Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Осынау мереке елімізде де ерекше атап өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеге қолұшын созған жандардың әрдайым құрметке бөленетінін әрі олар мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісі, шынайы отаншылдықтың айқын көрінісі екенін айтып, волонтерлер қозғалысына үлкен көңіл бөліп келеді. Міне, бүгінде республика бойынша 240 мыңнан аса белсенді волонтер, 740 еріктілер ұйымы мен мыңнан аса бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп жатыр.
Ықылым заманнан адамдар бір-біріне қолғабыс етіп, қайырымдылық жасап, мейірімділік сабақтастығын жалғап келеді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасының негізі де осы мызғымас құндылықтардан бастау алады. Байқап қарасақ, арамызда адамгершілік, ізгілік қасиеттерін ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілін танытып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында 62 жастағы Ләззат Өтеғұлова да бар.
«Күміс волонтер» алғаш еріктілікті тосыннан келіп әлемді тосырқатқан пандемия тұсында бастаған. Дерт дендеп, жұрт даурыққан сәтте көкейдегі қорқынышын басып, жүректегі мейірімге зейін қойып, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті қарт азаматтарға азық-түлік, киім-кешек үлестірген. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың орталықтарына барып, жыртығын жамап, жоғын түгендеп көптің алғысын арқалады.
– Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында жүріп, «Күміс еріктілер» клубының белсенді мүшесі болдым. Covid уақытында қасымда жүрген қыз-жігіттердің, егде азаматтардың бәрі ерледі. Ер, әйел деп бөлінбей, төтеден келген сырқатқа дес бермей, барлық ауруханаға оттегі баллондарын жеткізді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге демеу болдық. Қорғаныш киімдерін киіп, азық-түлік, қажетті дәрі-дәрмекті тегін тасымалдады. Осылайша, коронавирустың атойлаған кезеңінен де өттік. Араға уақыт салып, Астана қаласына қоныс аудардым. Мұнда да қол қусырып жата алмадым. «Айкуне» жаттығуын меңгеріп, волонтер ретінде мойнында өркеш-өркеш тұздары бар азаматтарға сабақ өткіздім. Кейін жаттығу үйренген орталықтан «Күміс волонтерлер» клубын құрып, қазір жаңа Нұра ауданында жұмысымды жалғастырып келемін, – деді қайырымды жан.
Кейінгі жылдары қоғамда шашына ақ түскеніне қарамастан қайырымдылық жасауда қайрат танытып жүрген егде жастағы отандастарымыздың қатары артты. Мәселен, елорданың бес ауданында Ләззат Дүйсебайқызы секілді 80-ге жуық «күміс волонтер» бар. Олардың ең үлкені – 80 жаста. Өзгелерге мейірім шуағын шашуға ұмтылғандардың ізгі, ізетті іс-әрекеті жас толқынға ғана емес, жастары жер ортасынан ауған азаматтарға да үлгі.
– «Күміс волонтерлер» клубы жас ұрпақты тәрбиелеуде де өз үлесін қосып келеді. Әсіресе түрлі тәрбиелік сағаттар мен іс-шараларда кейінгі буынға төл тарихымызды, қолөнерімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрміз. Атап өтсем, Астанадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицеймен меморандумға қол қоя отырып, 1,5 сағат көлемінде тәжірибелік сабақ өткіземіз. Оқушыларды кесте тігуге, тоқыма тоқуға, құрақ құруға үйретеміз. Сабақтың өзіне де ұлттық киімдермен барып, олардың назарын аударуға тырысамыз. Одан қалды домбыра, бесік, киіз үй сынды дүниелердің мән-маңызын түсіндіріп, мақал-мәтелдер жаттатамыз. Ұлт тарихындағы елеулі тұлғаларды еске алып, салт-дәстүрден әңгіме өрбітеміз. Негізі біздің жасымызда «күміс волонтер» болу – пайдалы. Өкше басып, із жалғаған жастармен тілдесіп, әр күніңді сауаты іске арнау, әділетті Қазақстанның қалыптасуына, ұлттық құндылықтардың тәрбиеде орнығуына ықпал етеді. Президент айтпақшы, еріктілер қоғамның келбеті болуы керек, – деді Л.Өтеғұлова.
«Ерік дегеніміз – қозғаушы күш, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуші құрал», деген Бауыржан Момышұлының сөзін ұстанымы еткен волонтер жастардың қайырымдылық мәдениетін қалыптастырудағы жұмысы көз қуантады. Олар білім, ғылым, спорт пен мәдениет, денсаулық сақтау және өзге де сан салада елеулі еңбек етіп жүр. Көктемгі тасқын кезінде де тәулік бойы тыным таппай, құтқарушылар мен баспанасына су кірген жандарға киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарды үлестірді. Жаға бекітіп, апаттың алдын алып, күн-түн демей ыстық тамақ дайындады. Өзге өңірлердегі жас буын да сын сағатта елмен бірге болды.
– 2011 жылдан бері қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып келемін. Еліміздің бірнеше облысын су басып, бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланған тұста аймақтарда құтқарушылар, жергілікті тұрғындармен «Жастар рухы» жастар қанатының 3 мыңнан аса волонтері де жұдырықтай жұмылды. Волонтерлер күнделікті түрлі жағдайға тап болады. Жан дүниеңнің қуанатын да, күйзелетін де кезі жиі болатыны рас. Көмек көрсетіп жүрген адамның тағдырын жүрегіңмен қабылдап, қапаланатын да сәтің болады. Телефонға телмірген қазіргі қоғамға мейірімділік керек. Қарапайым автобуста орын берген жасқа «Бақытты бол» деген жылы сөздің өзі жүректі жылытады. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасса, кем-кетігімізді жамап, рухани толығуға «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген аталы сөзді тағы бір мәрте дәлелдей түсетініміз анық, – деді «Жастар рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрмет.
Жалпы, волонтерлік ең алғаш 1920 жылы пайда болған деседі. Сол жазда соғыс зардабынан қираған ауылды қайта қалпына келтіруге сарбаздар асарлатып көмектеседі. Содан бері еріктілік қозғалыс әлі күнге дейін тоқтаған емес. Ал елімізде волонтерлік қызмет тәуелсіздік жылдары «БҰҰ еріктілері» бағдарламасынан басталған. Ал волонтерлік бастамаларды дамыту қажеттігі атап өтілген стратегиялық деңгейдегі алғашқы құжат Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006–2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы болды. Оның негізінде халықты еріктілікке тартуды көздейтін үкіметтік емес ұйымдар ашылды. Кейін қоғамда волонтерлік қызмет маңызының артуына орай 2016 жылы «Еріктілер қызметі туралы» заң қабылданды. Сәйкесінше, республикамызда волонтерлік саланы құқықтық реттеудің негізі қаланды.
Осы уақытқа дейін 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланып, еріктілердің құқын қорғап, өткір мәселелерін талқылайтын халықаралық, отандық бірқатар форум ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдар да жыл сайын еріктілер қауымдастығымен бірлесіп, 50-ден аса жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Осылайша, волонтерлік идеясы қоғамдық өмірде жаңаша қарқын алып келеді.