• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Білім және білік

1354 рет
көрсетілді

Сөз басы ХХІ ғасыр – дамыған елдердің білім беру жүйелерінің өзара бәсекелестікке түскен ғасыры. Орта білім беруді қарас­тыратын болсақ, білім сапасын анық­тауда PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулер жүйесі кеңінен қолданылады. Осы зерттеулердің соңғы 10 жылғы қорытындыларын зерделей отырып, оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететін елдерді анықтадық. Олар: Қытай, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Тайвань, Эстония, Лихтенштейн. Бұл елдердің көпшілігі Азия құрлығында орналасқан. Тиімділіктің негізгі факторы қандай дегенге келсек, мемлекеттік білім беру саясаты ел келешегі мен ұлттық ерекшелік бірінші ескеріледі. Мәдениет пен құндылықтарды сақтап, дамытуға да баса назар аударылған. Оларда дәстүрлі түрде білім беруге қарағанда, тәрбие беруді негізгі мақсат етіп ұстанады. Оны барлық дамыған елдер мойындап отыр. Осы орайда: «Еліміздің білім беру саясатының басты идеясы ретінде нені алуымыз керек?», – деген орынды сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, білім беру саясатының басты идеясы ретінде Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел»идеясын алуымыз керек. Қазақ елін мәңгілік ел жасау кімнің де болса асыл арманы, мақсат-мұраты. Сондықтан бұл идеяны барша қазақстандықтар шынайы көңілмен қуана қарсы алды. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру барша қазақстандықтарға, әсіресе, бүгін­гі және келешек ұрпаққа үлкен сын, зор мәртебелі іс болмақ. Бұл үшін төмендегі құндылықтарды орындауымыз керек: бірінші – ата-анасын қадір­леп-қастерлейтін, елін, Отанын сүйетін бала тәрбиелеу; екінші – қазақ тілін, мәде­ниетін, тарихын түсінетін, оны дамытатын ұрпақ қалыптастыру; үшінші – толерантты, халықтар достығын қастерлейтін, ел бірлігін сақтайтын ұл-қыз өсіру; төртінші – дені сау, жан дүниесі бай, еңбекке бейім жасты жетілдіріп шығу, т.б. Біз осы құндылықтарды 12 жылдық мектептің бастауыш сынып стандартының мақсат-міндеттері ретінде қабылдауды жөн деп білеміз. Америкалық Mc&Kinsey компания­сы ғалымдарының 45 елдің орта білім беру жүйелерін зерттеген көлемді сараптамасын саралай отырып, білім сапасын ­арттыру үшін қажетті 6 факторды анықтадық. Ол факторлар: білім беру стандарттарының халықаралық талаптарға сәйкестігі; педагог кадрлардың мәртебесі және олардың кәсіби біліктілігінің деңгейі; білім беру сапасын бағалаудың дұрыстығы; өскелең ұрпақты рухани-адамгер­шілік тұрғысынан тәрбиелеу; білім беру саласындағы ғылыми-зерт­теулер; басқарудың тиімділігі. Біріншісі – білім стандартына қатысты. Сондықтан сапалы стандарт жасауға ерекше көңіл бөлінуі керек. Біздің топшылауымызша, ең алдымен елдегі білім беру жағдайына шынайы баға беру қажет. Ол ашық айтылып, білім беру жүйесінің барлық жетістік-кемшіліктері нақтылы көрсетіліп, алда тұрған проблемалар ғылыми негізде жүйеленсе, білім сапасын арттыру мақсатында жасалған реформалар нәтижелі болады. Соңғы 20 жылда елімізде білім сапасын көтеру мақсатында жасалған іс-шараларға талдау жасағанда, жүйелі жұмыс жасалмағаны аңғарылды. Кезінде халықаралық білім беруді жоспарлау институтының директоры Ж.