Туризм және спорт министрлігі ұсынған тізімге сәйкес, елімізде 2024–2025 қысқы маусымда демалуға болатын үздік 5 орын белгіленді.

Щучье – Бурабай курорттық аймағы – еліміздегі қысқы демалыстың негізгі бағыттарының бірі. Өңір туристерді тұмса табиғатымен, таза ауасымен, жоғары деңгейдегі жайлылығымен бірден баурайды. 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында өңірде туристік ағынның айтарлықтай артқаны байқалды. Орналастыру орындарының саны 203-ке жетіп, қызмет көрсетілген қонақтар саны 143 629 адам болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 949 адамға көп. Инфрақұрылымның дамуы мен қызмет көрсету сапасының жақсаруы аймақтың тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Алматы тау кластері
Алматы тау кластері қысқы спортты ұнататындарға белсенді демалыстың алуан түрін ұсынады. Тау кластері Қаскелең мен Түрген таулары араларын қамтиды. Құрамына қала аумағындағы Шымбұлақ, Алматау, Бутаковка, Табаған, Орман ертегісі, Ақбұлақ секілді тұмса табиғат аясындағы көрікті жерлер кіреді. 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында таулы өңір 1,2 миллионнан астам қонақты қабылдап, орналастыру орындарының саны 518-ге жеткен. Алматы тау кластері инфрақұрылым мен қызмет көрсету деңгейін ұдайы жетілдіріп отырады, отандық, шетелдік туристерге одан сайын тартымды ете түседі.
Катонқарағай курорттық аймағы
Катонқарағай курорттық аймағының табиғаты – тыныш әрі оңаша демалысты сүйетіндерге таптырмас орындардың бірі. 2024 жылдың алғашқы алты айында курорттық аймақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп қонақ қабылдап, ұсынылған қызметтердің көлемі 17,7 миллион теңгеге өскен.
Шарын шатқалы
Шарын шатқалы – қыс мезгілінде ерекше атмосфераға бөленіп, табиғат сұлулығын бағалайтын туристерге шабыт сыйлайтын мекен. Кеңейтілген инфрақұрылым мен жаңа демалыс орындары аймақтың туристік тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Шарын шатқалы келушілерге таңғажайып табиғат көріністерімен демалуға ыңғайлы мүмкіндіктер ұсынады.
Көкшетау және оның айналасындағы көлдер
Көкшетау және айналасындағы көлдер шаңғы әрі сноуборд тебу сияқты тыныш демалыс пен белсенді көңіл көтеруге арналған тамаша демалыс орындарын ұсынады. Қазір де аймақтың туристік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңірді отбасылық қысқы демалыс орны ретінде тартымды етеді.