• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Жидебай

891 рет
көрсетілді

туристерді жыл бойы қабылдайтын болады Қазаққа ұлы Абайды сыйлаған шығыс өңірі ақынның мерейтойына дайындық шараларын бас­тап кетті. Биыл хакімнің туған жері – Абай ауданында негізгі мерейтойлық шаралар өтеді. Осыған орай аудан орталығы Қарауылды абаттандыру мен көріктендіру, әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында тың өзгерістер күтіп тұр. Абай ауданы – қонағы көп мекен. Жидебайдағы ақынның соңғы он жыл өмірін өткізген үйі мен қазақтың қос алыбы – Абай мен Шәкәрімнің кесенесін көріп, зиярат етуге шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен меймандар толассыз ағылады. Ақынның туғанына 170 жыл толуы қарсаңында қонақтардың қарасы қалың болатыны даусыз. Сондықтан, Жидебай қорық-мұражайы қонақтарды қабылдауға дайын болуы тиіс. Абай ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Даниал Ахметов Жидебай кешеніне келетін туристер үшін қонақүй мен дәмхана қажеттігін жеткізді. Біршама жыл бұрын Абай мұражай-үйінің маңайында салынған нысан аяқталмай қалған болатын. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Жандос Әубәкір туристер көп келуі үшін кешеннің заманауи инфрақұрылыммен қамтылуы керектігін айтады. Бұл нысанды аяқтау үшін 16 миллион теңге қаржы бөлінбек. Осы орайда облыс әкімі әу баста жазғы қонақ үй ретінде жоспарланған қонақ үйді қысқы үлгідегі ғимарат етіп салу қажеттігін атап өтті. Сонда кешен туристерді жыл он екі ай қабылдай алатын болады. Айта кеткен ләзім, Жидебай – Құнанбайдың құтты қара­шаңы­рағы болған мекен. Құнан­бай­дан кейін оның кенже ұлы Оспанға қалдырылған. Оспан қайтыс болғаннан кейін қазақтың әмеңгерлік жолымен келіні Еркежанды алған Абай 1894 жылдан бастап, соңғы он жыл ғұмырын осы Жидебайда өткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.