• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Форум 05 Желтоқсан, 2024

XII халықаралық Бірімжанов съезі өтті

92 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да химия және химиялық технология бойынша XII Халықаралық Бірімжанов съезі өтті.

Ғылыми басқосуды ҚазҰУ басқарма төрағасының орынбасары-бірінші проректор міндетін атқарушы Еркін Дүйсенов ашып, ел дамуындағы химия ғылымының маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық өркендеуінің іргетасы болып қаланған химия ғылымын дамыту қажеттілігіне баса назар аударып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да озық зерттеулер жүргізу үшін, оның ішінде химия саласында барлық жағдайлар жасалған. 2024 жылдың маусым айында химия және химиялық технология факультетінде алдыңғы қатарлы жабдықтармен жабдықталған 9 заманауи зертхананы қамтитын Farabi Chem Science заманауи кластері ашылды. Қолданбалы химия тұрақты даму үшін жаңа материалдар, технологиялар мен шешімдер жасауға жол ашады» деді Еркін Ерманұлы.

ҚазҰУ түлегі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі химия өнеркәсібі басқармасының басшысы Азамат Қален өз сөзінде қазіргі таңда өндіріс және химия саласын білікті кадрларсыз алға жылжымайды деген пікір білдірді.  Осы бағытта тиісті министрлік ҚазҰУ-ға мамандар даярлау ісінде қолдау көрсете отырып, білікті кадрлармен химия өнеркәсібін қамтамасыз етуге әзір екенін білдірді.  

Қазақстан-Америка Еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев шараға арнайы жолдаған құттықтау хатында «Бүгінде Қазақстан іскерлік, өркениетті әлемге сенімді түрде енуде. Бұл тәуелсіз Республиканың білімі мен ғылымына елеулі үлес қосқан ҚазҰУ түлектерінің елеулі еңбегі. Болашақта Қазақстан-Америка Еркін университетінің базасында химиктердің келесі форумын ұйымдастыруға дайынмын» деп атап өтті.

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Батырбек Бірімжанов табиғи тұз, пайдалану жолы, тыңайтқыштар химиясы, құрлықтық тұз түзілу теориясы, Қаратау және Ақтөбе фосфориттерінен концентрленген тыңайтқыш алу технологиясын зерттеген. Ғалымның зерттеулері фосфор және бор қышқылдарын тазартуды ұсына отырып, күрделі тұздарды синтездеу, шахта пештерінде күкіртті натрий өндіру әдістерінің өндірістегі тиімділігімен ерекшеленеді. Осы орайда Батырбек Бірімжанов атындағы қазақстандық химия қоғамының төрағасы, академик, форумның бастамашыларының бірі Мұхамбетқали Бүркітбаев пленарлық отырыстың ашылуында химия ғылымы, білім беру және өнеркәсіп саласындағы жетістіктерді тілге тиек етті. Ғалымның пікірінше, сарқылмайтын шикізат ресурстарының мүмкіндіктерін, елдің әлеуетін толық пайдалану үшін нақты шешімдер әзірлеп, ғылым, білім және өнеркәсіп алдында тұрған міндеттерді анықтау өте маңызды.

Пленарлық сессияда «Жану мәселелері институтының» ғылыми жетекшісі, Бірімжанов съезінің бастамашысы Зулхаир Мансұров, Назарбаев университетінің өнеркәсіп пен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-провост Жұмабай Бәкенов және қазіргі кездегі жоғары ұлттық химия мектебінің (ENSCR) өкілі Сильвен Жиров баяндама жасады.

Шара аясында «Химия өнеркәсібі үшін кадрларды даярлау» панельдік жиыны, «Индустрия және университет», «Зерттеулерді коммерцияландыру: ғылымды бизнеске айналдыру», «Химия және химиялық технологиядағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар», «Химияны оқытудың сын-қатерлері: жаңа стратегиялар», «Фармацевтика саласындағы жаңа трендтер» тақырыбындағы семинарлар, бос орындар жәрмеңкесі мен өндірістік компаниялар көрмесі жалғасып жатыр.

Шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С. Өтебаев атындағы Мұнай және газ университеті, KAZХИМИЯ химия өнеркәсібі қауымдастығы, Мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Дәстүрлі халықаралық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен химия саласының білікті ғалымдары, сарапшылар мен жас зерттеушілер, бизнес және өнеркәсіп саласының 250-ден астам өкілдері жиналды.

АЛМАТЫ