• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Баға 07 Желтоқсан, 2024

Тұрғын үй бағасы қалай құбылады?

181 рет
көрсетілді

Ұлттық экономика министрі апта басында өткен брифингте шетелден келетін құрылыс материалдары құнының өсуіне байланысты Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өзгеруі мүмкін екенін айтты. Министрдің айтуынша, мемлекет әлеуметтік және несиелік тұрғын үйдің бағасын реттеуді жалғастырады, ал қалған тұрғын үй нарығы сұраныс пен ұсыныстың ықпалына ұшырайды. Цемент және арматура сияқты базалық құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз еткенімізбен, ішкі әрлеу импортқа тәуелді болып қалады, бұл баға тәуекелін тудырады.

Құрылысқа қажетті тауар­­лар­дың 70 пайызын өз күшіміз­бен шығаратынымызды Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та мәлімдеді. «Бірін­ші кезекте мемлекет әлеумет­тік тұрғын үй бағасының тұрақты­лы­ғын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Біз «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары туралы, әкімдік нарықтан сатып алатын жалға берілетін тұрғын үйдің бағасы туралы айтып отырмыз. Бұл жерде, әрине, мемлекет бағаның жоғар­ғы шегін қатаң бақылайды. Біз өткен жылға қарағанда өзгеріс­тер күтпейміз», деп атап өтті министр Қ.Шарлапаев.

Министр жеке тұрғын үй нары­­ғын­да нарықтық тетіктер жұмыс істейтінін айтты. Алайда Үкімет құрылыс материалдарын өзіміз өндіру бағаның өсуін шектеуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр. «Нарықтық әсер отандық материалдар есебінен шектелуі мүмкін. Тағы да бұл нарық, әрине ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Нарықтың кейбір сег­менттерінде өзгеріс болуы да мүм­кін. Бұл жағдайда қандай да бір тіке­лей болжам жасау қиын» дейді Қ.Шарлапаев.

Кейінгі бірер аптада күзден бері ұйықтап жатқан нарық оянды. Доллардың қымбаттауына байланысты, құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын уақытша тоқтатып қойған сыңай­лы. Геосаяси ахуал мен бюджет тапшылығынан баспана на­ры­ғына қатысты болжам да қы­рық құбылып тұр. 2022 жылға дейін баға тұрақты түрде өссе, 2023 жылдан бас­тап өзгермелі жағдайлармен, құбылмалыққа бейімделіп кетті. Статистикада жыл басынан бері жүргізілген құрылыс жұмыс­та­рының 14,3%-ы тұрғын үйге тиесілі екені айтылады. Пайдалануға берілгендерінің қатары өткен жылмен салыстырғанда 6,2% өскен. Бірақ өсім бағаға әсер ете алмапты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінде бір жылда жаңа тұрғын үй бағасы орта есеппен алғанда 2,3% артты. Өзімізде өндірілетін құрылыс тауарлары толық циклді емес. Импорт басым, оның ішінде Ресей үлесі шектен шығып кеткен. Бағаны тұрақтандыруға әсер ететін факторлар уақыт өткен сайын әлсіреп барады. Жыл са­йын ел бюджетінің 20 пайызы құрылысқа жұмсалатынын, оның жарты бөлігі импортпен ілесіп, шетелге кетіп жатқаны жақында Парламентте ашық айтылды.

Құрылысшылар қауымдастығы төрағасы Виктор Микрюков апта басында Ал­матыда өткен жиында құрылыс шығы­нын қымбаттаған доллар құнымен қайта есептеу­ден басқа жол жоқ екенін айтты. Сарапшының пікірінше, көптеген құрылыс компаниясы доллардың қымбаттауына дайын емес. Әдетте, құрылыс компания­лары халықаралық ке­лісім­­шарт­тар жасасқан кезде валю­та бағамы күрт 10%-дан жо­ғары көтерілген жағдайда құнды қайта қарауға шешім қабылдайды. «Тек тәжірибелі компаниялар ғана тәуекелдерді хеджирлеумен айналысады. Бұлар көптен бері жұмыс істеп, дағдарыс құбы­лыс­тарымен бетпе-бет келген адамдар. Осылайша, құрылыс салу­шы­лардың көпшілігі мұндай күрт өзгеріс­терге дайын емес», деп санайды В.Микрюков.

Құрылыс­шылар қауымдастығы пре­зиден­тінің пікірінше, құрылыс на­рығын­да жиі құбылу байқалады. Осыған ұқсас жағдай 2007–2008, 2014–2015 жылдары да болды. Сарапшы атап өткендей, сол кезде көптеген компания жабылып, құрылыс салушылар өз нысандарының құры­лы­сын қаржыландыра алмай, алданған үлес­кер­лер­дің саны көп болған. Қазір жағдай өзгер­ді.

Жылжымайтын мүлік нары­ғының сарапшысы Александр Пакт­ың пікірінше, доллар баға­мы­ның жылжымайтын мүлік құны­­на әсер етуі уақытша жағдай. «Арада екі-үш ай өткенде баға бас­­­­тапқы бағамы­на қайта оралады. Себебі сатып алу мә­мі­лелері төмендейді, ал құрылыс ком­па­ния­­лары үшін пәтердің сатылып, айналымдағы қаржы капиталының көбейгені тиімді», дейді А.Пак.

Сарапшының айтуынша, қала сыртын­­­дағы жылжымайтын мүлік сегменті де ұйқыдан ояна бастаған. Мұндай құбылыс Аста­­нада да байқалып отыр. Демек алдағы бірер жылда қала сыртынан жылжымай­тын мүлікті сатып алу көлемі бүгінге қара­ған­да жоғары болады. Ұлттық статис­тика бюро­сының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылғы қазанда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 39 143 құрады, қыркүйекпен салыстырғанда олар 1%-ға азайды.

Ипотекалық нарыққта банк несиесінің мөлшерлемесі өспейді. Сарапшының айтуынша, олар көбінесе Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемесіне тәуелді. Себебі нарықта құрылыс компаниялары тарапынан коммерциялық ұсыныстар пайда бола бастады.

Александр Пактың айтуынша, доллар бағамының құбылып тұрғанына қарамастан, қазір тұр­ғын үй нарығы тұрақты. Адам­дар­дың зейнетақы қоры түгелдей дерлік сарқылды. Жеңіл­дікті несиелеуге басымдық беретін бағ­дар­ламалар сег­ментінде жаңа­лық жоқ. Яғни сатушы­­­лар­дың қосалқы нарықтағы пәтер бағасын көтеріп жіберуіне де себеп жоқ.

2024 жылдың екінші жартысы тұрғын үй нарығы 1,5 жылдық де­малыс­тан кейін ұйқыдан оян­ғанын, сатып алушылардың да белсенділігі арта бастағанын жоға­рыда айтып өттік. «Тұрғын үй несие­леріндегі коммерциялық ипо­теканың үлесі 30-32%-дан 42% -ға дейін өсті. Демек нарық сауыға бастады. Алдағы уақытта кез келген құбылмалылықты нарықтың өзі реттейді деген болжам бар. Мұндай жағдайда биыл және келесі жылы бастапқы тұрғын үй бағасына доллар емес, инфляция әсер етеді», дейді А.Пак.

 

АЛМАТЫ