген 12 090 көрермен тамашалады. Бұл – аталған доп додасындағы рекордтық көрсеткіш.

Конькиден еліміздің жасөспірімдер құрамасы Польшаның Томашув-Мазовецкий қаласында өткен Әлем кубогінің командалық бәсекесінде қола медальға қол жеткізді. Еліміз­дің туы астында Анастасия Беловодова, Арина Ильященко, Алена Лифатова өнер көрсетті. Астананың оң жағалауында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы бар. Қазір ол әбден ескіріп, тоз-тозы шықты. Соның орнына құны 15 миллиард теңгеден асатын жаңа стадион салу көзделіп отыр. Жоспар бойын­ша көлемі 15 мың шаршы метрді құрайтын, 3 600 көрерменге есептелген үш қабатты кешен 16 айда бой көтеруге тиіс. Мексиканың Мерид қаласында өткен ITF J500 теннис турнирінің жұптық сайысында Әмір Омарханов пен ресейлік Тимофей Дерписко жеңімпаз атанды. Финалда олар чехиялық Петра Брунлика мен ұлыбританиялық Чарли Робертсонды 6:4, 6:1 есебімен ұтты. Жекелеген бәсекеде Әмір жартылай финалға дейін жетіп, бұл межеде франциялық Томас Фурельге жол берді – 2:6, 3:6. Таяуда OAC мен IBA ұйымдары моңғо­лиялық Батарсух Чинзоригтің допинг қолданғанын толықтай дәлелдеп, осы мәселеге байланысты шешім шығарды. Ол төрт жылға спорттан шеттетілді. Естеріңізде болса, 63,5 кг салмақта өнер көрсеткен дәл осы былғары қолғап шебері былтыр Қытайда алауы тұтанған Азия ойындарының ширек финалында біздің Ертуған Зейнуллиновті ұтқан еді. Енді ережеге сай Азиаданың қола медалі қазақ боксшысына табыс етілуге тиіс. Финляндияның Рука қаласында шаңғы спортынан Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Бұл жарыста ел намысын Наиль Баш­маков, Федор Карпов, Олжас Климин, Святослав Матасов, Владислав Ковалев, Виталий Пухкало, Ернар Нұрысбеков, Дарья Ряжко, Надежда Степашкина, Кәмила Мах­­мұтова, Кәмила Елғазинова, Ангелина Шу­рыга, Ксения Шалыгина қорғады. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады. Қарағандының «Шахтер» футбол клу­бының бас бапкері болып Иржи Ярошик тағайындалды. 47 жастағы чехиялық маманның есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде ол Мәскеудің ЦСКА, Лондонның «Челси», Шотландияның «Селтик», Испанияның «Са­рагоса» мен «Алавес», тағы басқа клубтарда ойнады. Чехия ұлттық құрамасының басты жұлдыздарының бірі болды. Кейіннен өз елінен бөлек, Словакия, Словения, Ресейде жаттықтырушылық қызмет атқарды. ФИФА өз рейтингін жаңартты. Соңғы кездері сәтсіздіктің шырмауығынан шыға алмай жүрген еліміздің құрамасы өткен аймен салыстырғанда үш сатыға төмендеп, қазіргі кезде 110-орында тұр. Ал алдыңғы лектегі 10 команда мыналар: Аргентина, Франция, Испа­ния, Англия, Бразилия, Португалия, Нидер­ланд, Бельгия, Италия, Германия. Өткен аптаның соңында «Барыс» хоккей клубы екі кездесу өткізді. Жұма күні Магни­то­горскіде жергілікті «Металлургтен» 0:2 есебі­мен ұтылды. Жексенбіде Мәскеуде ЦСКА-ға қарсы ойнап, жерлестеріміз тағы да жеңі­лістің кер­мек дәмін татты – 1:3. Бұл «Барыс­тың» қата­рынан бесінші бәсекеде жеңілуі.