• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Жеңімпаздарға – жеңілдіктер

274 рет
көрсетілді

Қазақ гуманитарлық заң университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқор­лығымен еліміздің әр аймағынан мыңнан астам мектеп түлегі қатысқан «Бір ел – бір тағдыр» атты республикалық интеллектуалды шығармалар байқауы өтті. Бұл байқау ҚХА-ның 20 жылдығына орайлас­тырылды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде мектеп оқушысы «Бір ел – бір тағдыр» тақырыбында өзі қалаған орыс немесе қазақ тілінде эссе жазып жіберуі тиіс еді. Бұл ретте, аталған тақырып Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұсынылғанын айта кету керек. Жалпы, байқауға ұсынылатын тақырыптар мемлекет және оны басқарып отырған Елбасы  тарапынан жүргізіліп келе жатқан саясатпен тығыз байланысты.  Қазақ гуманитарлық заң университетінің президенті Мақсұт Нәрікбаев жыл сайын өткізіліп тұратын шараға былтыр 600-ден астам мектеп түлегі  қатысса, биыл олардың саны мыңнан асқанын жеткізді. Соның ішінен 250 жұмыс таңдап алынып, келесі кезеңдерге жіберілген. Ассамблея ұсынған тақырыпта эссе жазудан жеңімпаз атанған Махаббат есімді қыз баламен сөйлескенімізде ол былай деді: «Менің ойымша, бұл ел жасөспірімдерінің өз дарынын көрсетуіне және үздік оқу орнына түсуіне үлкен мүмкіндік». Ал өзін Валерия деп таныстырған қарағандылық студент  былтыр жеңімпаз атанып, грантқа ие болғанын алға тартты. Бірінші сынақтан сүрінбей өткендер «ҚазГЗУ» АҚ корпусында Қазақстан тарихы пәнінен компьютерлік тестілеу нысанында емтихан тапсырды. Үшінші шешуші кезеңде мектеп түлектері комиссия мүшелерімен сұхбаттасты. Комиссия мүшелері құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері  – Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова, «Қоғамдық келісім» ММ қызметінің басшысы Нұрбек Шаяхметов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері Жандарбек Мәлібеков, Зиябек Қабылдинов және де Қазақ гуманитарлық заң университетінің Қазақстан тарихы және жалпы білім беру кафедрасының профессорлары Жәния Құсайынова мен Лепуда Мұқатаева болды. М.Нәрікбаев сөз реті келгенде комиссия мүшелерінің, балалар еңбегін бағалауда ашықтық пен әділдікке жүгінетініне сенім білдірді. Жыл сайын мұндай шараларды өткізудегі басты мақсат ауылдағы талантты балаларды іріктеп,  тегін білім беруге тарту екенін де атап көрсетті. Бірақ балалар да сол тегін білімді өздерінің көрсеткіштерімен ақтауы тиіс, егер олай болмаған жағдайда, олардың орнын басқалары басатын болады, деді ректор. Бұл ретте, университет 100 миллион теңге көлемінде гранттар мен жеңілдіктер түрінде студенттерге қаржылық көмек көрсетіп келе жатқандығын айта кету керек. Сонымен, белгіленген үш кезеңнен сүрінбей өткен интеллектуалды байқаудың 10 жеңімпазына салтанатты түрде Қазақ гуманитарлық заң университетінде тегін білім алу гранты тапсырылды. Бұдан басқа, байқаудың ережесі бойынша барлық қатысушыға 10 пайыздық және екінші кезеңге өткендерге 20 пайыздық жеңілдіктер берілетін болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».