• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 13 Желтоқсан, 2024

Ана тіліміздің «Алтын адамы»

49 рет
көрсетілді

Саналы ғұмырын сөз дүниесіне сарп еткен санаулы тұлғаның бірі, қазақ тіл білімінің сардары, түркологияның тұғырлы тұлғасы, академик Әбдуәли Қайдар алыстаған сайын асқақ­тай көрінетін Алатау сынды рухани құбылысқа айналып үлгерді. Қазақ ғылымының марғасқасы, ана тілінің алдаспаны болған оның жасампаз ғұмыры артында қалған қазыналы мирасымен өлшеніп, уақыт өткен сайын салмағы арта түсері анық.

Қазақ тіл білімінің қай­раткері, түрколо­гия­ның тегеурінді тұл­ғасы, Түркияның «Dil Kurumu» қоғамының құрметті мү­шесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым акаде­миясының құрметті акаде­мигі, «Отан» орденінің иегері, Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының негізін қалаушы, академик Әбдуәли Туғанбайұлы іркі­ліссіз ізденістің, есепсіз еңбектің, мойымас мінездің, таймас табандылықтың адамы еді. Сондықтан оны ана тіліміздің «Алтын адамы» деп атауға болады. Есік қорғанына жақын маңда туғаны үшін де, қайшыласқан тұста қайрат көрсете жүріп қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп, Қазақ тілі қоғамын құрғаны үшін де, этнолингвистиканың түп бастауында тұрғаны үшін де, үндемей жүріп үлкен істерді атқарғаны үшін де осылай атау әділетті әрі абзал болар еді.

Ол сөз сүйегіне сіңген, кең пішілген, кенен білім жиған, халық даналығынан қанып іш­кен, соны үлкен арнаға құя біл­ген, тұтас кезеңге тұтқа бол­ған тұғырлы тұлға еді. Біз бү­гін тер­минологияның теп­сеңі, тіл­танымның түзеңіне шы­ғып тұрсақ, соған жақпар-жақ­пар­мен, қия-қиямен жол салған, тымырсық уақытта тоңға айнал­ған қазақ түркологиясының көбесін бұзып, сере қардан соқпақ шығарған ғасырлық шынарға – ғұлама абызға қарыздармыз.

Ол кәмелетке толған жасында соғысқа аттанды, майданнан оралған соң, ой майданына араласты. Қос майданнан да жеңіспен шықты. Көтеріп шық­қаны адамдық жалауы, кісілік байрағы еді. Жаман жерді басқан жоқ, жаңсақ пікір айтқан жоқ. Қырық атанға жүк болар жан­кешті жұмыс атқарды, артында мың баспа табақ еңбек қалды. Мың баспа табақ дегеніңіз, қырық миллион таңба деген сөз. Былай қарасаң, қарапайым арифметика сияқты. Алайда соның артында қанша ұйқысыз түн, күлкісіз күн жатыр.

Әрбірі Есік қорғанының кір­пішіндей «Қазақтар ана тілі әлемінде» үш томдығы ыждағатты кісінің ысырапсыз ғұмырын көрсетеді. Бұл жалғасты жұмыс, ғылым адамының эталоны болған тұлғаның этнолингвистикалық сөздігі қазақтану эпопеясын толықтырады. Қазақтану эпопея­сы деген сөзді текке айтқанымыз жоқ. Қазақ этнолингвистиканың қайнар бастауында тұрып, оның жеке ғылым саласы ретінде өр­кендеуі мен өсуіне тікелей бастамашы болған Әбдуәли Қайдар ұлтты тану тілді танудан басталатынын айқындап, айшықтап көрсетіп берді.

