Биылғы маусымның қорытынды жарысы Токио қаласында өтті. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирден еліміздің беткеұстар балуандарының барлығы да босатылып, Жапония астанасында қосалқы құрамдағы спортшылар өнер көрсетті.
Өкінішке қарай, ізбасарлардың дүбірлі додаға қатысып, дүлдүлдермен тең дәрежеде белдесуге әлі де дайын емес екені осы жолы анық байқалды. Күншығыс елінде татамиге шыққан дзюдошыларымыз алғашқы айналымдардан аса алмады. Дәурен Сүйекенов пен Шерзад Давлатов (60 кг) тұсаукескер кездесулерінде бразилиялық Мишель Аугусто мен моңғолиялық Елік Қазірбиектен жеңілді. Бақытжан Әбдірахманов (66 кг) румыниялық Лусианом Борстан басым түскенімен, іле-шала америкалық Джек Енезукиге жол берді. Жалғас Қайролла (73 кг) жапониялық Кайто Аманодан айласын асыра алмады. Әділет Сапарғалиев (100 кг ) Моңғолияның өкілі Энхбаяр Алтаншағайдың алдында дәрменсіздік танытты. Оларға қарағанда Максим Мейірлан (81 кг) тәуір күресті. Бастапқы бәсекелерде Оңтүстік Корея мен Италияның мықты балуандарынан басым түскен ол үшінші кезеңде татами қожайыны Гоки Тажимағаға есе жіберді.
Күншығыс елінде қыздардан да нәтиже болмады. Толғанай Әбеуова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Самалай Ерғалиева (63 кг), Назгүл Маратова, Карина Тәкиева (+78 кг) «шу» дегенде сүрінді.