Тұрақты әрі үздіксіз қуат көзі бәрімізге керек. Оның үстіне энергия – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан энергия тақырыбы ешқашан күн тәртібінен түспейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі назар аударып отырады.
Қазіргі уақытта елімізде таза энергияға деген көзқарас өзгерді. Оның бір дәлелі биылғы қазан айында өткен бейбіт атом электр стансасын салуға қатысты өткен жалпы халықтық референдумда көрініс тапты. Ал таяуда Астана қаласы әкімдігі «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» қарасты Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-мен бірлесіп, таза энергия тақырыбына арналған кітаптардан арнайы кітап көрмесі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ағартушы іс-шара бір күндік қана емес. Анығында көрме бір ай бойы кітапхана оқырмандарына қолжетімді болады. Сондай-ақ кітапхана оқырмандарына «АЭС: Тұрақты энергия» атты арнайы дайындалған 20 минуттық фильм көрсетілді.
Ондағы мақсат – атом электр стансасының алдағы жұмысы туралы көпшілік назарына толыққанды ақпарат ұсыну. Халық арасында таза энергия өндіру жолы АЭС-ке қатысты үстіртін әңгімелер айтылғанмен, ғалымдар дәлелдеген, ғылыми еңбектер мен деректі фильмдер айтарлықтай көп емес. Сондықтан ғылыми тұрғыда дұрыс түсінік қалыптастыру мақсатымен осы деректі фильм көрсетілді.
Ізгілікті іс-шараға «ҚАЭС» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков қатысып, еліміздің таза энергия көзіне деген мемлекеттік ұстанымын, сондай-ақ жаһандық жылынуға қатысты халықаралық келісімдер мен шарттар жөнінде түсінік берді. Сөйтіп, жиналған аудиторияға таза энергияның ел өміріндегі рөлі мен бүгіні және болашағы туралы кеңінен тарқатып әңгімеледі.
«Атом электр стансасы – біле білгенге, ел үшін ұзақ мерзімді пайда көзі. Өнеркәсіп пен ел экономикасы үшін маңызды әрі қажетті перспективалық жоба. Қазір елімізде қауіпсіздік деңгейі жоғары жаңа буынды АЭС салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар нысанды салу және пайдалануға қатысты барлық үдеріс бүкіл өркениетті әлемде қолданылатын халықаралық қауымдастық әзірлеген ережелер мен талаптарға сәйкес жүзеге асырылады», деді инженер.
Оның айтқанына құлақ қойсақ, бұл жобаға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік те (МАГАТЭ) араласатын болады. Қазір ядролық реакторлар әлемнің 31 елінде жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында АҚШ пен Франция да бар. Бүгінде Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және Ресей елдерінде АЭС салынып жатыр.
Іс-шараны ұйымдастырушылар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен осы саланың қызығушыларын және таза энергияға қатысты таным-түсінігін кеңейтемін деген әрбір астаналықты аталған көрмеге шақырды. Көрме бір ай бойы жалғасады.