• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 18 Желтоқсан, 2024

Бейбіт жастарға қару кезенбеген генерал

151 рет
көрсетілді

Өмірі өнеге тұлғалар туралы айтылмаса, ол тарих алдындағы қиянат болар еді. Бұл мақаламыз – кезінде әскерді халыққа айдап салу туралы Кремльдің бұйрығын орындаудан бас тартқан генерал туралы. Ол – бүгінде Мәскеуде тұратын 89 жастағы генерал, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, әскери ғылымдар докторы Владимир Николаевич Лобов.

Владимир Николаевичтің қазақ халқы үшін орны ерекше. Ерекшелігі сол, ол 1986 жылы Алматыдағы Желтоқ­сан көте­рілісінде КОКП Орталық комите­тінің жастарды басып-жаншу туралы әс­керге беріл­ген бұйрықты орындау­дан бас тарт­қан. Оны орындауға міндет­ті бола тұра, орындамағаны үшін партия­лық, қызмет­тік, тіпті қылмыстық жауапкер­шілікке тар­ты­луы мүмкін екенін біле тұра, өзін тәр­бие­леген, оқытқан, ең жоғар­ғы әскери шен – генералға дейін өсірген ре­жімге ха­лық­пен соғыспайтынын мәлімдеп қарсы шықты.

Генерал В.Лобов Башқұрт­станда көп балалы отбасында өмір­ге келген. Оқи жүріп, он жасынан бастап машина-трактор стансасында қара жұмысшы, кейін механик болып жұмыс істеген. Есейген соң әскер қатарына алынып, борышын Тәжікстанда өте­ген. Рязань әске­ри артиллерия училищесін, кейін Фрун­зе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Германияда кеңес әскерлері тобында қызмет еткен. 1968 жылы тамыз айында Чехословакияда болған халық көтерілісін басу операциясына қатысыпты. Батальон командирі ретінде оның басшылығымен Варшава келісімшарты елдерінің біріккен құрамы «Дунай опера­ция­сы» барысында Прага түбіндегі әскери аэродром мен басқа да бірнеше әскери маңызы бар нысанды басып алған.

1984 жылдың маусымында Орта Азия әскери округіне қолбасшы болып та­ғайындалады. Бұл сол кездегі Мәскеу тарапы­нан қатты көңіл бөлінетін, үне­мі бақылауда болатын кеңес елін­дегі жиырмаға жуық әске­ри ок­ругтің ең ірі жедел-стра­те­гия­лық аумақтық бірлестігі еді. Қарамағында 5 дивизия, 2 арнайы полк, арнайы мақсаттағы гвардиялық бригада, одан бөлек жалпы жауынгерлік 32-армия, 17-корпус, 73-әуе күштері бөлімі, 12, 14-әуе шабуылына қарсы күрес бөлімдері осы аймаққа бекітілген, Қы­таймен шекаралас өңір болуына байланысты стратегиялық маңызы бар округ саналатын. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан Ауғанстан да жақын еді.

Желтоқсан көтерілісі кезінде Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық комитеті бюро мүшелерінің қатысуымен өткен жиналыста республиканың жаңа бас­шысы Г.Колбин генерал В.Ло­бовқа аяқ астынан өктем сөйлеп, қалаға әскер кіргізуді талап етеді. Генерал жұлып алған­дай: «Армияны бұл іске аралас­тырмаңыз» деп үзілді-кесілді тойтарыс береді. Тыныштық орнайды, жиынға қатысушылар әскери қолбасшыдан ондай жауап күтпеп еді. Бюро мүшелері генерал жауабын естімеген сияқты бастарын басқа жаққа бұрады. Генералдан бұндай қарсылық күтпеген Г.Колбиннің беті қып-қызыл болып кетеді.

