• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Желтоқсан, 2024

Орнықты дамудағы ортақ мақсат

135 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Бұған Орталық Азия елдері парламенттерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында парла­менттер мен жергілікті өкілді органдардың Орта­лық Азия елдері­нің орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы рөлі талқы­ланды. Сондай-ақ қатысушылар аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.

М.Әшімбаев өз сөзінде оты­рыс­­тың кеңейтілген форматы өңір елдері парламенттерінің стратегиялық диалогін нығайтуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай қадам өзара ынтымақ­тастықты арттырып, Орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуге ықпал ететінін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжы­рым­дамалық мақаласында өңір­дің орнықты дамудың жаһандық күн тәр­тібіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнық­ты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ор­тақ жаһандық және аймақтық пробле­ма­­лар­ды шешуге бағытталған. Бұл ретте кли­­маттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурс­тарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да елдеріміз үшін ортақ міндет», деп палата спикері мемлекет басшылары белгілеген өңір елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ететін бірыңғай басым­дықтар қатарында да аймақты өркендету жолындағы ортақ мақсаттар бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат төраға­сы жаһан­дық жылыну, Каспий теңізінің тартылуы, Аралдың жо­йылуы сияқты өзекті кли­маттық сын-қатерлерге назар аударды. Бұл про­б­лемаларды оңтайлы шешу үшін Орта­лық Азия елдерінің нақты үйлесімді жұмыс­ы қажет. Онсыз еңсеру мүмкін емес. Бұл ретте парламентаралық өзара іс-қи­мыл, заңнамалық тәжірибе алмасу және жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарымен ын­ты­мақтастық орнату маңызды рөл атқарады.

«Бүгінде ұлттық парламент­тердің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосып отырған үлесі айтарлықтай артып келеді. Оның ішінде экожүйелерді сақтау, су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты ерекше атап өткен жөн. Біз өңірдің үйлесімді, инклюзивті және теңгерімді дамуы үшін парламентаралық деңгейдегі бірлескен жұмысымызды одан әрі жандандыруымыз керек. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысы да аса маңызды. Орнықты даму күн тәртібін жергілікті жерлерде және әрбір елді мекенде ілгерілету бағытындағы жетістіктер көбіне солардың жұмысына байланысты. Сондықтан жергілікті өкілді органдарды осындай диалогке белсенді жұмылдыру және халықты алаңдатқан осы деңгейдегі мәселелерді шешу үшін Орнықты даму мақсаттары арқылы бірың­ғай тәсілдер әзірлеу айрықша мәнге ие», деді М.Әшімбаев.

Отырыс кезінде парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшылар Қазақстанның ОДМ-ға қол жеткізу жолындағы бастамаларына назар аударып, 10 жыл ішіндегі аралық нәтижелерді талдады. Сондай-ақ олар өңір елдерінің орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстарды талқылады.

Іс-шараның нәтижесінде мем­ле­кеттік органдардың және Орта­лық Азия елдері парламенттері­нің өкілдері мен сарапшылар комиссия қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Одан бөлек, қатысушылар ОДМ-ды интегра­циялауға және ұлттық заңнамаға озық тәжірибелерді енгізуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Парламенттік комиссия отырысында комиссия мүше­лері­мен бірге Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитетінің төрағасы Шыңғыс Айдарбеков, Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Мадж­лиси милли Конституциялық негіздер­ді, адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын және заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің төр­ағасы Дилшод Рахмон, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Кутбидин Бурханов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, БҰҰДБ-ның Түрікменстандағы құқықтық консультанты Ширин Ахмедова, Назарбаев универ­ситеті Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Серік Оразғалиев, халықаралық ұйым­дар мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.