Семейдегі медицина қызметіне пайдаланылады
Семей қаласының санитарлық авиациясы Ан-2 ұшағына ие болды. Енді сала мамандарының жұмысы едәуір жақсармақ. Санитарлық авиация басшылығының айтуынша, тікұшақпен салыстырғанда, ұшақтың мүмкіндігі тіптен мол. Уақыт үнемдеу жағынан да, дәрігерлер мен науқастарға арналған орындар санынан да ұтымды. Санавиация меңгерушісінің пікіріне сүйенсек, егер мамандар жемісті жұмыс жасаса, шалғайдағы аудандарға да қол ұшын созу Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тапсырмасымен жүзеге асады. Бұл халық үшін аса тиімді болмақ.
Жаңа ұшақ Елбасымыздың халық денсаулығын жақсарту бойынша берген тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Жетуі қиын жерлердегі азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен берілген Ан-2 ұшағы енді медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартпақ. Ұшақты Тараздың «Тараз Жаңа Әлем» компаниясы жеткізген. Енді Семей қаласынан шалғайдағы Абыралы өңірі, Абай, Бородулиха, Бесқарағай аудандары, Шар, Курчатов сияқты қалалардың жедел медициналық көмекке зәру тұрғындары жедел түрде қалаға жеткізілетін болады. Бұған дейін Семей қаласының санитарлық авиация қызметі өткен жылдың сәуір айында берілген тікұшақпен қысқа мерзімді уақыт аралығында нәтижелі жұмыс көрсеткішін байқатқан.
– Тікұшақ берілген уақыт аралығында 41 рет әуеге көтеріліп, оның ішінде 39 науқасты қаладағы онкологиялық, кардиологиялық орталықтарға, перзентханаларға жеткізіп, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасадық. Үш ай уақыт аралығында сонша адамға көмек көрсету өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз, – дейді Семей қаласы санитарлық авиациясының меңгерушісі Нажия Пронина.
Санитарлық авиация негізінен жүкті әйелдерге, балаларға, инсульт алған науқастарға, жол -көлік оқиғасына тап болған адамдарға қызмет етеді. Оларға қаладағы білікті мамандармен жасалған келісімшарт негізінде медициналық мекемелерде тиісті жәрдемдер беріледі. Жаңа ұшақ әзірге қызметіне толық кіріскен жоқ. Қазіргі таңда ұшақты медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету ісі жүргізіліп жатыр.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.