Аллак: «Көптеген елдердің тәжі­рибелері білім беру үдерісі күрделілігінің басты себебі, қаржыға ғана емес, қаржы арқылы шешуге болмайтын қиын­дықтарға байланысты екенін» меңзесе, осы қызметке кейіннен келген амери­калық білім қайраткері және зерттеуші Ф.Г.Кумбе: «Дағдарыспен күресу үшін әрбір білім жүйесіне ақшаға сатып алуға болмайтын көптеген нәрселер – идеялар, батылдық, табандылық, ізденіс пен өзге­рістерге ұмтылуда сыни тұрғыда өзін-өзі бағалауға қабілеттілік қажет», деген еді. Иә, білім сапасын көтеру үшін орта білім беру саласындағы жағдай жан-жақты сараланып, әлемдік озық тәжірибелер негізінде «Білім беру жүйесінің жол картасын», яғни алдағы 5 атқарылуы қажетті іс-шаралар жоспарын дайындауымыз керек тәрізді. Оқулық сапасы Еліміздегі оқулықтардың сапасы жайында әңгіме қозғағанда, түсінікті болу үшін, оның тарихына қатысты бірер ауыз сөз айтуымыз керек. Оқулықтану ғылымы жүздеген жылдық тарихы бар үлкен бір саласы. Өкінішке қарай, елімізде бұл ғылым саласы дамымай отыр. Себебі, кеңестік дәуірде қазақстандық мектептер негізінен Ресейде дайындалған аударма оқулықтармен білім алды. Қазақстандық ғалымдар тек қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндерінен ғана оқулық жазды. Осындай себептерге байланысты елімізде оқулықтану ғылымы мүлде дамымады. Егемен ел болғаннан кейін отандық білім беру жүйесінің алдында елімізде қабылданған білім беру стандарттарының негізінде жаңа буын оқулықтарын жазу мәселелері күн тәртібіне қойылды. Жаппай оқулық жазу науқаны басталды. «Оларды сапалы жазу үшін не істеу керек?» деген сұраққа ешкім мән бермеді. Аз уақыт ішінде «қарқынды» жазылған оқулықтардың сапасы сын көтермей жатты. Ол әлі де жалғасуда. Іс жүзінде атына заты сай оқулық жазу – орасан қиын іс. Оған қойылатын талап осал емес. Оқулық теориясын, екінші сөзбен айтқанда, оқулық жазуға қойылатын дидактикалық талаптарды үңіле зерттеп, сол негізде жазбақшы оқулығына қатысты тыңғылықты әзірлік жұмыстарын жүргізбей тұрып, кімде болсын, төтеден килігіп, сапалы оқулық жазып шығамын десе, онысы – күпіршілік. Оқулық жазудың машақатын басынан өткерген әйгілі ғалым, академик А.Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивті ұшақты құрастырып шығумен теңеген еді. Осыны түсінсек, қане. Сапалы оқулық жазу үшін, бірін­ші­ден, оқулыққа ғылыми білім мен педагогиканың синтезі ретінде қарау керек. Екіншіден, авторлар оқулықтану ғылымын меңгерулері қажет. Үшіншіден, қолға түскен қолжазба сапасын теория­лық және тәжірибелік тұрғыдан анық­тайтын мониторинг жүйесін жасау тиіс. Формализм мен біліксіздікке, принципсіздік пен өзара ымырашылдыққа жол беру опындырмай қоймайды. Төртіншіден, оқулықтың мемлекеттік, қоғамдық мәртебесін көтеру керек. Қазіргі кезде авторлар оқулықтың негізгі жұмыстан қолдары босаған кезде, жұмыс арасында, бар жоғы 6-8 айда жазады. Бұлай жазылған оқулықтың сапасы сын көтере ме? Жоқ. Осы күнгі дау-шар осының кесірі. Жақсы оқулық жазу үшін, оқулықтану ғылымының қорытындысына жүгініп, жан-жақты дайындығы бар авторлық ұжым үш-төрт жыл бойы үздіксіз еңбек етулері тиіс. Сонда мінсіз оқулық оқушы қолына тиеді. Қазіргі уақытта 11 жылдық мектептен 12 жылдық мектепке өту мәселесі күн тәртібіне қойылып тұр. Мұндағы негізгі мақсат «білім, білік, дағды» білім беру парадигмасынан, «нәтижеге