Өткен ғасырдың 20–30-жылдарында кеңестік империя «халық жауы» деген жаламен қазақ халқының мыңдаған асыл азаматтарын жазықсыз жазалағанына тарих куә. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысынан он мыңнан астам адам түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Сондай қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі – Хамза Ыбыраев еді.
Оның үлкен атасы Сәмтік би біраз жыл осы өңірде болыс болған. Хамза бала кезінен Сәмтіктің баласы Ыбырайдың қолында тәрбие көрген. Алғашқыда ауыл молдасынан оқып, кейінірек 1908-1910 жылдары әйгілі Абылай қажы Рамазановтың қазақша-орысша ашқан үшжылдық мектебінде сауатын ашқан. Бұл мектепте онымен бірге Е.Досболов, Қ.Смағұлов, Б.Жақыпов, Қ.Алпысов, Қ.Қосшығұлов, Е.Байгаскин, А.Сүлейменов, Ш.Баймақанов, Ш.Баширов сынды адамдар оқыған. Олар сол кездегі қазақ интеллигенциясының қатарында саналды. Өкінішке қарай, біразы қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. 1911 жылы Абылай қажы Рамазанов жол көрсетіп, сол кісінің басқарумен Сәмтік би немересі Хамза мен інісі Қанапияның баласы Ғаббасты Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне апарып оқуға түсіреді.
Хамза Ыбыраев медреседе үздік оқумен қатар қазақ шәкірттерінің ана тілі мен қазақ әдебиетін дамыту жолындағы талпыныстарына белсене қатысады. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев «Садақ» атты кітабында жазады: «1913 жылы «Қазақ» газетінің 8 және 15 желтоқсанында «Емле хақында» деген тақырыппен медресе «Ғалияның» 17 шәкірті, атап айтқанда: Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайнов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камаллиден Жайсақов, Ғаббас Қонқаев, Нұржан Еленов, Хамза Ыбыраев, Мұнарбек Ермектасов, Мырзахмет Қожақпанов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғанбаев, Молдахмет Есжанов, Қапан Ғабдылкеев, Хұсайын Ажаров қол қойған мақала жарияланады. Ол негізінен Ахмет Байтұрсынұлының араб алфавиті негізінде қазақ тілінде лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы – сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқталған ойлы мақала болатын».
Хамза Ыбыраев Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтің редакторлығымен қолжазба түрінде шығып тұрған «Садақ» газетінде де біраз қызмет жасайды. «Қазақ» газетіне мақалаларын жіберіп тұрды. Мәселен, газеттің 1915 жылғы 20 мамырдағы 128-нөмірінде жарияланған «Мұғалім қуу» атты мақаласын атап айтамыз. Ол медресені 1917 жылы үздік бітіріп, «имам хатиб уә мүддәрис» деген атаққа ие болады. «Имам» деген сөз жалпы жұртқа белгілі. «Хатиб» деген «елге уағыз айтуға», «мүддәрис» дегені «медресеге дәріс оқуға жарамды» деген мағынаны білдіреді. Сол жылы медресені бітірген 69 қазақ жастарының ішінде осы атақ тек үшеуіне ғана беріліпті. Соның бірі – Хамза Ыбыраев. Ол медресені бітіріп, елге қайтып келе жатқанда 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында Бірінші бүкіл қазақ съезіне қатысады. Бұл жиында Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы баcқаларымен кездесіп, танысады.
Елге оралғаннан кейін мектеп ашып, бала оқытады. Тек бұл жұмысы іске аспай, төңкеріс пен Азамат соғысының әсерінен мектеп жабылады. Жаңа экономикалық саясат жылдары сауда ісіне жақсылап кіріскен Абылай қажы медресе бітіріп келген сауатты Хамзаны жұмысқа шақырады. Қажы екеуі Қызылжар қаласында бірнеше дүкен ұстап, саудамен айналысады. Бұл іс Хамза отбасының материалдық жағдайын тәуір қылады. Бұл тыныштық та ұзаққа созылмады: үкіметке қарсы деп Хамза мен Абылайды түрмеге қамайды. Кейін Хамза Мағжан екеуі саяси айыппен тағы да тоғытылады.
Бостандыққа шыққан соң да алған білімін іске асыра алмай Ресей жерінде біраз қиыншылыққа тап болады. Соғыс кезінде Хамза еңбек әскерінде болғаны бар. Бар көрген қиянаты мен бір-ақ сәтте төрт баласынан айырылғаны жүрекке салмақ түсірмей қоймады. Сонда да мойымады, отбасын аман сақтап, балаларын оқытумен айналыса берді.
Осы тұлғаның біраз шығармасы қолды болып, «Әубәкір молда», «Етекбай қарт» еңбектері ғана басылып шықты. Хамза бар болғаны 65 жас өмір сүрді. Сол аз ғұмырында талай адамға көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып, ағартушылықпен айналысып, көпшіліктің есінде қалды. Оның зор адамгершілігі мен қайырымдылығы, білімділігі мен парасаттылығы, кішіпейілділігі мен мейірімділігі туралы көзкөрген жандар әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді.
Хамзаның жұбайы Ақық – әйгілі Құлеке батырдан тарайтын Мақаштың Ілиясының қызы. Ақық туралы да жақсы сөз көп айтылады. Ел-жұрты Хамзаны «Сары Хамза» десе, жасы кішілерінің барлығы Ақықты «Ақ апа» деп атаған.
Хамза Ыбыраев балаларының сауат ашқанын, білім қуғанын қалады. Өкінішке қарай, олардың есейіп, өскендерін көре алмады. Дүниеден өтерінің алдында жұбайы Ақық Ілиясоваға балаларды оқыт деп өсиет қалдырған.
Қазіргі уақытта Хамзадан тараған ұрпақ өсіп-өніп, бірталай жетістікке жетті. Ниязбек – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды университетінің Молекулалық нанофотоника институтының директоры. Қыздары – Салтанат біраз жыл педагогика саласында жұмыс атқарды, Гүлназ – заңгер, Қайыркен – кітапханашы, Алма – есепші, бәрі де отбасын құрып, бала, немере өсіріп жатыр.
«Тар жол тайғақ кешуде» қуғын-сүргіннің құрбаны болып, бойындағы бар қабілет-дарынын толық аша алмай арманда кеткен Хамза Ыбыраев сияқты азаматтарды еске алып, олардың адал еңбегін жас ұрпаққа насихаттау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Асыл азаматтардың есімін ардақтайтын осы игі жолдан таймасақ екен.
Самат Жұматайұлы,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері