Жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді деп жоспарланып отыр. Экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл құжат «бизнес пен инвестицияларды ынталандырып, экономикалық өсім мен өндірістің ұлғаюын қамтамасыз етуге тиіс» дейді. Салық кодексінің жаңа жобасы 822 баптан тұрады, жаңасы қабылданған соң қазіргісі күшін жояды.
2025 жылдың шілдесіне дейін құжатқа өзгерістер енгізіліп, қабылданады. Жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемелерін енгізуге, банктер мен криптобиржалар үшін жаңа фискалдық саясатқа, әкімшілендіруді цифрландыру және басқаларына қатысты өзгерістер көп. Салық кодексінің жалпы көлемі 2001 жылдан бері үш есе өскені осыған дейін айтылған. Енді сарапшылар тобы жаңа ережелердің жиынтығын неғұрлым қарапайым әрі түсінікті етіп жасауды жоспарлап отыр.
Биыл маусым айында Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында жаңа Салық кодексінің жобасын жариялады. Құжатта Кодекс салық салудың негіз құраушы қағидаттарын белгілейтіні, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды реттейтіні айтылды.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, басты бағыт қайта-қайта өзгеріс енгізілмейтін тұрақты заң қабылдауға бағытталуға тиіс. «Елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Жаңа салық кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге және тұрақты салық төлеуге дағдыландыруы қажет. Заңдағы басты ой – салық төлеу, оны төлемеуден арзан болуы керек», дейді Мәжіліс депутаты.
Әділет министрлігі Заңнама институтының статистикалық талдау деректеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексіне 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілген екен. 2018 жылғы қаңтарда күшіне енген Салық кодексінде біршама жеңілдіктер қарастырылған. Бірінде талап күшейтілсе, бірінде керісінше, жұмсарыпты. Ал бұл жолғы өзгерістер, экономист Алмас Чукиннің айтуынша, мемлекеттік бюджет тапшылығы мәселесін шешіп, Ұлттық қордан ақша алуды тоқтататын бағыттарға көбірек назар аударылып отыр. «Бізге Салық кодексінің жаңа редакциясы міндетті түрде қажет. Өзгерістер қоғамның тұрақты екенін сезіну үшін керек. Өзгерістерді енгізу үшін де, алып тастау үшін де жауапкершілік болуға тиіс. Сол кезде ғана өзгерістердің бағасы бар екенін және өзгерістердің күшін жоюдың да бағасы бар екені сезіледі», дейді сарапшы.
Қаржы министрлігінің ресми деректері бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында кірістер 5,6 трлн теңгені құрады, бұл жоспардан 20%-ға аз, ал шығыстар 10,7 трлн теңгеге дейін өсті, бұл жоспардан 95%-ға жоғары. Бюджет тапшылығы шамамен 50%-ға жетті. Бюджет алшақтығы салықтың аз жиналуынан өсуде, ал салық жоспарларының орындалмауы ҚҚС және корпоративтік табыс салығымен байланысты.
Алмас Чукиннің айтуынша, бізде салықты көтеру арқылы табысты көтеруден өзге жол жоқ. Жалғыз біз емес, әлем осы бағытты құп көріп отыр. Сарапшының айтуынша, салық саясатының фискальды және экономикалық қыры бар. Үкіметтің экономикалық блогі үшін алғашқысы оңтайлы. Егер келер жылдың бюджетіне 25 триллион теңге керек болса, Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі мұны Мәжіліс алдында 25 трлн жинау үшін салық мөлшерлемесінің екі-үш нұсқасының бірін таңдап алу қажеттігін ескертуі қажет. «Ал Парламенттің міндеті – сол үш нұсқаның бірін таңдау. Біздің бюджет үшін үш жаңа табыс көзі бар: оның екеуі – пайдаға салынатын салық, адамдардың табысына салынатын салық, үшіншісі қосымша құн салығы. КТС инвестицияның басты көзі. Пайда есебінен негізінен кәсіпорындар дамып келеді. Ал екінші бағытта бизнес көлеңкеге кетіп қалмайтындай деңгейде көтеруге болады. Экономикаға зиянын тигізбеудің жалғыз шешімі – ҚҚС-ты ең болмағанда 16%-ға дейін көтеру. Біз келер жылға қажет салық мөлшерін осындай жүйемен шығаруға болады», дейді А.Чукин.