бағдарланған, оқушылардың бойында қажетті құзыреттіліктер қалыптастыратын білім беру» парадигмасына өту. Бұл орта білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Осы мақсатта дәріс бере алатын оқытушылар дайындау, оқу-әдістемелік құралдар жасау және басқа да көптеген дайындық жұмыстарын іске асыру өте күрделі ғылыми проблемалар қатарында тұр десек қателесе қоймаспыз. Елімізде нәтижеге бағдарланған білім­ді іске асыруға бағытталған оқулық жазу тәжірибесі мүлде жоқ және оның ғылыми негізі де жасалмаған. Демек, қазақстандық авторлар, мұндай оқулықтарды жазуға толық дайын деуге әлі ерте секілді. Бұл істе біздің айтар ұсынысымыз, жақсы оқулықтар дайындау мәселесін Білім және ғылым министрлігі толығымен өз қамқорлығына алуы керек. Оқулық авторлары мектебін ашып, оны қалыптастырып оқулықтарға теориялық және тәжірибелік мониторинг жүргізу жүйесін жасау қажет. Пән оқулықтары кешенін, электронды кө­мекші құралдарды жазатын, жасайтын авторлар ұжымдарын құрып, оларға жұмыс жасауға толық жағдай жасауы керек. Ұстаз құзыреттілігі Халқымыз ықылым заманнан бері балаға дәріс беретін ұстазды құрметтеп, ерекше ілтипат көрсеткен. Себебі, баланың келешекте қандай азамат болып өсетіні, оның ұстазының берген тәліміне байланысты екенін білген. Қазіргі ғылыми-зерттеулер мұның шындығын толығымен дәлелдеп отыр. Америкалық Mc&Kinsey компаниясының ғалымдары АҚШ-тың үш штатында жүргізген зерттеулеріне қарасақ, бастауыш мектепте ең озат делінетін 20% ұстаздан және құзыреттілігі төмен 20% мұғалімнен білім алған оқушылардың 4 жылдағы білім сапаларының айырмашылығы 52% екен. Ал, бастауыш мектепте білімі төмен саналатын мұғалімнен оқыған оқушылардың тек 25%-ның ғана орта мектеп стандарты деңгейінде қабілеттері ашылатыны дәлелденген. Бұдан шын мәнінде, білімнің негізі бастауыш мектепте қаланатынын аңғару қиын болмас. Білім сапасы жоғары елдерде бастауыш мектеп ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Финляндия мемлекеттерінде мектепті жақсы бітірген 10-20% түлектер ғана педагогикалық мамандықтарға құжаттарын тапсыра алады. Құжаттарын қабылдамас бұрын олардан, осы кәсіпке жарамдылықтарын, яғни олардың бойларында келешек ұстаз адамға қажетті қасиеттер бар ма, жоқ па, соны анықтау үшін, кәсіби бағытта емтихан алынады. Педагогикалық оқу орындарында теориялық білім тәжірибелік кәсіппен ұштастырыла беріледі. Бакалавриатураны жақсы бітіргендер магистратураға қабылданады. Бастауыш сыныптарға тек магистранттар ғана сабақ береді. Жас магистранттардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру үшін олармен арнайы коучерлер (тәлімгер) жұмыс жасайды. Ал біздегі жағдай қандай? Оны барша жұртшылық жақсы біледі. Ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін көтерудің әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген бірнеше жолы бар. Оның біріншісі, педагогикалық білім берудің ерте кезеңінде практикалық дағдылар қалыптастыру; екіншісі, мұғалімдерге қолдау көрсету үшін мектептегі тәлім­герлікті жан-жақты ұйымдастыру үшін; үшінші, жетекші тәлімгерлерді іріктеп алу; төртінші, мұғалімдер бір-бірінен үйрену үшін жағдай жасау. Білім сапасы көрсеткіштері жоғары елдерде осы тәсілдердің барлығы қатар қолданылады. Ол елдерде мектепке кәсіби құзыреті төмен бір ұстаз