• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Желтоқсан, 2024

«Жасыл» технологияны енгізудің маңызы зор - Мәулен Әшімбаев

67 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында Палатаның Қоғамдық Жобалық кеңсесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Қазақстанда туризмді дамыту, табиғатты қорғау және туристік орындарда қажетті инфрақұрылым қалыптастыру мәселелері талқыланды. Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, мемлекеттік органдардың, сараптама және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата Спикері отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысы елімізде туризмді дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ аталған бағыт әлемдік экономиканың қарқынды дамуының катализаторы және инвесторлар үшін ең тартымды салалардың бірі екені айтылды.

Мәулен Әшімбаев Қазақстанда туризмге салынып жатқан инвестицияның артуына қарамастан, оның дамуын тежейтін бірқатар жүйелі проблемалар бар екеніне де назар аударды. Бұл ретте көлік және инженерлік инфрақұрылымы нашар, жету қиын туристік аймақтарға қатысты түйткілдер сөз болды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Палатаның жобалық кеңсесінің заңнамалық қызметіне және барлық мүдделі тараптың күш-жігерін жұмылдыруды, халықаралық тәжірибелерді зерделеуді, сондай-ақ, озық технологияларды енгізуді талап ететін маңызды міндеттерге тоқталды. Нақты айтқанда, туристік аймақтарда баламалы энергия көздерін, сумен жабдықтауды және «жасыл» инфрақұрылымның басқа да түрлерін пайдаланатын жобаларды қолдау үшін заңнамалық нормалар әзірлеу барысы сөз болды.

«Белгілі туристік ел болу үшін нақты стратегия мен мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы белсенді өзара іс-қимыл қажет. Сол себепті, «жасыл» технологияларды қолдана отырып, туристік аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту керек. Баламалы энергия көздерін қолдану, суды тиімді пайдалану, су тазарту жүйелерін енгізу, «жасыл» көлік инфрақұрылымын дамыту және экологиялық туризм түрлерін жетілдірудің де маңызы зор. Осы істе шет елдердің тәжірибелерін жан-жақты зерделеген жөн. Бұл бағытта Сенат қажетті заңнамалық өзгерістер енгізуге қатысты сындарлы ұсыныстарды бірлесіп талқылауға әрдайым дайын», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында елімізде туризмді дамыту және стандартты емес тетіктерді пайдалану бағытындағы жүйелі шаралар да талқыланды. Соның аясында Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы баламалы инфрақұрылымның түрлі тәсілдері қолданылған жаңа курорттық аймақтардың жобалары таныстырылды. Оның ішінде күн энергиясын пайдалану, ауа жылу белдеуінің құралдары, биотазарту нысандарын қолдану, автономды су көздері және басқа да баламалы түрлер бар.

Сараптама және бизнес қауымдастық өкілдері мемлекет тарапынан қолдау парадигмасын өзгерту мәселесіне назар аударды. Олардың айтуынша, мемлекеттік гранттан мемлекеттік инвестицияларға өту және инвестордың жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Бұл тәсіл осы салада жүргізіліп жатқан жаңғыртудың тиімділігін 10 есеге дейін ұлғайтуға қауқарлы.

Іс-шараға Сенат Төрағасымен бірге Палата Спикерінің орынбасары Жақып Асанов, сенаторлар, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек және тағы басқалар қатысты.

Айта кетейік, 13 қыркүйек күні сенаторлар туризмді дамыту және инвестор тарту, Ақмола облысы Ақкөл қаласының тәжірибесі негізінде туристік нысандарға инфрақұрылымның баламалы көздерін пайдалануды мемлекет тарапынан қолдауға арналған депутаттық сауал жолдады. Соның нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Онда отандық курорттарды баламалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар қаралып, зерделенді.