• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жоба 13 Желтоқсан, 2024

«Ауыл аманаты» – игілігі мол жоба

60 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының аралық нәтижелерін қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды пысық­тау мақсатында Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарлама­сын жүзеге асыру жөніндегі респуб­ли­ка­лық семинар жұмысын бастады.

Басқосуға барлық облыс әкімдері­нің орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері, кәсіпкерлер қатысып жатыр. Семинардың ашылу салтанатында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ең алдымен, бағдарлама арқылы 16 мың шағын несие беріліп, 17 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылғанын атап өтті.

Вице-премьер бағдарламаны жетілді­ру мақсатында «Amanat» партиясымен бірлесе, бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты. Әр облыстың, ауданның және ауылдың ерекше­лігі ескеріле отырып, бейімділігі нақ­ты­ланды. Сондай-ақ өтінім­дер қабылдаудың ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Т.Дүйсенова несие алған аза­маттардың өндірген өнімдерін өткізу жолдарын реттеу қажеттігіне де баса мән берді. Енді әкімдер тек несиені беріп қана қоймай, әр жобаны аяғына нық тұрғанға дейін сүйемелдеуі қажет екені айтылды.

Бүгінде бұл бағытта оң нәтиже бе­ріп жатқан тәжірибелер бар. Тамара Дүй­сенованың аймақтарға жасаған жұмыс сапарлары аясында 4 облыстың (Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау) әкімдіктері өңірдегі ірі кәсіпорындармен жергілікті өнім өндірушілерді қолдау жөніндегі меморандумға қол қойған. Оның аясында жұмыстар басталып кетті. Мектеп оқушыларын тамақпен қамту жұмысы да шаруалардың өнімдерін өткізуге мүмкіндік туғызып отыр. Әрине, өнім сапасының талапқа сай келуі міндетті.

Басты мақсат – шаруалар өнімдерін тұрақты өткізу жолдарын түзу арқылы табысын көбейтуге жол ашу. Вице-премьер бұл міндетті іске асыру үшін жауапкершілік ауылдық округтердің, аудандар мен облыстардың әкімдеріне жүктелетінін атап өтті.

«Келесі жылға Ауыл шаруашылығы министрлігі 50 млрд теңге бөлсе, 2026 жылы да осынша қаржы қарас­тырылады. Оған несиелерден қайтарыл­ған қаражат қосылады. Аймақтарға бұл қаржы бірнеше талапқа қарай беріледі. Ұсынылатын жобаларда өндіріс пен өнім өткізудің нақты схемасы болуы қажет. Несие беру, қайтару және оны алушыларды есепке алатын ақпараттық жүйе орнатылуға тиіс. Бөлінген қаражаттың 20% ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, тағы 20% қайта өңдеуге, 60% басқа да бағыттарға қарастыруға рұқсат берілмек», деді Т.Дүйсенова.