• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәселе 07 Желтоқсан, 2024

Болашағымызға бейжай қарамайық...

201 рет
көрсетілді

Бүгінде балалар қауіпсіздігі – өзекті мәселенің бірі. Балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалардың көбейіп кетуі қалың көпшілікті қатты алаңдатып отыр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та назар аударып, халыққа Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе», деп атап көрсетті.

Әріге бармай-ақ кейінгі үш-төрт жылдың мұғдарында айдың-күн­нің аманында шиеттей шүпірле­ген балалар үштен-төрттен көлде­нең қазаға ұшырап, қалың елдің қа­быр­ға­сын қайыстырды. Бақсақ, осы оқыс оқиғалардың көбісі балалар­дың қараусыз қалуынан болып отыр.

1 желтоқсан күні Ақмола облысы Шұбарағаш аулындағы жеке тұрғын үйде тұтанған өрттен 2017 және 2021 жы­лы туған екі бала тұншығып қайтыс болды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған қайғылы оқиғаға қа­тыс­ты пікір білдіріп, тың ұсыныс айтты. 

«2024 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін балалардың қаза болуымен байланысты 15 өрт болды, негізінен балалар үйде жалғыз қалған. Осы фактілерді сара­­лай келе, 12 жасқа дейінгі балаларды ересек­тердің қараусыз қалдыруына тыйым­ салу тұрғысындағы заң­намалық шара­лар әзірлеу қажет деп санай­мын», деді балалар омбудсмені.

Жоғарыда сөз болған қайғылы оқиға­ның барлық мән-жайы анықталып, қа­жет­ті тергеу әре­кет­тері жүргізіліп жатыр. Екі бала жеке үйде электр тоғының тұйық­талуынан тұтанған өрттің түтініне тұншығып қайтыс болған.

Биыл ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды аулында жеке үйде өрт шығып, төрт бала, қазан айында Қос­танай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала, қарашада Аста­­­на­­дағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұм­ды.

Ресми дерекке сүйенсек, мектеп жасына дейінгі, бастауыш сыныптардағы балалардың жара­қаттануы, қаза болуы көбіне өрт шығу, жол ережесінің бұзылуы, өзен-көлдерде шомылу, жұқа мұзда конькимен сырғанау, түрлі ойындар бары­сында болады. Өскелең ұрпақ – елі­міз­дің болашағы, өміріміздің жалғасы, біз­дің ең қымбат қазынамыз. Балалардың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету – ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеті, олардың құқығы мен заңды мүдде­лерін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі десек те, елімізде ең көп зардап шегетін осы балалар болып тұр.

Сонымен балалар омбудсмені жасы 12-ге толмаған баланы үйде қараусыз қалдыруға тыйым салуды заңдық тұрғыда бекітуді ұсынды. Бізде кез келген келеңсіз нәрседе адам шығыны шықпай, оның алдын алу мәселесі үнемі кемшін түсіп жататыны жасырын емес.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайдан жоғарыдағы ұсынысқа қатысты пікірін, арнайы заң әзірлеудің жай-жапсары туралы сұрап білген едік. Мәжілісменнің айтуынша, бұл мәселеге қатысты бірден заң қабылдануы мүмкін емес, заң мәселені біржақты ғана шеше алады, есесіне көп көлденең жағдай ескерусіз қалуы мүмкін.

«Кейінгі кезде ата-ананың қарауынсыз қалып, түрлі оқи­ғаға тап болып жат­қан бала­лардың мәселесі ушығып кетті, және де олар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бұл проблеманы заң­дық тұрғыда шешу жөніндегі ұсынысы осыдан шығып отыр. Дегенмен бұл салада қолға алынып жатқан жұмыстар да бар. Мәселен, Төтенше жағ­дайлар министрлігі тарапынан жер үйде тұратындарға өрт шыққан кезде белгі беретін дабыл жүйесін орнату секілді жұмыстар жасалып жатыр. 12 жасқа дейінгі балаларды үйде қараусыз қалдыруға болмайды деген заң шығардық делік, оған біздің қоғам дайын ба? Қазір әлемдегі геосаяси жағдай­дың тұрақсыздығы экономика­мызға қатты әсер етіп отыр. Қым­батшылық, эконо­микалық жағдай ­тіпті құбылмалы. Сон­дық­тан мұндай заңды қабылдап жіберсек, оның бақылануы қалай жүзеге асады деген мәселе бар. Өйткені онсыз да ері де, әйелі де қалт-құлт етіп күн кешіп отыр­ған отбасыларға кесірі тиюі мүмкін. Сол тұрғыдан бұл мәселе әлі де сарапта­лып, әлеуметтік зерттеулер жүр­гі­зілуі керек. Заңды қатайтып, халықты соған мойын­­сұн­дыруға болатын шығар, алайда ең ал­ды­­мен оның салдары қалай болады деген мәсе­ле зерделенуге тиіс. Мүмкін бұл мәсе­­лені шешудің басқа жолын қарас­ты­ру керек болар. Ең дұрысы, қауіп­сіз­­дік шара­ларын жетілдіру керек», дейді де­пу­тат.

