Алматы облысының тұрғыны етене жақын емес болса да Қарағандыдағы сауда үйлерінің бірінің басшысынан 1,7 млн қарыз сұрап, кепіл ретінде жеңіл көлігін қалдырған, деп жазады Egemen.kz.
Polisia.kz мәліметінше, келесі күні сауда ұйымының басшысы кепілге алған көлігімен банктік шотқа аудару үшін 14 млн теңге сомасында қолма-қол ақша алып, жұмысқа келген. Сол тұста қарыз алушы көлікте ноутбук қалғанын сылтауратып, көлікті ашуын сұраған. Оның өтінішін орындап, жұмыстарымен өз жөніне кеткен. Біраз уақыттан кейін ол көшеге шығып, 14 млн теңге болған көліктің жоғалып кеткенін анықтаған. Ер адам күдіктімен байланысқанда, ол телефонын өшіріп тастаған.
Полиция Алматы облысының 35 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Ол букмекерлік кеңселердің бірінде үнемі ақшаны ұтысқа тігетінін түсіндіріп, бұл ретте де сәтсіздікке ұшырағанын мойындаған. Жинақталған қарызды өтеу үшін жәбірленушіден 1,7 млн теңге қарыз алып, айтарлықтай ұтысқа сенген. Кейіннен оқиға орнынан жасырынып, жәбірленушіге тиесілі 14 млн теңгені де тауып алған. Ол барлық ақшаны тағы да ұтысқа тігіп жіберген.
Полиция қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.