• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 06 Желтоқсан, 2024

Ғалам ғажаптары: «Operator» – ЖИ агенті

52 рет
көрсетілді

«OpenAI» жақын арада «Operator» деп аталатын жаңа ЖИ-агентін іске қосады.

Бұл жүйе компьютерді өздігінен басқарып, түрлі тапсырмаларды орындай алады. «Bloomberg» мәліметінше, алғашқы нұсқасы 2025 жылдың қаңтарында дайын болады. Мұндай агенттерді «Google» мен «Anthropic» компаниялары да жасап жатыр. Бұл технология ақпарат өңдеуден бөлек, компьютерлік жүйелермен тікелей жұмыс істейді. Сарапшылардың сөзінше, жоба жасанды интеллекті жаңа дәуірінің басы болмақ. Компанияның болжамынша, 2025 жылы мұндай жүйелер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. ЖИ зертханалары автономды агенттер жұмсалған қаржыны еселеп қайтарады деп отыр.

 

Жүзетін робот

Гарвард ғалымдары спирттің кө­ме­гімен суда қозғалатын кішкен­тай роботтар жасады.

Роботтардың диаметрі 1 см. Оларға ауа камерасы мен спирт құйылған бак орнатылған. Суға түскенде, спирт кіш­кентай тесіктен төгіліп, роботты қоз­ғалтады. Бұл үдеріс Марангони әсе­ріне негізделген. Яғни төменгі беттік ке­рілуі бар сұйықтық жоғары керілумен әрекеттесіп, тартылыс күшін тудырады. Роботтар 6 см/с жылдамдықпен 500 секундқа дейін қозғала алады. Спирт суды ластамайтындықтан, ең тиімді отын ретінде таңдалған. Ғалымдар күрделі траекториямен жүретін, бірлесіп әрекет ететін роботтарды да сынақтан өткізді.

 

Барлығын бақылайтын радиотелескоп

Қытайлар Цзилинь провинциясында диаметрі 120 метр болатын толықайналмалы радиотелескоп салып жатыр.

Радиотелескоп аспанның кез келген нүктесін бақылауға мүмкіндік береді. Жаңа құрылғы астероидтарды қадағалап, Күн жүйесінің планеталарын зерттеу­ге арналған. Телескоптың құрылысы 2028 жылы аяқталады. Жобаны Қытай ғылым академиясы жүзеге асырып жатыр. Ғалымдар құрылғы Қытайдың радиоастрономия, ғаламшарды қорғау саласындағы мүмкіндіктерін арттырады деп отыр.