Кеншілер қаласында нейро-ортопедиялық ақауы бар балалар көмек алатын аймақтағы алғашқы медициналық мекеме ашылды. «Қазақстан халқына» оңалту орталығы» қайырымдылық жобасы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған. Мұнда осындай санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кешенді әрі сапалы оңалтуға қол жеткізе алады. Жобамен жылына 600-ге жуық бала ем-дом қабылдайды.
Жаңа орталық облыстық көпсалалы балалар ауруханасында орналасқан. Орталық жергілікті атқарушы органдардың, «Қазақстан халқына» қорының серіктестері мен меценаттардың бірлескен күш-жігерінің арқасында ашылып отыр.
Оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының донорларымен стратегиялық жоспарлау және өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Шыңғыс Шарапиев, «ERG Көмек» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мәди Исмаилов, «Қамқоршылық қоры» қоғамдық қорының директоры Арайлым Еркінова қатысып, жаңа медициналық мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.
Бұл игілікті жобаны іске асыруға қаржылық демеушілік көрсеткен – «Eurasian Resources Group» компаниясы. «Қамқорлық қоры» қоғамдық қоры орталықты заманауи жабдықтармен жабдықтауға, мұндағы мамандардың кәсіби оқуын тереңдетуге көмегін тигізді.
– Бізге осы облыста оңалту орталығының ашылуы – аса маңызды. Өйткені Қарағанды облысы компаниямыздың туған өңірі саналады. Биыл «ERG» компаниясының 30 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Бұл орталық – еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға, инклюзивті қоғамды қолдауға қосқан үлесіміз. Ерекше қажеттілігі бар балаларға толыққанды өмір сүруге, әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік бере алатынымызды мақтан тұтамыз, – деді Қазақстандағы «Eurasian Resources Group» компаниясының бас директоры Серік Шахажанов.
Былтырдан бері ауруханада «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі жұмыс істейді. Онда осы уақытқа дейін даму кемістігі бар жүздеген бала мамандардың көмегіне жүгінді. Мұнда балалар 3 айынан бастап 3 жасқа дейінгі аралықта қабылданса, енді жаңа орталықта 18 жасқа дейінгі балаларға ем-дом көрсетіледі. Баланың туғаннан бастап, ересек жасқа дейінгі денсаулығы, жағдайы үздіксіз қадағалауда болады. Орталықта невролог-дәрігерлерді, реабилитологтерді, логопедтерді, дефектологтерді, емдік-денешынықтыру нұсқаушылары мен психологтерді қоса алғанда, кәсіби көпсалалы команда құрылып, өз жұмыстарына кірісті.
– Бізде барлық қажетті жабдық бар. Баланың жасына және бойына байланысты түрлі вертикализаторлар қолданылады. Барлық маман даярлықтан толық өтті. Олар аурухананың базасында оқып, тәжірибесін жетілдірді. Астана, Қостанайға да барды. Оңалту жұмысының сапасы жоғары болуы мақсатында дәрігерлердің біліктілігін үнемі арттырып отырамыз, – дейді облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Нина Деркач.
«Қазақстан халқына» қоры әлемдік брендтерден сараптамалық сыныпты медициналық оңалту жабдықтарымен жарақтандыруға 6 млрд теңгеден аса қаражат бөлді. Оған БОС-терапия кабинеттері, интерактивті, сенсорлық бөлмелер, иммерсиялық ванна секілді бірегей технологиялар жабдықталды. Бұлардың бәрі – ерекше қажеттіліктері бар балаларға үлкен көмек.
Игі жобаны қоғамдық қор «QН Оңалту орталықтары», «QН Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық бағдарламаларын іске асыру шеңберінде жүзеге асырып отыр. Алдағы уақытта қор барлық өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дәл осындай 25 оңалту орталығын ашпақ. Жақында Ұлытау облысында ашылды. Енді таяу күндері осындай мекеменің ашылуы Павлодар облысы мен Шымкент қаласында жоспарланып отыр, дейді қор басшылығы.
Қарағанды облысы