• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Желтоқсан, 2024

Спорт кешенін салған зейнеткер

85 рет
көрсетілді

Жетпістен жасы асқанда да аттан түспей, қыруар шаруа атқарып, абыройға бөленіп жүрген атпал азамат Оңалбек Әуелбековтің өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Зейнеткердің туған ауылына заманауи үлгіде спорт кешенін салып беруі мақтауға да, мақтануға да татитын іс.

Түркістан облысы Отырар ауданын­дағы Қоғам ауылынан қазақ күресі, самбо, дзюдодан спорт шеберлері көптеп шықты. 70-жылдардың ортасында осы ауылға қазақ күресінің қазығын қағып, керегесін көтерген білікті бапкер Оңалбек Әуелбеков арада елу жыл болғанда заманауи үлгідегі спорт кешенін соғып берді. Қалаға сұранып тұрған зәулім кешенде шарболаттай шыңдалып, спортпен шұғылданамын деген өренге қажеттінің бәрі бар.

Оңалбек Өтебайұлы бүгінде зейнеткер. 29 жасында оқу ағарту ісінің озық қыз­меткері атағын алған білікті ма­ман. Қоғам орта мектебінде дене шынық­тыру пәнінен сабақ бере жүріп қазақ кү­ресінің үйірмесін ашып, бала­ларды балуандық өнерге баулыды. Мектептің бұрышындағы ұлардың ұя­сын­дай ғана бөлмеге төселген кілем үс­тін­­де шыныққан өрендердің алды облыс­тық, республикалық турнирлерде топ жарып, әлемдік додаларда олжа салды.

«Жыл сайын ауылымызға мектеп бітіруші түлектер 10, 20 жылдық кездесуге келеді. Туған жерге туын тігуге даяр тұратын азаматтар құр қол келмейтіні белгілі. Былтыр 10 жылдық кездесуге жиналған азаматтар ақылдаса келе, ауыл жастарына үндеу тастады. Қоғам орта мек­те­бінің әр жылғы түлектеріне бастамашы, ұйытқы болып спорт кешенін салуды қолға алдық. Ең алдымен білікті бапкер, ел ағасы Оңалбек Өтебайұлы ағамыздың батасын алып игі істі бастасақ деген байламға келдік. Білікті бапкер біздің ұсынысымызды бірден қолдады. Тіпті қаржылай қолдау көрсе­те­тінін айтып, қанаттандырып қойды. Ақ батасын берген соң ауқымды шаруаға білек сыбанып кірістік. Бірақ біз жинаған қаражат тек кешеннің іргетасын құйып, қабырғасын көтеруге ғана жетті. Құрылысты толық аяқтап, спорт кешенін ашу үшін әлі де қыруар қаражат қажет болды. Оңал­бек Өтебайұлы жұмыс барысын жіті қадағалап, бақылап отырған еді. Екі сөзге келген жоқ, қажетті қаржы­ны ауда­рып жіберді», дейді Қоғам ауы­лының тұр­ғыны, игі істің бастамашысы Дәурен Мұқанов. Оңалбек Өтебайұлы өзінің кәсібінен тапқан, зейнетақысынан жиған қаржысынан қомақты сома бөлді. Спорт кешенінің құрылысына жұмсал­ған қаражаттың 70%-ын, яғни 20 миллион теңгені осы азамат аударды.

Әр адам өз мамандығына шынайы, құлай берілгенде ғана нәтиже шығара алса керек. Оңалбек бапкердің есімі аталғанда ауылдастары оның Отырар ауданының орталығы, 18 шақырым жердегі Шәуілдірге жаяу қатынап та балаларды күреске баулығанын тебірене айтады. Аудандағы спорт мектебінде шәкірттерді күреске баулып, кері қайтарында да жаяу тартады. Қазіргідей көліктің ағылып жатқан кезі емес, сирек жүреді. Осындай жанкешті еңбектің нәтижесі де еселі болды. Оңалбек бапкердің баулыған балуандары алдымен аудандық біріншілік, түрлі турнирлерде олжа салды, кейін облыстық, аймақтық жарыстарда да жеңіске жетті. Республика чемпионатында да командалық есепте Түркістан (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан) облысының құрама­сы бірнеше мәрте топ жарды. Жекеле­ген шәкірттері арасынан Құралбай Орынбасаров Азия чемпионатын үш мәрте ұтса, Ердәулет Құрманов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

