• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шымкент 06 Желтоқсан, 2024

Ел сенімін арқалау – жауапты міндет

66 рет
көрсетілді

Еліміздегі жергілікті сайланбалы өкілді орган – мәслихаттардың құрылғанына биыл 30 жыл толды. Осыған байланысты Шымкенттегі «Көрме» орталығында арнайы мерекелік іс-шара өтті. Сенат, Мәжіліс, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері қатысқан бұл іс-шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматты марапаттады.

Шаһар басшысы: «Мәслихат­тың қоғамдағы рөлі қашан да биік. Бұл – жергілікті өкілді орган ретінде халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қалалық мәслихаттың әр шақырылым­дағы депутаттары шаһар­дың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Президент мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындардың мұң-мұқтажын бірігіп шешу жөнінде міндет қойды. Осы орайда қалалық мәслихат әкімдікпен бірге барлық мәселені шешіп, нәтижелі еңбек етіп келеді. Жиналған барша көпшілік қауымды еліміз бойынша мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын», дей келе бірқатар еңбек ардагерінің кеудесіне мерей­тойлық төсбелгілер тақты.

Сондай-ақ мерекелік жиында Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып беріп, бірқатар азаматты мерейтойлық төсбелгілермен марапаттады.

Шымкент қаласы мәслихаты­ның төрағасы Бахадыр Нарым­бетов іс-шарада мәслихат тари­хы­на тоқталып өтті. Ол өкілді органның қалыптасу кезең­дері­нен сыр шертіп, әрбір шақы­рылымында көрнекті өкілдер сай­ланғанын, олар өндіріс, ден­саулық сақтау, білім беру, бизнес, мәдениет салалары бойынша мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуын­да зор үлес қосқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы бар­­лық дең­гейдегі мәслихат депу­тат­тарының алғашқы респуб­ли­калық форумында сөйлеген сөзінде «Биліктің қос қанаты әкімдіктер мен мәслихаттың негізгі қызметі – халықтың әл-ауқатын жақ­сарту. Сол үшін бірлесе отырып, аян­бай еңбек етіп, ел сенімін ақтау не­гізгі міндет» деген еді. Осы орайда Шымкент қалалық мәсли­хаты барлық мәселе бойынша қала әкімдігімен бірлесе шешім қа­былдап, еңбектің нәтижесін көр­сетіп келеді. Мәселен, осы жыл­дың он айында мегапо­лис­тің эко­номикалық өсімі 12%-ды құрап, бұл көрсеткіш­пен Шымкент рес­публикада көш бастады. Қазір­гі таңда 2,7 трлн теңгенің 220 инвес­тициялық жобасы дайын, соған сәйкес келешекте 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылады. Ал жыл басынан бері мегаполиске тартылған инвестиция 536 млрд теңгеге жетті. Қалалық мәслихатта кәсіпкер депутаттар да аз емес. Олар инвестиция тарту, халықты кәсіпкерлікке баулу ісіне белсене атсалысып жүр. Сайлаушылардың сенімін арқалау – аса жауапты міндет. Сол жолда еңбек еткен ардагерлерді, бүгінгі депутаттарды мерей­тойларымен құттықтаймын. Олар ел мүддесі үшін әлі талай қыз­мет атқарарына сенімім мол», деді Б.Нарымбетов.

 

ШЫМКЕНТ