Әлеуметтанушы Әсел Сәрсе­нова да бала­сын үйде жалғыз қалдырды деп ата-ана­ны кінәлай беру орынсыз екенін айтады.

«Мұндайда отбасының әлеу­меттік жағ­дайын ескеру керек. Көпбалалы әрі табысы төмен ата-ана баласын балабақша немесе басқа орталықтарға беруге қаржысы жетпей, амалсыз баласын үйде қалдыратын жағдайлар көп. Ал жағдайы бола тұра бала­ны үйге қараусыз қалдырып, оқыс оқиға туындаса, ата-ана өзі жа­уапты болады. Жағдайы келмей, баланы үйге тастауға мәжбүр болса, онда әңгіме басқа. Мұндай оқи­­ғалар жиі қайталанып кетті, бұ­дан сабақ алу керек. Қалай дегенде де бұл проблемаға немқұрай­­ды қарамай, мемлекеттік деңгейде іс-шаралар кешенін жасақтау керек. Айталық, мүмкін ата-анасы жұмыста жүргенде балаларға бас-көз болатын тегін орталықтар ашу керек шығар. Бұл орайда көмекке аса мұқтаж көпбалалы отбасыларды анықтап, таңдап алу қажет. Мемлекет тарапынан қазір де қолдау бар, бірақ бәріне бірдей жетпейді. Мұндай мәселеге жан-жақты қарау керек, билікті де, ата-ананы да біржақты кінәлаудың жөні жоқ», дейді маман.

Жалпы, мұндай талап әлемдік тәжіри­беде бар. Мысалы, Ұлы­британияда 14 жас­қа дейінгі бала­ларды ересектердің қарау­сыз қалдыруы қылмыстық іс болып саналады. Германияда 14 жасқа дейінгі баланы тіпті 10-15 минутқа жалғыз қалдырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ Ұлыбри­тания мен Германияның әлеу­мет­тік жағдайын да ескермей болмас.

Бала құқықтары туралы­ Кон­­­вен­цияның 26-27 баптарында: «Әрбір бала әлеуметтік қамтамасыз ету игіліктерін пай­­да­лану, оның ішінде өмірін әлеу­меттік сақтан­дыру құқығына да ие», «Мем­­лекет өзде­рінің балаларына қажетті жағ­дай­лар­­ды жасауға мүмкіндік­тері жоқ ата-ана­­лар­ға көмектесуі қажет», деп атап көр­сетілген.

Қазір әлемде балалардың қа­уіп­­­сіздігі мен құқығын қорғауға ерек­ше назар аударылса да, балаларды қараусыз қалдыру немесе өз бетінше өмір сүруге мәжбүр ету мәселесі әлі де өткір болып тұр. Әлеу­меттік зерттеулерге қарағанда, бала­­ларды қараусыз қалдыруға әсер ететін негізі фак­тордың бірі – әлеуметтік қам­сыз­дандыру жүйесінің әлсіздігі. Кейбір қо­ғамда, әсіресе дамушы елдерде, баланы қорғау жүйесі жеткіліксіз немесе толыққанды жұмыс істемейді. Бала­ларды қорғау ұйымдарының аздығы, ата-аналарға әлеуметтік қол­даудың жетімсіздігі – бұл мәселеге қатты салқы­нын тигізеді. Сонымен қатар қо­ғамда бала­лардың құқығы мен қажет­тіліктері жөнінде нақты әрі жүйелі ақпараттың аздығы да әсер етеді. Бала­лардың қараусыз қалуы тіпті қылмыстық ортаға тартылуына жол ашуы мүмкін.

Әлеуметтанушылар бұл мәсе­лені әлеуметтік стратификация тұрғысынан да қарастырады. Мамандар балаларды қараусыз қалдыру мәселесін жан-жақты талдай отырып, бұл проблема­ның шешімі – мемлекеттік саясат пен әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сін жетілдіру, қоғамның жауап­кершілігін арттыру екенін алға тартады. Ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі халықтың жалпы саны­нан балалардың үлесі 31%-дан асады екен. Демек бұл еліміздің үштен біріне жуығы деген сөз. Ендеше, баланың қауіпсіздігі – мемлекеттің қауіпсіздігі екенін әр кез есте ұстаған жөн.