Аздаған үнсіздіктен кейін В.Лобов әскери округке қарасты күштерді алаңға енгізу үшін КОКП Орталық комитеті Сая­си бю­росының рұқсаты керек екенін жет­кізеді. Осыдан кейін Кремль Алматы­дағы жағдай ушы­ға бастаған соң Уфа, Сверд­ловск, Челябі, Новосібір, Фрунзе, Таш­кент, Тбилиси, басқа да қалалар­дан көтері­лісті басуға әбден машық­танған арнайы мақсаттағы ішкі әскерлерді жіберген еді.

Алаңға әскерилерді енгізу туралы бұй­рықтың Мәскеу арқы­лы тікелей берілгені белгілі ғой. Осы­дан кейін Г.Колбин мен мәскеу­ліктер генерал В.Лобовтың артынан шам алып түседі. Дәл сол кез­дері алаңда қансыраған жа­ра­­лы жас жігітті теуіп жатқан жауын­герге ескерту жасағаны үшін Қазақ КСР ІІМ саяси бас­қармасының бастығы, милиция полковнигі (кейін генерал-майор) М.Қалматаев та қудаланып, Ауғанстанға жіберілген-ді. В.Ло­бов­тың бұйрықты орындамауы қазақ жастарын жазалаудан құтқара алған жоқ. Ол кезде мүйі­зі қарағайдай коммунистік партия басшылары, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің генералдары, маршалдары бұрын еш жерде қолданылмаған «бұғаулау операциясын» Алматыда іске асыруға жос­пар жасап жатқан еді. Басқа өңірлерден әскерилер келгенше орталық алаңда қоғамдық тәртіпті милиция гарнизоны, милиция мектебі, әскери шекарашылар, өрт-техникалық училищесі курсанттары сақтады. Сырттан алдырыл­ған әскерилерге қарағанда үлес салма­ғы өте аз республикадағы күш­тік құрылымның жастарды тәр­тіп­ке шақыруда белсенділік танытпағаны белгілі.

Сонымен В.Лобов әскери бола тұра неге берген антын бұзды? Неге Коммунистік партияның ең жоғарғы басшыларының бұйры­ғын орындамады? Меніңше бұ­ның бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, оның көп балалы отбасы­нан шығып қиыншылық көріп өсуі, жастайынан жұмыс істеуі. Бұған қоса діні мұсылман баш­құрттар арасында ер жетіп, Тәжік­станда әскери борышын өтеуі, Алматыдағы екі жылдан аса уа­қыт қызметі кезінде қазақ­тар тура­лы жақсы пікірінің қалып­тасуы. Екіншіден, арты үлкен халық­аралық дауға айналған Чехос­ловакияда орын алған қантө­гіс­ке қатысып, Мәскеуден берілген бұйрықты орындап, кейін бейбіт тұрғындарға қару жұмсағанына өкінген болар. Үшіншіден, генерал В.Лобов Алматыда қызмет атқарған жылдары республиканы ширек ғасыр басқарған Д.Қо­наевпен жақсы қарым-қатынасы себеп болуы мүмкін.

Қарулас әріптестерінің айтуынша, В.Лобов – мінезі жұм­сақ болғанмен, керек кезінде қағидатшылдығын көрсете білетін, офицерлік намысты қорғап қана емес, азаматтықты, достықты да бағалай білетін адам. Сондықтан да Д.Қонаевтың басына бұлт үйіріліп, ердің басына күн туғанда оған, сондай-ақ қазақ жастарына ашық қолдау білдірген.

В.Лобовтың партия бұйрығын орындаудан бас тартуы Мәскеу тарапынан жауапсыз қалған жоқ. Оның іс-әрекеті туралы Мәскеуге Қорғаныс министрлігі мен кеңес армиясы Бас саяси басқармасының басшылығына хабарланды да, ол дереу Мәскеуге шақырылды. Министр маршал С.Соколов оған қатысты асығыс шешім қабылдаған жоқ. Өйткені ол кезде Қорғаныс министрлігіндегі маршалдар бір жағынан билік олимпінде аяқ астынан пайда болған Г.Колбинге бола ең үлгілі әскери округ басшысы, көрнекті генералды жазаға тартуды жөн көрмеді. Бірақ партияға қарсы келген коммунисті жазасыз қалдыруға болмайтын еді.

