Ел астанасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған «Astana Piano Passion» II республикалық жас пианистер байқауы өтіп жатыр.
Шығармашылық дода ұлттық фортепиано мектебін дамытып, дарынды жас музыканттарды қолдауға, сондай-ақ классикалық және академиялық музыканы, отандық композиторлардың музыкасын және фортепианода орындау шеберлігін дәріптеуге бағытталған.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың орындау шеберлігін арттыру, олардың кәсіби дамуына үлес қосу және халықаралық жобаларға дайындық жасау секілді міндеттерді алға қояды. Сонымен қатар іс-шара барысында тәрбиешілер мен оқушылар арасында тәжірибе алмасуға да жағдай жасалған.
Байқауға еліміздің мәдениет және өнер саласы бойынша білім ұйымдарында «Фортепиано» мамандығында оқитын 7 жастан 18 жасқа дейінгі жас пианистер қатыса алады. Бұған дейінгі «Astana Piano Passion» байқауларының Гран-при жəне бірінші орын иегерлері бұл додаға сол жас санатында қатыса алмайды. Байқау төрт жас санаты бойынша өтеді. Атап айтсақ, 7–9 жас, 10–12 жас, 13–15 жас және 16–18 жас аралығындағы өнерпаздар.
Байқаудың бірінші күні «С» санатындағы қатысушылардың жеребесі мен тыңдалымы және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі А.Тебенихиннің шеберлік сыныбы өтті. Конкурстың онлайн-трансляциясын ҚазҰӨУ-дің YouTube-арнасынан тамашалауға болады.