Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы егіншілік кезеңінде біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Өңірдің аграршылары орташа өнімділікті 14 ц/га-дан асырып, соңғы онжылдықта болмаған 6,6 млн тоннадан астам көлемде рекордтық астық жинады, бұл - қажырлы еңбек, мемлекеттік қолдау және заманауи агротехнологияларды уақтылы қолданудың нәтижесі», деді облыс әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Ауыл шаруашылығы саласында өңірдің жалпы өнімі жоғары нәтижелерге қол жеткізді, жыл соңына қарай ауыл шаруашылығы өнімі көлемінде бір триллион теңгеден астам қаражат күтіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп.
Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артып келеді. Биыл Целиноград және Аршалы аудандарында 3 сүт-тауар фермасы іске қосылды, тағы екеуі аяқталу сатысында тұр.
Өңдеу саласында да оң динамика байқалады. Бұл бағытта өңірде жыл басынан бері 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндірген ет, сүт, майлы және дәнді дақылдарды өңдейтін 67 кәсіпорын жұмыс істейді.
Марат Ахметжанов аграршыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы да айтты. Фермерлер арасында «Кең дала 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы ерекше сұранысқа ие, ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалақы төлеу үшін айналым қаражатын толықтыруға, сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды және басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға көмектеседі.