В.Лобовтың Д.Қонаевпен жиі кездесулері туралы хабар алғаннан кейін Г.Колбиннің генерал туралы пікірі тіпті бұрынғыдан бетер қатты өзгеріп, қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Бірінші хатшы генералдан өздігінше құтыла алмайтынын жақсы түсінді. Себебі В.Лобов оған тікелей бағынышты емес, оның үстіне оны үнемі қол­дап жүрген, оған дейін әске­ри округті басқарған маршал Д.Язов 1987 жылдың қаңтарында Қорғаныс министрінің орынбасары, ал мамырдан бастап министр болып тағайындалған еді. В.Лобов Орта Азия округін басқару кезін­де біраз жетістікке жетіп, ең ал­дыңғы қатардан көрінді. Әскери бөлімдерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, автокөлікпен, басқа да жабдықпен, офицерлер отбасын пәтермен қамтамасыз етке­ні, бірнеше әскери комиссариат ғимараттарын, жиналу орта­лығын қайта салғаны үшін ми­нистр мақтауына ілінген еді. Әскери округ бұл көрсеткіштерге Д.Қонаев бастаған республиканың бұрынғы басшылығының қол­дауы­мен жеткені түсінікті ғой.

Д.Қонаевтың аяқ астынан қыз­мет­тен кетуі олардың арасындағы жақсы қарым-қатынасты бұза алған жоқ. Қайта Димекеңнің басына күн туғанда генерал­дың қасында болуы, кездесіп тұруы осы­ның айғағы болса керек. Г.Колбиннің В.Лобовқа тісін батыра алмауының тағы бір себебі әскерилер мен олардың техникасы әлі де болса республикада егін жинауға, құрылыс нысандарында көптеп пайдаланылуы еді. Ол кезде еліміз Ресей және Украинамен бірге КСРО-ның ең көп бидай өндіретін республика қатарында болды. Егін жинау «социалистік жарыстың» ең басты көрсеткіштерінің бірі еді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа келген партия басшысына армияның қолдауы аса қажет.

Иә, В.Лобов лауазымынан уа­қыт­ша болса да шеттетілді. Деген­мен 1987 жылдың қаңтарында талап­шылдығы, сауаттылығы, іскер­лігі, адами қасиеті арқасында КСРО Қарулы күштері Бас штабы­ның бірінші орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл қыз­метте М.С.Горбачевтің тапсыр­масымен мерзімді әскери қыз­метті 2 жылдан 18 айға дейін қыс­қартуды көздеген реформа жоға­ры жақтан қолдау таппай, лауа­зымынан босатылды. Бір жылдан кейін бұрынғы лауазымына қайта тағайындалып, Варшава келі­сім­шарты мемлекеттері құра­ма қа­рулы күштері штаб бастығы қыз­меті қосымша жүктелді. Бұдан кейін де әскери қорғаныс саласында көптеген лауазымды қызмет атқарды.

Иә, адамның ерлігі мен еңбегі олардың тірі кезінде бағалануы, аттары құрметтелуі керек. Генерал атақтан, марапаттан кенде емес. Кезінде КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланған, ІІ дәрежелі «Кутузов», «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», Ш дәрежелі «КСРО Қарулы Күштеріне қызметі үшін», Ресей Федерациясының «Батылдығы үшін», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері. Әйтсе де В.Лобовтың атын қазақтың бүгінгі ұрпағы ұмытпай, оның қиын-қыстау күнгі батыл шешімін ерлік ретінде бағалап, Қазақ елі тарапынан құрмет көрсетілуі қажет. Оған «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы берілуге тиіс деп осыдан бес жыл бұрын ұсыныс жасаған едің. Осы ұсынысты тағы қайталауды жөн көріп отырмын. Қолында бес қаруы болса да, алаңдағы бейбіт халыққа оқ атудан бас тартқан мұндай жандар қандай да құрметке лайық.

 

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

Ақпарат саласының үздігі,

журналист, полковник