Этностаным мен тілтаным егіз екенін, осы екеуінің синтезі – этно­лингвистика біздің барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге бағдар екенін білдірді. Тоқсан жасында осылай толғанды. Тіл білімінің төбе биіне айналды. Төр­де отырып, төбе-төбе еңбегін ұсынды. Тамырлас түркі әлемін түгендеді. Қарымды қаламымен қатарласын қанаттандырды, мұраттасын мерейлендірді. Қазақ тілінің мәртебесі үшін даудан да, жаудан да тайсалмады. Қысым көрсе де, қыспаққа түссе де қа­зық еткен ойынан айнымады, қадақ еткен ісінен шегінбеді. Ол ұлтқа, елге қатысты қай мәселеде қайрат көрсетіп, қалың ортасында жүрді. Жұрт дегенде жүрегін ұсынды. Азаматтық ұстанымы айқын болды. Сондықтан Алаш арыстарының ақталуы, Тіл туралы заңның қабылдануы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы, әліппе реформасы секілді қабырғалы істер­де Ә.Қайдардың есімі қашан­да алғаш аталатын.

Азаттықтың ақ таңы арайлап атқанда түркология ғылымының қайта қанаттануына, ана тілінің тұғырына қонуына, тіл, терминология, латын әліпбиі жобасына қатысты беделді мінберлерде ұдайы сергек үн қата білді. Түп-тамырымызды қопара, түп-та­нымымызға түрен сала кел­ген «Түркітануға кіріспе» қазақ түркологиясын түбегейлі өзгерткен ерен еңбек болды. 1985 жылдан бастап жоғары оқу орындарына оқытыла бастаған осы еңбек түркітанушылардың әліппесіне айналды. Қазір түрік тіліне де аударылған бұл сүбелі еңбекті дүниежүзі түркологтері бағдар етіп алған.

Әбдуәли Туғанбайұлының әуелі індете оқып, пайымды пі­кірі қалыптасқан тұлғаның бірі – Шоқан Уәлиханов екен. Ғалымның бағдарлы бағытының бірі – ұйғыртану болса, Шоқан салған соны соқпақтан кейін шөп басқан осы жолға түсті. Кеңес­баевтың кеңесімен басталған «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» дипломдық жұмысы жүйе­лі ғылыми жұмысқа ұласты. Сондықтан оның қаламынан туған ұйғыр тілінің мәселесіне арналған іргелі де күрделі моно­графиялар сериясы да әлем­дік түркологияға қосылған қо­мақты үлес. Академиктің 1955 жылы «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» тақырыбында кан­­дидаттық, 70-жылдары «Ұй­ғыр диалектілері және әде­би тілдің диалектілік негізі» атты докторлық диссертация қорғауы, 1971 жылы «Қазіргі ұй­ғыр әдеби тілінің дамуы» атты монография жазуы – бұл сөзімізге дәлел. Түркі академиясы 2017 жылы басып шығарған «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» атты іргелі монография да осы ілкімді ізденістің жемісі еді. Ол осылайша, түркітанудың бір саласы ретінде жаңа көзқарас қалыптастырды.

Абыз аға аманатқа да бе­рік еді. Оны Халықаралық Түр­кі академиясына табыс­таған қымбат қолжазба мұра­ла­рынан да аңғаруға болады. Бұл қорда көрнекті ғалым­ның қолжазбалары, аға дос­та­ры­ның құнды мұралары сақ­тал­ған. Әсіресе әйгілі Әмір Нә­жіп­тің 4 томдық «Историко-срав­нительный словарь тюркских языков XIV века» («ХІҮ ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыс­тыр­малы сөздігі») деген іргелі ең­бегінің орны бөлек. Кеңестік құрсаудың қалың кезеңінде Әмір Нәжіп осы қомақты қолжазбасын баспаға тапсырған екен. Өкінішке қарай, оның І томы 1979 жылы Мәскеуде жарыққа шығады да, қалған томдары тоқтап қала­ды. Ғұлама ғалым Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста сыр­лас іні-досы Әбдуәли Туған­байұлымен өз шаңырағында дидарласып, жарық көрмеген қолжазба мұраларын аманаттап отырып: «Ортағасырлық жазба ескерткіштердің көбісі бүгінгі қазақ жерінде дүниеге келген, демек олардың мұрагері – сендерсіңдер. Мен ғұмырымды түркологияға арнадым. Еңбек­терімнің біразы жарияланды. Жарияланбағандары да аз емес. Соларды өзіңе аманат етем» деген екен.

