«Отбасы банк» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға келер жылдан бастап біршама өзгеріс енгізбек. «Наурыз» бағдарламасының ипотекалық талаптары күшейіп, салымшылардың депозитте жинауға тиіс қаражаты көбейеді. Сондай-ақ алғашқы жарнаны 10%-ға төмендету мәселесі кезекте тұр. Мұның бәрін Үкімет отырысында «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
Бағдарламада біршама өзгеріс бар
«Наурыз» бағдарламасына сәйкес, салымшы депозитінде үй алуы үшін 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы керек. Дегенмен бұл сома азаматтардың өтініші қабылданған соң, үй алуына жетпейді. Сондықтан банк бұл соманы көтеру туралы ойлана бастаған. Талқыға салған.
– Конкурстан өткен салымшы аз уақыт ішінде пәтер құнының 20%-ын салуға тиіс. Қазір 2,5 мыңнан астам өтініштің 39%-ында ғана 20%-ды құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысу үшін салымшылардың депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды тездетеді. Аталған шара салымшыларды қорғау үшін жасалып отыр. Салымшылар ақша іздеп, үйіне жөндеу жасап жүрмеуі керек. Конкурстан өткен соң, бірден баспанасына қоныстануы керек, – деп түсіндірді банк төрағасы Л.Ибрагимова.
Айтпақшы, шілде айында конкурстан өткен азаматтарға 20 пайыздық сомаға қатысты талаптарды орындауға 6 ай берілген. Десе де, банк басшысының сөзінше, кейбір қатысушылар сол уақыттан бері аталған қаражатты жинай алмаған.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша таза әрлеудегі пәтерлерге алғашқы жарна көлемі төмендетіліп, минимал депозит мөлшері артады. Бұл өзгеріс келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Келесі жылы бағдарламаға 300 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
– Талдау барысында екі мәселе анықталды. Біріншіден, көптеген сатып алушы пәтердің дайын болғанын қалайды. Себебі жөндеу шығындары көбейеді. Осыған байланысты банк тұрғын үй-құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізді. Енді таза әрлеудегі пәтерлер бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Бұл – ынталандыру шарасы, – деді банк басшысы.
Сондай-ақ «Отбасы банк» жеңілдетілген «Наурыз» бағдарламасын 2025 жылы да жалғастыру үшін 200 млрд теңгенің облигациясын шығармақшы.
– Бағдарламаларды жалғастыру үшін 2025 жылы қосымша 200 млрд теңгенің облигациясын шығарамыз. Банк облигацияларды 14-15%-дан нарықтың бағамымен шығарады. 7%-ға дейін мемлекеттен субсидияланады. Бірінші рет 24 қаңтарда бюджеттен 8 млрд 180 млн теңге бөлуді сұраймыз. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасының табысты жүзеге асуына бюджет қаражатын бөлу үдерісін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие. Сондықтан банк осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды жоспарлайды, – деді.
Сыйақы берілмеуі мүмкін
Біраз уақыт бұрын «Отбасы банктің» депозиттерге төленетін мемлекеттік сыйақыны алып тастайтыны туралы ақпарат тараған еді. Брифингте басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мемлекеттік сыйақы депозит ашып, ипотекаға несие рәсімдейтін азаматтарға берілетінін айтты. Ал депозит ашып, артынша салынған қаражатын шығарып алатындарға берілмеуі мүмкін.
Демек алдағы уақытта «Отбасы банк» депозиттеріндегі мемлекеттік сыйақы төлеуге қатысты норма өзгереді. Қазір банк салымшыларына берілетін мемлекеттік сыйақының көлемі – 75-80 млрд теңге. Ал нормаларға өзгеріс енсе, ел бюджетіне түсетін салмақ азаймақ.
– Мемлекеттік сыйақы көлем жыл сайын артып келеді. Ел бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіп отыр. Қазіргі нормаларға сәйкес, салымшы 3 жыл бойы ақша жинап, депозитін шешіп алса, ол жиналған соманы сыйақымен бірге, толық көлемде шығара алады. Біз осы мәселеге талдау жүргізіп жатырмыз. Меніңше, бәрі әділ болуы керек. Мемлекеттік сыйақы ең мұқтаж, пәтер алуға ниетті адамдарға берілуге тиіс. Банк осындай өзгерістерді көздейді. Мемлекеттік сыйақы банктен ипотекаға үй алатын адамдарға ғана берілуі керек, – дейді Л.Ибрагимова.
Төрт облыста пәтер тапшылығы сезілмек
Банк төрағасының айтуынша, келер жылы 4 облыста пәтер тапшылығы сезілуі мүмкін. Себебі «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 68 700 ұсыным берілген. Дегенмен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Атырау облыстарында тұрғын тапшылығы байқалады. Бұл келесі жылы да қайталануы ықтимал. Ал «Baspana Market» порталына ілінген пәтерлердің бағасы бір жыл бойы өзгермейді.
– 2024 жылдың басты бағдарламасы «Наурыз және «Отау» болды. Аталған бағдарламалар іске қосылғаннан кейін нарықта тұрғын үй бағасының көтерілуін болдырмау мақсатында «Baspana Market» порталында брондау қолға алынды. Құрылысшылар осы порталға өз пәтерлерін қойғанда 12 ай бойы пәтер бағасын өсірмеуге тиіс. Қазір порталда 921 нысаннан тұратын 19 мыңға жуық пәтер бар, – деді төраға.
Еске сала кетейік, биыл «Наурыз» бен «Отау» бағдарламалары арқылы 9 370 отбасы жаңа баспана алды.
– «Отбасы банктің» басты мақсатының бірі – салымшыларды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету. Банк 11 айдың ішінде 32 895 заем берді. Жалпы сомасы 571 млрд теңге болды. Оның ішінде кезекте тұрған салымшыларға 7 861 заем берілді. «Отбасы банк» операторы болып есептелетін басқа ипотекалық бағдарламаларда 25 034 отбасы жаңа пәтерге кірді. Оның 40%-ы «Наурыз» бен «Отау» бағдарламаларына тиесілі. Осы арқылы 9 370 отбасы жаңа баспаналы болды. Жалпы сомасы – 240 млрд теңге. Бағдарламаны нақты жүзеге асыру маусым айынан басталды. Келесі жылдың басында жалғасады, – деген еді Л. Ибрагимова.