Кезінде қор нарығын дамыту үшін мемлекет бағалы қағаздардан алынатын табыстарға салық салуды алып тастады. Бір жағынан, бұл қор нарығын айтарлықтай жақсы дамытуға мүмкіндік берді. 2024 жылдың басынан бастап банктер мемлекеттік бағалы қағаздардан алынған табысқа салық төлеуге міндеттеледі.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы төрағасы Елена Бахмутованың пікірінше, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша салық енгізу банктердің пайдасына айтарлықтай әсер етпеуінің екі себебі бар. «Біріншіден, нарықтық тиімді сыйақы мөлшерлемесін сақтау үшін атаулы кірістілік барлық МБҚ бойынша өзгереді. Екіншіден, егер 2023 жылғы 1 қыркүйектегі банктердің жалпы пайыздық кірістерінің құрылымына қарайтын болсақ, онда барлық бағалы қағаздар бойынша сыйақы алуға байланысты кірістер шамамен 20%-ды құрайды. 70%-дан астамы – клиенттермен операциялар бойынша пайыздық кірістер. Бұл ретте банктердің жиынтық балансында бағалы қағаздар 11,2 трлн теңгені құрайды», дейді ҚҚҚ кеңесінің басшысы.
Жаңа Салық кодексінде екінші деңгейлі банктер үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) ставкасы 2025 жылдан бастап енгізілуге тиіс, реттеуші саясат жөніндегі консультативтік құжатқа сәйкес, 20%-дан 25%-ға дейін арттыру ұсынылады. «КТС мөлшерлемелерін саралау: 25% – банк секторына; 20% – жалпы белгіленген мөлшерлеме; 10% – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге, қаржылық лизингке, әлеуметтік салаға (білім, медицина, денсаулық сақтау)», – делінген қоғамдық талқылауға жарияланған құжатта.
Бұл ретте Үкімет салық салынатын қызметтер құнының айырмашылығын банктер өз кірістері есебінен жабады деп үміттенеді. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, «қаржы секторында қазір көптеген жеңілдіктер бар. Ал сол жеңілдіктер күрт қысқартылса, бұл ешкімге ұнамайды».
Экономист, ЦентрКредитБанкінің бұрынғы басшысы Ғалым Хұсайыновтың айтуынша, ҚҚС, жеке тұлғаларға берген несиесі арқылы өтеледі. «ҚҚС жанама салық болғандықтан, клиенттің мойнына түседі. Банктер қызмет құнына ҚҚС қосады және тиісінше оны клиент төлейді. Жеке тұлғалар ҚҚС соңғы төлеушілері болады. Заңды тұлғаларға ҚҚС енгізу әсер етпейді, себебі олар қызмет көрсету немесе тауар сату кезіндегі тізбек бойынша оны құнға қосады, сондықтан іс жүзінде бұл ҚҚС-ты бәрібір жеке тұлға төлейді» дейді Ғ.Хұсайынов.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, 2025 жылы уран пайдалы қазбасын өндіруге салынатын (ПҚӨС) салық қазіргі 6 пайыздан 9 пайызға дейін артады. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан жылдық өндіріс көлемі мен уранның орташа бағасына байланысты сараланған мөлшерлеме енгізілді. Енді мұндай салықты елдегі көмір, темір тәрізді аса ірі кен орындарын игеріп отырған инвесторларға салуды қолға алу керек.
GAMS қауымдастығының директоры Данияр Темірбаевтың пікірінше, елімізде бөлшек инвестициялар индустриясы қалыптасты. Биылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша KASE және AIX биржаларының депозитарийлерінде 4,6 млн жеке инвестициялық шот тіркелген, оның ішінде шамамен 2,8 млн KASE орталық депозитарийінде және 1,8 млн AIX-те тіркелген. Инвестициялық шоттар санының өсуі мемлекеттік компаниялардың қатысуымен байланысты. Өкілдік тізімнің 70% – мемлекет қатысатын компаниялар. QAMS нарыққа қатысушылардың 90% өз салықтарын дербес декларациялай алады деп болжайды. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес инвестор-резиденттер биржалық операциялардан түскен табыстарға салынатын салықтың 10%-ын төлеуге міндетті (алынған дивидендтер және бағалы қағаздар құнының өсімі), ал резидент еместер үшін ставка 15%-ды құрайды. Алайда резиденттер үшін де, шетелдік инвесторларға да көптеген салық жеңілдіктері бар. KASE-дегі сауда-саттыққа қатысушыларға жеңілдіктер кодексте бекітілген. Құн өсiмiне салық, егер заңды тұлғалардың немесе резидент еместердiң мәмiлелерi ашық сауда-саттықтан тыс жүргiзiлген жағдайда ғана алынады. Биржада сатылатын мемлекеттік облигацияларға келетін болсақ, тіпті бұл шарт қолданылмайды. «Жаңа Салық кодексі аясында инвесторлар үшін бірыңғай жеңілдіктер пакетін енгізуге Үкімет те мүдделі. Қазақ жерінен табыс тауып жүрген шетелдіктерді де Салық кодексімен интеграциялайтын кез келді», дейді Б.Зиябеков.
АЛМАТЫ