Тоқсанның төріндегі абыз аға асыл аманатты бізге табыстап тұрып, осы сөздерді толқып айтып еді. Бұл ретте айта кетсек, Әмір Нәжіп аяқтаған іргелі де кешенді еңбекте ескі ескерткіштегі 2500 сөз түркі тілдерінің тарихи сөздіктері мен XI-XV ғасырлар аралығында жазылған 20-дан астам көне әдеби жәдігерлермен, сондай-ақ 20-дан астам қазіргі түркі тілдерінің бай материалымен салыстырыла берілген. Араб-парсы, сонымен бірге моңғол, бурят, қалмақ тілдерімен салыс­тырулар жасалғаны тынымсыз еңбекқорлықтың, төгілген тердің мөлшері сынды. Көп ұзамай, 2017 жылы біз іргелі еңбекті мұқият дайындап, жүйелеп, төрт томдық толымды кітап етіп басып шығардық. Сонда сертіне берік Әбдуәли аға мойнынан ауыр аманат жүгі түскендей, әрбір томды асықпай парақтап, тебірене бауырына басып, ақ батасын беріп еді. Риза болғандығы – сол жолы өзінің жеке заттары мен қолжазба хаттарын да академияға тапсырған болатын. Олар қазір академиктің көзі ретінде Халықаралық Түркі академиясының музейі мен кітапханасында сақтаулы тұр.

Сизиф еңбегі секілді сабылыс пен сарылыстан, самғау мен құлаудан, қайталау мен қай­раты кемуден тұратын ғылым жолы Әбдуәли Қайдарды қа­жытып, қамықтырған жоқ, қайта қайрады. Аманат шағына дейін арпалысып, ғылымның тасын арқалады. Ол еңбек өтеусіз болған жоқ. Көзі тірісінде жарық көрген «Ғылымдағы ғұмыр» атты 6 томын қарап отырып, сайын тұлғаның із салмаған, ілгегін таппаған саласы жоқтығына қайран қаласың. Этимология, этнонимика, сөзтану, түбіртану, терминология, ономастика, фразеология, тарихи лексикология, диалектология секілді тіл білімінің сан саласында сайраған ізі жатыр. Түркология мен алтайтануда да ана тілінің абызын айналып өте алмаймыз.

Хакім Абайдың «Толық адам» концептуалды идеясы­ның утопия еместігін Әбдуә­ли Туғанбайұлының өмірі мен болмысынан көреміз. Адамдықтың кемелдігіне анық мысал да осы. Мәуелі бәйтеректей болған ұлағатты ұстаздың жетекші болып, жөн сілтеген шәкірттерінің өзі қазір қадау-қадау ірі ғалым­дарға айналды.

Біз академик Әбдуәли Қай­дар жөнінде сөз қозғағанда, жүз жылдық жүйелі жұмыс, жүлгесі үзілмеген жарық болмыс, еселі еңбек пен ерен ерлік, ұлтты сүюдің үздік үлгісі, елге қалтқысыз қызмет қылудың биік белгісі жөнінде айтамыз. Ол ортақ істе олжа салған, жоқты іздеген, барды түгендеген, ұлт тілін ұлықтаған, бауырлас халық­тардың тұтастық туын көтерген, жаңа латын әліпбиінің бастауында тұрған, бір сөзбен айтқанда, ұлт руханиятын жаңғыртқан пассионар тұлға еді. Ғибратты ғұмырын, ғапылы жоқ ғылыми ізденісін, бүкіл өмірін сөздің мәнін ашуға жұмсаған тұғырлы тұлғаның жүріп өткен жүз жылдық жолы – ұрпаққа өнеге. Ана тілін төрге оздырған абыздың ілкімді істері жалғасын табады деп сенеміз.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

академик, сенатор