• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 09:30

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

47 рет
көрсетілді

Бәрі де тәжірибеден, бір кездегі қолға алған істің уақыт өте келе ой-санаңда қайта жаңғырғанынан басталады. Ол дегеніміз – оның жалқыдан жалпының игілігіне айналған жұмыс дағдысы деген сөз. Мұның тамаша бір үлгісін «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенде көріп, оны ұмытпай есте сақтап қалғаным бар. 1976 жыл еді. Партияның ХХV съезі алға қойған міндет – сапа бесжылдығында елде өте шұғыл деп айтарлық ұйымдастыру жұмысы қолға алынды. Ол жер-жердегі ұжымдардың бәрінде бұрыннан бар социалистік жарыстың жаңа формасы табылсын.

Қолға алынып, өрістетілсін деген пәрмен еді. Әділіне келсек, мұнымен өндіріс, ауыл шаруашылығы салалары, солардағы цех, бригада, ферма, шахта секілді өнім өндіретін ұжымдар, ғылым, білім орындарындағы жаңалық ашу үшін еңбектеніп жатқан зерттеу орталықтары мен лабораториялар айналысуы тиіс-тін. Ал күніне бір газет, айына жалғыз журнал шығаратын жұмыс көлемі белгілі творчестволық мекемелер социалистік жарысты қалай, қайтіп қолға алмақ? Ұзақ уақыт бойғы пікір алмасудан кейін жастар газетінің редакциялық алқасы төмендегідей ұйғарымға келді. Ол – мұндағы 10 бөлімнің әрқайсысына өздерінің жеке күш, идея, жоспарларымен араға екі жеті сала отырып бір оқылатын сапалы да әдемі нөмір шығаруға қол жеткізуді жүктеу. Осы арқылы редакциядағы қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған комиссия өзара бәсекеге түскен олардың жарыс қорытындыларын тоқсан сайын шығарып, бағалап отыру.

Бұл шараның тиімділігі мынада дер едік. Ол қызметкерлердің еркін ойлап, қимылдауына жол ашу. Газетке тың идеялар алып келіп, бөлімдерге жаңа авторларды тарту. Осы арқылы тілші, бөлім меңгерушілерін орындаушылық психологиядан арылту. Сөйтіп, олардың белгілі бір деңгейде деп айтарлық дербестігіне қол жеткізу. Содан аталған бастама 1976 жылдың көктемінен бастап жүріп кеп берді дейсіз. Нәтижесі газет басшылығы күткеннен де жоғары болып шықты. Оған дәлел: «бір бөлім – бір газет нөмірі» атты осы идеяны құптап, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық оқырман хаттары. Бұған мысал: бір жылдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің оны озат әдіс, озық іс деп бағалап, өзінің орыс тіліндегі органы «Ленинская смена» газетінің жұмыс үдерісіне де енгізуге ұйғарым жасауы. Және тағы бір атап айтарлық жай, осы «жаңа социалистік жарыс формасының» сөз етіліп отырған жас­тар басылымдарында айына екі реттен жарық көріп, 1985 жылға дейін өмір сүргенінде.

Халқымызда: «Өнегелі іс – өміршең» деген сөз бар. Өз басым осы ұғымның растығына 2000 жылы көзім толық жетті деп ойлаймын. Бұл жоғарғыдағы жәйттен 24 жыл өткеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетінде болған оқиға еді. Аға басылымның Астанаға жаңадан көшіп келген кезі. Жұмыс қауырт, іс көп. Редакциядағы қай жиналыс, лездеме, басқосулардың бәрі қызу пікірталаспен өтеді. Соның бірінде, бірінде емес бірнешеуінде: «Газетті ресмилік құрсауынан арылтып, қайтсек елге жақындатамыз? Қалай оқылымды етеміз?» деген мәселе ұзақ әңгіме тақырыбына айналып жүрді. Қорытынды сәт жақындағанда бас редактордың орынбасары ретінде пікір айту кезегі маған келген. Сонда: «70-80-жылдары «Лениншіл жас­та» әр бөлім ойланып-толғанып, өз күшімен екі жеті сайын қызғылықты әрі мазмұнды бір нөмір шығаратын. Біз де сол дәстүр негізінде айына 16 беттік бір нөмірдің 1-2-беттерінен басқасына ресми дүниелерді араластырмай, тек қызықты мақала, тың туынды, танымдық кроссворд, әдемі фотоэтюд және көкейкесті тақырыпты көтеретін проблемалық материалдармен шығарып отырсақ, оқырмандар көңілін дөп басар едік», деген ой білдіргенім әлі есімде. Сол жерде бұл бастама бірден қолдау тапты. Бас редактор Ержұман Смайыл оған «етжеңді» деп ат қойып бергені де бар. Ол: «Жақсы дүниелер көп сыя­тын етек-жеңі мол нөмір болсын», деген тілек еді. Идея бекіп, жоспарға енгеннен кейін оның алғашқы нөмірін сол кездегі бірінші орынбасар Еркін Қыдыр шығарды. Ол өте жақсы болып жарық көрді. Бірақ Еркіннің редакциядағы ұйымдастыру істеріне тиесілі: жарнама табу, коммерциялық жобаларға бақылау орнатып, қаржы-шаруашылық мәселелерімен айналысу және баспасөзге жазылуды жүргізу секілді жұмыс ауқымының көптігінен жоғарыдағы идея маған қайта оралып келіп, «етжеңді» нөмірді тұрақты түрде екінші орынбасар қызметіндегі мен шығара бас­тадым.

Уақыт өте келе әр айдың соңғы сәрсенбісінде жарық көретін газеттің 16 беттік осы саны елдің асыға күтетін рухани жансерігіне айналды. Өйткені оларда тың да тартымды тақырыптар, қызық оқиғаға толы мақалалар мен өткір де өзекті проблемаларға құрылған сыр-сұхбат, әдемі фотоэтюдтер және танымдық кроссвордтар көп, тіптен көп еді. Бір жақсысы елдің ынтызарлығын арттырған жоғарыдағы сан түрлі дүниелерді сол «етжеңді» нөмір­лердің газеттік нұсқасында қалдырып қойғамыз жоқ. Оларды біз жыл аяғында жинап алып, «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» деген атпен жеке жинақ етіп шығарып отырдық. Сөйтіп баспасөзге жазылу науқаны басталғанда, бұларды газет имиджін көтеру ретінде елге тегін таратуды дәстүрге айналдырған жайымыз да бар. Кейін жұртшылық тарапынан: «Егеменнің» «етжеңді» нөмірін жиірек шығарсаңыздар», деген өтініштер көп айтыла бастағанын қалай ұмытайық? Осыны ескеріп біз 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың тамызына дейін айына екі реттен шығарған кезіміз болды. Тоқетерін айтқанда, 2001–2016 жылдар аралығында өмір сүрген жоғарыдағы жоба ел есінде «Егемен Қазақстан» басылымының ресмилігін жұмсартқан халықтық нұсқадағы газет нөмірлерінің үлгісі ретінде сақталып қалғаны анық. Оған бұл күндері редакция кітапханасының сөресіндегі 15 жылдық «етжеңді» материалдарынан жинастырылып басылған 15 томдағы түрлі газет жанрларын қамтыған туындылар толық айғақ бола алады.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан» газетінің 2003–2016 жылдардағы бас редакторы – вице-президенті