Ішкі әскерлердің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің құрылу тарихы 1987 жылдан басталады. Бұл санаттағы бөлімшелердің еліміздегі алғашқы қарлығашы деп Алматы қаласы маңындағы Каменка кентінде құрылған 5-жедел бригаданы, яғни сол кездегі оқу-жаттығу ротасын айтуға болады.
Алғашқы аяқалыс
Бұрынғы алып одақ тарқар тұстағы заман аса күрделі болғаны баршаға аян. Саяси саладағы жүйесіздік, ел аумағында бірнеше «отты нүктенің» пайда болуы, т.б. ел ішін әбден әбігерге салған кез. Сол кезде қақтығыс аймақтарындағы жанжалды ауыздықтауға арнайы мақсаттағы оқу роталары да тартылған еді. Сондай-ақ олар 90-жылдары терроризмге қарсы операцияларға, аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтауға, қылмыстық топтарды жоюға және басқа да арнайы операцияларды жүргізуге қатысып, жауынгерлік және кәсіби тәжірибе жинақтады. Оқу-жаттығу ротасының сарбаздары тәжік-ауған шекарасындағы қазақстандық батальон құрамында жауынгерлік қызмет атқарғанын айрықша атап өткен жөн.
1999 жылы 11 желтоқсанда Ішкі әскерлердің арнайы күштерін «Бүркіт» жасағы етіп қайта құру туралы Ішкі істер министрінің бұйрығы шықты. Сол кезден бері 11 желтоқсан – бұрынғы Ішкі әскерлер, қазіргі Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің құрылған күні ретінде атап өтіледі.
Әскердің арнайы күштерінің алғашқы командирі болып полковник Юрий Гаврилов тағайындалып, 2000 жылы Петропавл, Орал, Шымкент, Астана, Өскемен, Қарағанды қалаларында бөлімше взводтары құрылды. 2003 жылы Астана қаласындағы Ішкі әскерлер Бас басқармасында «Бүркіттің» жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығы жұмыс істей бастады. 2005 жылы ол жауынгерлік даярлық басқармасының жауынгерлік және әдістемелік даярлау бөлімшесі болып қайта құрылды. Сөйтіп, бөлімше басшылығы жақын және алыс шетелдердің арнайы күштерінің құрылу тарихын, оларды қарулы және жергілікті қақтығыстарда қолдану тактикасын мұқият зерттеді.
Арнайы жасақтың асқаралы міндеттері
«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің алдына қойылған міндеттер орасан. Атап айтқанда, ішкі істер органдарымен бірлесіп жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу, қоғамдық қауіпсіздікті, төтенше және соғыс жағдайының құқықтық режімдерін, терроризмге қарсы операцияны қамтамасыз ету, төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысу, ел аумағында қарулы қылмыскерлерді залалсыздандыру, заңсыз әскерилендірілген немесе қарулы құралымдардың (топтардың), ұйымдасқан қылмыстық топтардың (қоғамдастықтардың) қызметін тоқтату жөніндегі арнайы операцияларға қатысу, ауыр және аса ауыр қылмыстардың, диверсиялардың, террористік актілердің жолын кесуге қатысу сынды тапсырмалар жүктелді.
Бұл міндеттерді орындауға «Бүркіттің» жігіттері әрбір келеңсіз жағдайға сақадай сай болуға тиіс. Сондықтан оқу-жаттығу дайындықтары кезінде бірінші кезекте ғимараттарда, көлікте лаңкестер тұтқындаған, кепілге алған адамдарды босату, елді мекен ішінде қылмыскерлерді залалсыздандыру, түзеу мекемелеріндегі тәртіпсіздіктердің жолын кесу сынды тапсырмаларды орындайды. Биіктен, судан, оттан, жарылыстан қаймықпауға дағдыландыратын психологиялық дайындыққа зор көңіл бөлінеді. Бір сөзбен айтқанда, «Арнайы күштер шегінбейді, арнайы күштер жеңеді» деген қағидаға сәйкес дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Олардың кәсіби шеберлігі елімізде орын алған бірнеше оқиға кезінде сыналып, тексерістен өткен болатын. Мәселен, 2000 жылы «Сұңқар» арнайы күштерімен бірлесіп іс-қимыл жасай отырып, Алматы қаласында ғимараттағы қарулы қылмыскерлерді ұстаса, 2010 жылы Ақтау қаласындағы қатаң режімдегі колониядан қашқан сотталғандарды құрықтауда табандылық көрсетті. 2011 жылы Балқаш қаласындағы түзеу мекемесінде орын алған тәртіпсіздікті басу, 2012 жылы Атырау қаласындағы терроризмге қарсы операция жүргізу, 2016 жылдың маусым айында 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған қарулы террористерді қолға түсіруде олардың біліктілігі мен кәсіби қабілеттері шешуші рөл атқарды.
Аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау мен кепілге алынған адамдарды босату кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Бүркіт» арнайы күштерінің 50-ден астам әскери қызметшісі Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Күрең берет» – батылдық белгісі
«Бүркіт» жасағына тек үздіктер жиналады. Іріктеу өте қатаң. Ол жерде үміткерлердің физикалық дайындығына, ерік-жігеріне, төзімділігіне ерекше талаптар қойылады. Соның ішінде арнайы күштердің элитасына «Күрең берет» сынағынан өткен әскери қызметшілер қабылданады.
1991 жылдың шілде айында жауынгерлер Ішкі әскерлердің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің нышаны – «Күрең беретке» біліктілік сынақтарын алғаш рет тапсырды. 1999 жылдан бастап бұл сынақ жыл сайын республиканың әртүрлі климаттық белдеуінде өткізіледі және екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде әскери қызметшілер жауынгерлік және арнайы даярлық нормативтерін тапсырады. Екінші кезеңде бірінші кезеңнен өткен үміткерлер 9 нормативті орындай отырып, 65 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді. Оның ішінде таулы аймақтарда, суда жүзу, тәжірибелік ату тапсырмаларынан өтіп, үш қарсыласпен қоян-қолтық ұрыс жүргізеді. Мұның бәрі шектеулі уақыт аралығында жүзеге асырылады. Бұл емтихан – жоғарғы сыныпқа өту жолы, яғни сол арқылы үздіктер «Күрең береттер бауырластығына» қабылданады. Осы жылдар аралығында 300-ден астам «Күрең берет» иесі дайындалса, қазіргі таңда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде 183 «күрең берет» иесі қызмет атқарады.
Арнайы жасақ жауынгерлері құрылған сәттен бастап бірнеше рет республикалық және халықаралық жарыстарға, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және әлемнің басқа да елдерінің тактикалық-арнайы және терроризмге қарсы жаттығуларына қатысып, жоғары орындарға ие болды. Үздік жауынгерлік дайындықтарын көрсетті. Тәжірибе алмасу және кәсіби дайындығын арттыру мақсатында «Бүркіт» бөлімшелерінің әскери қызметшілері еліміздің мемлекеттік органдарының бөлімшелерінде, сондай-ақ Түркия, Қытай, Ресей елдерінде оқу-жаттығудан өтіп тұрады.
«Жас бүркіт» отаншылдыққа тәрбиелейді
Олар алғашқы күннен бастап он мыңнан астам жедел-іздестіру және арнайы операцияларға, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін жою, есірткі қылмысына, қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі операцияларға қатысты.
«Бүркіт» бөлімшелерінің әскери қызметшілері мен ардагерлері әскерге шақырылғанға дейінгі жастармен әскери-патриоттық жұмысты белсенді жүргізіп келеді. Соның бір мысалы – 2003 жылдан бастап «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық қозғалысының жұмысы жанданды. Былтыр «Жас бүркіт» қозғалысы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Мемлекет басшысының әскерге шақыру жасындағы және әскерге дейінгі жастармен жұмысты күшейту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Ішкі істер министрінің бастамасымен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы «Бүркіт» көркем фильмі түсірілген еді. Кинокартина кейіпкерлері арқылы көрерменге Отанға деген махабат, достық пен отансүйгіштік, намыс пен абырой, Әскери антқа және қызметтік міндетке деген адалдық шынайы жеткізілген.