«Қоғам ауылында спорт кешенін салуды көптен бері ойлап жүр едім. Өйткені 1976 жылы қазақ күресінің үйірме­сін ашып, балаларды ұлттық спортқа баулығанда мектептің аядай ғана бөлмесінде қолдан күрес кілемін сырып, жаттығу өткіздік. Ешқандай жағдай жасалмаған бөлмеде жаттығып-ақ шәкірттерім жеңіс биігінен көрінді. Сол кезде осындай заманауи үлгідегі кең әрі жарық спорт кешені салынса деп армандаушы едік. Тәуекел деп бастап кетуге, қысқа жіп күрмеуге келмей, қаражат қолбайлау болды. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, шаруамыз жолға қойылып, табысқа кенелген соң сол мақсат-мұрат қайта қылаң беріп еді. Ауылымыздың жастары өздері бастама көтеріп келгенде қуандым. Елдің ертеңгі тізгіні осындай көзі ашық, тереңнен ойлай білетін буынның қолында. Спорт кешенінің құрылысы уақытында аяқталды. Мені қуантатыны – ауыл балаларына бар­лық жағдайдың жасалғаны. Жуына­тын бөлмесінде ыстық су да, суық су да жылдың қай мезгілі болсын тоқтаған емес. Орталық қазандықтан жылу бе­рілген. Күн суытқан мезгілде де балалар жау­рамай, алаңсыз дайындық жүргізеді. Спорт кешенінде тоғызқұмалақ ойынына да арнайы бөлме жасақталған. Ауылдың балалары үйірмеге жазылып, ертелі-кеш зияткерлік ойынның қыр-сырын меңгереді», дейді Оңалбек Әуелбеков.

Спорт кешенінің ашылуы жастардың саламаттылықты серік етіп, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр. Сабақтан келгеннен кейін телефонға бай­ланбай, бір ауық тоғызқұмалақ ойнап, ойлау қабілетін дамытады, танымын кеңей­теді. Тіпті Қоғам ауылының балалары тоғ­ызқұмалақтан та түрлі деңгейдегі тур­нирге қатысып жүлделі болып та жүр.

Қазақ күресінен бапкер Қоныс Арыстанов Оңалбек Өтебайұлы ауыл­дан Алматыға көшіп кетсе де жиі қатынап, балалардың күресу өнерін жіті қадағалап отыратынын айтады. «Ағайымыз жас балалар маңызды сайыс­тарға атта­нарда қар­жылай қолдау көрсе­т­іп, демеу­шілік танытады. Күреске арналған күртешелерге дейін сатып алып, жыл сайын жәрдемдесіп отырады. Кезінде бізді баптап сайыстарға апарғанда да өз қаражатын шығындап, қажетті затты алып беретін еді. Кейін ойлап отырсақ, мұның барлығы да мамандығына деген адалдығы, сертіне беріктігі екен. Қашан да өзінен шәкірті озғанын қалайтын еді. Әділдікті ту етіп, үнемі шындықты айтуға үйретті. Содан кейін сайыс кезінде төрешілер тарапынан шәкірттеріне әділетсіздік жасалып, жеңісін тартып алып жатса, кіммен де болсын ақырына дейін айқасып, ақи­қатты ақтап, жеңіп шығатын. Өзі жат­тығудан әсте кешіккен емес. Отбасы­ның жеке шаруасы шығып қалса да, жат­тығуды үзбейтін. Бізді де солай баулыды. Темірдей тәртіптің арқасында то­лайым жеңіске қол жеткіздік», деген Қоныс Арыс­танов Қоғам ауылындағы күрес залын­да көрші ауылдардың да бала­лары жатты­ғуға жазылғанын мақтаныш­пен жеткізді.

Туған жеріне туын тігіп, ат жалын тартып, есейген шағына дейін құтты қонысына айналған Қоғамға спорт кеше­нін салып берген қайраткердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Отырар ауданының құр­мет­ті азаматы атанды, сый-құрметке кенелді. Бір әттеген-айы, қазақ күресі, самбо, дзюдодан көптеген спорт шеберін әлем чемпионатының жүлдегерін шың­дап шығарған білікті маманда еңбек сіңір­ген бапкер мәртебесі жоқ, кезінде өзі құнт­тамапты. Зейнеткер шағында спорт кешенін салу тек осындай жомарт жүрек­ті адал жандардың қолынан келсе керек.