Семейде сан мыңдаған көрерменнің көңілінен орын алып, қаншама таланттың еңсе тіктеуіне зор үлес қосып келе жатқан облыстық Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының 90 жылдық мерейтойы өтті. Қазақ театр тарихының бесігіне баланған бұл мекенде 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанған болатын.
Хакім Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің отауында «Еңлік-Кебек» шығармасы алғаш қойылғанда бір жағы сахна, екінші жағы көрермендер отыратын орын болып екі киіз үй тігіледі. Елу тиыннан билет сатылған. Барлығы 54 сом 50 тиын жиналған. Түскен қаражатты Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына жөнелтілгені сол істің басы-қасынан табылған ерлердің азаматтығы десек жарар. Бұл туралы он жетінші жылы Алаштың үнжариясы болған «Сарыарқа» газетінде жалпақ жұртқа жария болды.
Шыңғыстау бауырында сахналанған «Еңлік-Кебек» пьесасы Ойқұдықта туған ойлы дүние бір күннің жемісі емес. Тарих диірменін кері шегерсек, Семейде Абайдың дүниеден қайтқанына 10 жыл толуына орай өткен әдеби кешке, сол заман шеңберіндегі «Күншығыс» кеші сияқты мәдени һәм әдеби отырыстарға барып тіреледі. 25 қаңтар 1914 жылғы Абайды еске алуға арналған кештен әңгімеші Көкбай, домбырашы Әлмағанбет, скрипкашы Мұқа – Абайдың ақындық не болмаса әдеби мектебінің үлгі-сорабы аңдалады. 1915 жылы 13 ақпанда Семейдегі приказщиктер үйінде өткен ойын-сауық кеші. Біржан-Сара айтысы театр сахнасына бейімделіп, музыка-инсценировка ретінде қойылды. Төрт бөлімнен тұрған үлкен сауық кешті ұйымдастырушы Нәзипа Құлжанова делінеді мұрағат материалында. Архив құжатын ақтарсаңыз, Семейде 1917–1918 жылдары қазақ, орыс, татар труппаларының қызмет еткенін байқауға болады.
1920 жылы талапты қазақ жастары мен оқығандары «Ес-Аймақ» атты мәдени-ағарту қоғамын құрды. Атауының өзі аймақты есейту, санасын ояту мәнін үстеді. «Қазақ тілі» газетінің 1922 жылдың 22 ақпанындағы санында «Луначарский театрында қазақ сауығы болады. Драманың соңын ала Иса ақын мен Жабайхан Дүбірұлы айтысады» делінген хабар тарайды. Бір айдан кейін дәл сондай хабарламада Иса мен Нұрлыбек ақынның айтысқаны тарайды. Ал дәл сол жылы 17 желтоқсан күні педтехникум жастарының қатысуымен «Күншығыс» сауық кеші өтті. Кейбір жерде бұл «Шығыс» кеші деп те айтылып жүр.
Рас, Мұхтар Әуезов айтпақшы, кәсіби театр элементтері Қарқаралы маңындағы Қоянды, Қарқара жәрмеңкесіндегі жиын-тойға, тіптен одан әрі тереңдесек, қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі жар-жар мен айтыс, салтты саралайтын, дәстүрді дәріптейтін мыңжылдық мәдениетіміздің мәйегі болып шығады. Демек қазақ театрының діңгегі тіпті әріде қағылғанын айғақтайтын дерек те жетерлік. Қазығымызды неғұрлым ары апарып қақсақ, театр аясы кеңейіп салары анық. Бұл өз шежіремізді шертіп, тарихтың қатпарлы сырын білсек деген лепесте айтылған ишара.
Театр тойы аясында алдымен «Абай театры тарих толқынында» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция шымылдығын түрді. Ғылыми басқосуда сөз алған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Семей филиалының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков Алаш кезеңінен бастау алған театр келешекте көрермен көңілінің кілтін тауып еңбектену жолы мен репертуарын байытуы туралы және өзекті мәселелер төңірегінде біршама ой айтты.
«Мұхтар Әуезовтің ұлт театры мен драматургиясы жайлы ойлары және оның трансформациялануы» тақырыбында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан, «Қазақстандағы театр өнерінің қалыптасуы – Абай театрының маңызы» атты баяндамасымен өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс театр туралы толғаныстарды ортаға салды. Сонымен қатар жергілікті ғалымдар мен өнертанушылар да өзге тақырыптар жайында егжей-тегжейлі пікірлерімен бөлісті.
Конференцияның түйіні ретінде Абай атындағы театрдың қоғамдағы рөлі мен театрдың қалыптасуы мен дамуы, қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі жан-жақты қамтылған «Тарихы терең театр» атты кітаптың тұсауы кесіліп, театр тарихының маңызды кезеңдерін, белгілі өнер қайраткерлерінің шығармашылығын, театрдың ұлттық мәдениеттегі орнын баяндайтын «Ойқұдықта маздаған театр» деректі фильмінің көрсетілімі ұсынылды.
Салтанатты іс-шара аясында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылды. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев театр ұжымы мен барша өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа автобустың кілтін табыс етті.
«Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғалиақпар Төребаев сынды көрнекті тұлғалар құрған мәдени орталық өңіріміздің рухани құндылығының символына айналды. Театрдың 90 жылдық тарихында өнер саласындағы толағай табыстардың шежіресі жазылды. Мұхтар Әуезов: «Театр – ең ұлы бейнелеу өнерінің бірі», деген екен. Бұл – облысымыздың ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мақтанышы, ұлттық мәдениеттің жарқын шамшырағы. Ынтымағы жарасқан театр ұжымына шабытты шығармашылық жолға жаңа жарқын табыстар тілеймін!», – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге Абай атындағы театрдың дамуы мен шығармашылық жетістіктерге жеткен өнерпаздар марапатталды. «Еңбек ардагері» медалі Альмира Айдархановаға табыс етілді. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Нұрбек Ташкенбаев, Талғат Төлеубаев, Елена Обухова, Айдос Байгелдин, Ерен Ахметов, Нұржан Хасенов, Әсел Нұрланова, Әлия Хамитова марапатталды. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы, «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тоқсан жыл бойы қазақ театр өнерінің тынысына дем беріп, қазақ руханиятының қазанында қайнаған театр саласындағы көрнекті тұлғалардың ізін жалғаған әртістерге табыс етілді.
«Еңлік – Кебекпен» есік ашып, «Ес-Аймақпен» ер жетіп, еңсе тіктеген өнер ордасы келешекте де өнер туындыларымен өріс ашып, театр саласының тұғырын тіктеуге атсалысары анық.
Семей