келетін болса, 40 жыл бойы балалардың сапалы білім алуына кері әсер етеді деп есептелінеді. Сондықтан, операция жасауға хирург маманды қалай дайындайтын болса, әр болашақ ұстаз солай әзірленеді. Елімізде, соңғы жылдары, ұстаз­дардың біліктілігін арттыру мақсатында Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесе отырып даярлан­ған 3 деңгейлі 3 айлық курстар ұйымдас­тырылуда. Мұғалімдер «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының өңірлік филиалдарында және басқа да курс­тар негізінде білімдерін жетілдіруде. Озық елдердің тәжірибесі мұғалімдерді семинарларға жіберіп, дәріс оқудың жеткіліксіз екені дәлелденген. «Сырттан әкелінген идеялар сыныпта және мектепте өзгерістердің болуына автоматты түрде әсер етеді деген түсінік іс-әрекет теориясы тұрғысынан жалған», дейді ғалымдар. Ұстаздардың бұл курстардан өтуге қызығушылық танытуларының басты себебі, 3-деңгейден өткен ұстаздар­дың еңбекақылары 30 пайызға, 2-деңгей­ден өткен ұстаздардың еңбек ақыла­ры 70 пайызға, ал 1-деңгейден өткен ұстаздардың еңбекақылары 100 пайызға көтеріледі. Курстарға мұғалімдер мектеп дирек­торларының жолдамалары негізінде қатысады. Басты мақсат – білім сапасын көтеру. Осы үшін Үкімет миллиардтаған қаржы бөліп отыр. Осынша қаражат жұмсалып курстар өткізіліп, оны тәмамдаған ұстаздарға қосымша теңге беріп жатқанда, білім сапасы артты ма, курс үмітті ақтады ма? Өкініштісі, оны ешкім де сарапқа салып отырған жоқ. «Судың да сұрауы бар», – дейді дана халқымыз. Дамыған елдерде ұстаз­дарға қосымша еңбекақы олардың еңбек жетістіктеріне байланысты тағайындалады емес пе? Ұстаз еңбегінің көрсеткіші білім сапасының деңгейі. Демек, қосымша еңбекақы осы көрсеткішке сүйеніп берілуі керек. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Қазіргі уақыттарда мектептерде балаларға жақсы білім беретін тәлімгер ұстаздарға қарағанда, 3 деңгейлік курсты бітірген, бірақ әлі де жақсы дәріс бере алмайтын ұстаздар мол жалақы алатын болып жүр. Бұл мұғалімдер арасында ала-құла әңгіме тудыруда. Білім деңгейінің көрсеткішіне қарай ақы тағайындауды іске асырған Польша елі PISA халықаралық зерттеу көрсеткіштері бойынша әлемде 2006 жылы 20-21-орындарды иеленсе, 2009 жылы 19, ал 2012 жылы 11-орынды иеленіп, жүлдегер елдер ілегіне қосылды. Бұл тәжірибені іске асыру үшін білім сапасын нақты анықтау көрсетіштерін жасау қажет. Бізде әлі білім сапасын анықтайтын мониторинг жүйесі жасалмаған. Ал дамыған елдерде бұл тірлік іске асырылған. Егер ниет болған жағдайда бізде де оны жасауға болады. Тәрбие деңгейі мен білім сапасын шынайы анықтау жүйесі жасалмайынша, қалған әрекеттің бәрі бос әурешілік болатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Егерде біз алдағы 4-5 жылда, басатауыш мектептерде оқитын балалардың тәрбие деңгейі мен білім сапасын көтере алсақ, онда сапалы орта және жоғары білім беру проблемасын 40-50 пайызға шешкен болар едік. Ол үшін алдағы уақыттарда педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру бағдарламасын дайындау қажет. ҰБТ Бұл мәселе кейінгі уақыттарда бас­пасөз беттерінде мол айтылып жүрген тақырыптардың бірі болып тұр. 2007 жылы «Егемен Қазақстанда» жариялан­ған «Сапалы білім – заман талабы» деген мақаламда: «ҰБТ-ны біздің елге ендіру осыдан 10 жыл бұрын