• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 13 Желтоқсан, 2024

Редакцияда оқып жүр...

252 рет
көрсетілді

«Қазақ газеттері» ЖШС мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығы арасындағы келісім нәтижесінде болашақ журналистердің теориялық білімін өндірісте, тәжірибе жүзінде ұштастыруға мүмкіндік жасалып отыр. Аталған оқу орнының Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде білім алып жатқан студенттердің тәжірибелік сабақтары былтырдан бері «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өтіп келеді.

Жалпы, Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде практик мамандар­ды оқытушылық қызметке ша­қыру тәжірибесі бұрыннан бар. Білім ордасы мен еңбек ұжым­дары, жұмыс беруші мекемелер арасындағы уағдаластық негі­зінде студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі де жүйелі жолға қойылған. Редакцияда жұмыс үдерісімен таныса оты­рып, білікті мамандардың дәрі­сін тыңдап, тәжірибелік сабақ­тан тәлім алуы – болашақ жас журналистерге таптырмас азық.

Журналистика және әлеу­меттік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Сақ ұлттық уни­­верситет пен еліміздегі ірі ме­диа­құрылым арасындағы әріп­­тестік байланыс сапалы маман даярлауға ықпал ететінін айтады.

«Факультет студенттерінің тәжірибелік сабағын газет редакциясында өткізуге қолдау көрсеткен «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығына алғыс біл­ді­ре­міз. Студенттеріміз үшін 105 жылдық тарихы бар басы­­лымның редакциясында тәжі­­рибеден өтіп, тәлім алуы – зор бедел, ұмытылмас мектеп», дейді Қ.Сақ.

Редакциядағы тәжірибелік са­бақтарды жүргізген бас редактордың орынбасары, прак­­тик-аға оқытушы Қуат Әуес­­байдың айтуынша, биыл­ғы оқу семестрінде «Егемен» редак­циясында 1-курс студент­теріне «Журналистикаға кіріс­пе», 4-курс студенттеріне «Ме­диадағы менеджмент пен маркетинг» пәндері бойынша тәжірибелік сабақтар өтті.

«Жүз естігеннен бір көрген артық» деген қағидаға салсақ, болашақ журналистердің тәжірибелік сабақтарын сөз зергерлерінің құтханасында өткізудің тиімділігі көп. Қанша жерден мультимедиалық журналистика заманы десек те, журналистің ең бірінші міндеті – сауатты жазу. Сондықтан редакцияда өткен дәрісте ең алдымен студенттердің жазу қабілетін, сыни ойлау, сараптай білу дағдысын шыңдауға тырыстық», дейді Қ.Әуесбай.

«Журналистикаға кіріспе» пәні – бізге, 1-курс студенттеріне қызықты әрі әсерлі сабақтар­дың бірі болды. Журналистика әлеміне алғашқы қадамымызды нық басып, оның қыр-сырына терең бойладық. Сабақтың ерекшелігі «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өтуі еді. Редакцияда тәжірибе жинап, шынайы журналистиканың аурасын сезіндік. Оның әсері ерекше болды. Теориялық бі­лім­ді тәжірибемен ұштастыру біз үшін керемет мүмкіндік сыйлады. Ойыңды ашық жеткі­зе алатын еркін орта және жаңа­ша идеялардың туындауына ық­пал ететін жайлы атмосфера – осының бәрі сабақтың құнды­лығын арттыра түсті. Осындай мүмкіндік жасаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Дихан Қамзабекұлы баста­ған медиақұрылым ұжымына алғысымыз шексіз», дейді 1-курс студенті Елдара Сағадиқызы.

«Ғасырлық тарихы бар басылымда, журналистиканың қара шаңырағында білім алған бір семестрде ойға тоқып, санаға түйгеніміз аз емес. Газеттегі маркетинг мен менеджменттен бастап, басылым мен оқыр­ман байланысына қатысты сұрақтарға жауап алдық. АҚШ, Ұлыбритания, Түркия сынды елдердің баспа тарихы мен еліміз­дің газеттерін салыстыра тал­дап, жаңашылдықты бағам­да­дық. Газет жұмысын ұйымдас­тыру ерекшеліктері, редакция­лық саясат, медиадағы заманауи трендтер, конвергентті журналистика тақырыбы төңі­регінде пікір алмасып, ойы­мызды орта­ға салдық. Сөз өне­рі­нің алып­тары еңбек еткен «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өзекті де өткір, енді бірде еркін тақырыптарды толғана тарқатқанымыз үлкен тәжірибе болатыны сөзсіз», дейді 4-курс студенті Рашид Кемелбек.

Білім ордасы мен БАҚ арасында студенттердің өндірістік тәжірибеден өту үрдісі бұрын­нан бар болғанымен, сабақтың редакцияда өтуі алғаш қолға алынған ілкімді жоба екенін айтқан ләзім.