Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы еліміздегі ең ірі ұйымдардың бірі саналады. Оның құрамында 2 миллионға жуық мүше бар екенін ескерсек, Ұйымның жұмысы туралы көпшілік көкейінде сауалдар туындайтыны да заңдылық. Міне, сол сауалдарға жауап беру үшін кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының 2014 жылғы қорытындылары және 2015 жылдың мақсаттары» атты арнайы брифинг өткізілді.
Елбасы еңбек заңдылығының сақталуында кәсіподақтар рөліне ерекше маңыз беріп келеді. Осыған орай өткен жылы «Кәсіби одақтар туралы» Заң қабылданып, Федерация жұмысын оңтайландыру қолға алынғаны белгілі.
Содан бері атқарылған жұмыстардың барысын әңгімелеп беру үшін кеше Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов бастаған құрамында Тау-кен өндірісі еңбеккерлері кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин, Көмір өндірісі еңбеккерлері кәсіподағының төрағасы Михаил Никифоров, Мұнай-газ кешені өндірісі еңбеккерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Елена Мұстафина және Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы Құқық жөніндегі департамент директорының орынбасары Лаура Сейфуллина бар топ ОКҚ-ға арнайы келіпті. Бұл ретте, елімізде 6 миллионнан астам жалдамалы жұмысшының және 180 мың жұмыс берушінің бар екендігін айта кеткен жөн.
Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы сөз реті келгенде үш жыл қатарынан талқыдан өткен «Кәсіби одақтар туралы» Заңның былтыр қабылданғанын, оған сәйкес Федерация өзінің ХХІІІ съезін өткізген және жаңа жарғы қабылданғанын да тілге тиек ете кетті. Ә.Құсайыновтың пайымынша, жаңа заң кәсіподақтар қозғалысын одан әрі дамытуға деген қадамды түбірімен өзгерткен. Жаңа заңда «әлеуметтік әріптестіктің» деңгейлері Үкімет, кәсіби одақтар және жұмыс берушілер деп белгіленсе, үшжақты салалық келісім базалық құжат болып саналған.
Министрлік және салалық кәсіби одақтар да өздерінің келісімдеріне қол қойса, бұл салалық ведомстволар мен салалық коэффициенттерді қоса алғанда жалақы деңгейіне тікелей әсер ететіні атап өтілді. Үшінші деңгей ретінде жергілікті атқарушы органдар: әкімдіктер, аумақтық кәсіподақтар және жұмыс берушілер болып белгіленсе, өңірдегі еңбек дауларын солар шешетін болады.
Кадр мәселесін көтерген төраға 2013 жылдан бастап кәсіподақтарға мүше болу санының артқандығын да алға тартты. Жаңа заңға сәйкес кәсіподақтар әлеуметтік аспектілерді қамтитын заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарына қатысып, өз ұсыныстарын да бере алады екен. Ұжымдық келісімшарттардың 34,5 пайызы Қазақстан Кәсіподақтары федерациясына тиесілі болса, жалпы кәсіподақтары бар жерлерде ұжымдық келісімшарттармен қамтылу 94,6 пайызға жетіпті. Осылайша ұжымдық келісімшарт арқылы кәсіпорындағы түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді екен.
Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты кәсіподақтардың көңілінен шыққандығын жеткізген төраға дағдарысты жылдары жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, зауыттағы бір жұмыс орнын ашу үшін кем дегенде 3 жыл жұмсау керек болса, ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 200 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Сөз реті келгенде Ә.Құсайынов Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы жанынан Оқыту және еңбек дауларын зерттеу орталығы құрылғандығын, онда бастауыш кәсіподақ ұйымдары басшылары оқытылатынын да қаперге сала кетті. Жыл сайын 2,5-3 мың адам оқытыларын сөз еткен ол «білімге құрылған үнқатысу үлкен тиімділікке әкеледі» деген ойымен де бөлісе кетті.
Бұдан кейін бірқатар сұрақтарға жауап берілді. Қазақстандық жұмысшылардың шетелдік әріптестері алдында құқы қаншалықты қорғалған деген сұраққа орай жауабында төраға 2013 жылы құзырлы органдар 70 мекемеге 200 тексеру өткізгендігін жеткізді. Оның мәліметіне қарағанда, сол кезде 128 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталса, ал 2014 жылы 400 тексеріс нәтижесінде 4 факт табылған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».