басталса да, осы уақыт ішінде оны жетілдіру мақсатында пәлендей өзгерістер жасалған жоқ. Ал, ғылыми тестология бүгінге дейін ешкімге белгісіз, не педагогикалық жоғары оқу орындарында, не университеттерде оқытылмайды. Көріп отырғанымыздай, біздің ҰБТ-да қолданып жүрген тестілер шетелдерде қолданылатын тестілермен салыстырғанда, әлдеқайда қарадүрсін. Осындай тестілермен қаруланған жоғары сынып оқушылары 1998 жылдан бас­тап ҰБТ бойынша емтихан тапсыратын пәндерді терең зерделеп оқымайтын болды. Тестілеудің ең қарадүрсін әдісін елімізде ендіре отырып, соңғы 8 жылда балалардың барлық пәндерден іргелі білім алуға талпыныстарын қайтарып тастадық. Жоғары сынып оқушылары оқулықтарды, көркем әдебиетті оқуды, мәселенің мәнісіне үңілуді, теорияларды, құрылыстарды, бейнелерді талдап-түсіндіруді, өз ойларын жүйелеуді, негіздеуді қойды. Сонымен тестілеудің бұл жүйесі еліміздің білім беру жүйесіне орны толмас нұқсан келтірді», деп жазған едім. Содан бері тағы да 7 жыл уақыт өткен екен. Мен бүгінгі күндері ҰБТ-ға қатысты осы айтқандарымды толығымен қайтадан қайталаймын. Бұл мәселе хакім Абай айтқандай, «Баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас», қалпында қалып отыр. Қайталап айтам, елімізде, күні бүгінге дейін білім сапасы мониторингі жүйесі жасалмаған. Білім жетістігін бағалау жөнінде бірыңғай құрылым жоқ. Білім жетістігін бағалаудың педагогикалық өлшемі туралы ғылым-тестология дамымаған. Педагогика ғылымы – балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету маңыз­дылығына қанша көңіл бөлсе, білім жетістігін бағалауға сонша көңіл бөледі. Мысалы, АҚШ-та өткен ғасырдың 90-жыл­дарының басында оқыту нәтиже­сі бойынша бақылау жүйесін дамыту шығыны елдегі білім берудің жалпы ­шы­ғынының 25%-ын құраған. Яғни, АҚШ білім сапасын дамытуға жүздеген ­мил­лиард доллар қаржы бөліп отырған деп айта кетуіміз керек. Әлем елдерінде білім сапасын баға­лаудың көптеген жүйелері бар. Соның ішінде елімізге қатысы бар PISA, TIMSS халықаралық зерттеулер орталығын айтсақ та жеткілікті болады. Мысалы, PISA зерттеулерінде 6 деңгейлі тапсырмаларды орындау қарастырылған. Бізде 3 деңгейлі, кейбір оқулықтарда ғана 4-деңгейлі тапсырмалар берілетінін байқадық. Ал 5, 6-деңгейлі тапсырмалар мүлде жоқ. Бұл жағдайда біз қалай білім сапасын озық елдер дәрежесіне көтереміз дей аламыз? Әрине, бұл үлкен сұрақ. Демек, білім сапасына мониторинг жүйесін жасау кезек күттірмейтін проблемалар қатарында тұр. Елімізде білім сапасын көтеру үшін, ең алдымен, бастауыш мектепте оқытылатын барлық пәндер бойынша балалардың білім сапасын анықтайтын мониторинг жүйесін жасап, сол бойынша жұмыс жасайтын мониторинг орталықтарын ұйымдастыру керек. ҰБТ жүйесін жетілдіретін ғылыми орталық құрылуы қажет. *  *  * «Менің арманым, ойым – Қазақ­станның мәңгілік болуы. Сондықтан мен Мәңгілік Ел деген идеяны ұсынамын», деді Елбасы,Ұлытау төрінде берген сұхбатында. Мәңгілік ел – дамыған ел. Қандай болмасын елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсе­кеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адами капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей тәуелді болатынын ескере отырып, оны дамыту мақсатында ғылыми негізде жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, профессор.