• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Кеше

Есірткіге қарсы көп болып күресу қажет

124 рет
көрсетілді

Ғимараттар қабырғасына есірткі саудасын жарнамалайтын жазба қалдырушылар айылын жияр емес. Нашақорлықты насихаттап, есірткінің етек жаюына екпін беретін мұндай граффитилерді қаланың кез келген нүктесінен кездестіресіз.

Есірткіге есі кеткендерді тыйым салынған сайттарға шақы­ратын заңсыз жарнама таратумен айналысқандар ҚР ҚК-нің 299-1-бабына сәйкес, қылмыс­тық жауапкершілікке тартылады. Жымысқы әрекетін жүзеге асырудың түрлі жолын меңгерген айлакерлер мұндай лас іске жас­тарды тартатын болған. Өкінішке қарай, оң-солын танымаған жас­тар оңай олжаға кенелем деп опық жеп жатады. Оларды мұн­дай келеңсіздіктен сақтандыру мақсатында тиісті орындар тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жымысқы жазбалармен күрес мәселесі – жыл он екі ай тоқтамайтын шаруалардың тізімінде.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Полиция департаментінің Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл басқармасы қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған кезекті «Наркостоп» акциясын өткізді. Құзырлы орын қызметкерлеріне ерікті жастар көмекке келген. Атап айтқанда, акцияға 500-ге жуық волонтерлер, студенттер және комьюнити орталықтардың резидент­тері қатысты. Олар Алматы қаласының Поли­ция департаментінің қызметкер­лерімен бірге есірткі жарнама­ларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында бір күннің ішінде ғимараттардың сыртқы қабырғасына жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылған.

«Замандастарыма есірткінің зиян екенін түсіндіре отырып, саламатты өмірді таңдауға шақыруды азаматтық міндетім деп санаймын. Бүгін Алматы қаласының волонтерлері жастар үшін маңызды «Наркостоп» акциясына қатысуға келдік. Алматы – біздің ортақ үйіміз, сондықтан іс-шара аясында заңсыз жарнамаларды өшіріп, олардың әрі қарай таралмауына аз да болса өз үлесімізді қосып жатырмыз», дейді волонтер Аманғазы Нұрасыл.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасындағылардың айтуынша, жыл басынан бері «Наркостоп» жобасына қала бо­йынша 3 мыңнан аса волонтер қатысқан. Жоба аясында 60-тан аса іс-шара өтіп, 2 мың трафарет пен граффити өшіріл­ген. Соны­мен қатар қаладағы комьюни­ти орталықтарда наша­қор­лыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыру­ға және есірткі айналымына қарсы қоғамдық күреске бағыт­тал­ған түсіндірме жұмыстары, интеллектуалдық ойындар, дебаттар, викториналар мен куиздер жүйелі түрде өтіп келеді.

Қалада нашақорлыққа қар­сы күрес аясында жергілікті атқа­рушы органдар, құқық қорғау ведомствосының өкілдері, қо­ғам белсенділері мен еріктілер бірлесіп жаз бен күз айларында 3 мың адамды қамтитын 23 іс-шара ұйымдастырған. Солардың бірі – жасөспірімдердің ата-аналары мен Түрксіб ауданының ювеналды полиция инспекторлары үшін «Кепілгерлермен кездескен жағдайда қауіпсіздік шаралары» тақырыбында өткен шеберлік сабағы. Сондай-ақ қаланың Медеу, Әуезов, Жетісу аудандары аумағында да Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қи­мыл басқармасымен бірлесіп есірт­кі құралдарын таратумен айна­лысатын сайттардың сыртқы жар­на­масының граффитиін анық­тауға бағытталған акцияға қатысу­ға зейнеткерлер де ниет білдірген.

«Өткен жылы жүргізген сауал­нама нәтижесінде жастардың 10%-ы өмірінде бір рет болса да син­тетикалық есірткі қабылд­ағаны анықталған еді. Синтети­ка­лық есірткіні пайдаланушылар әлеу­меттік топтарға бөлінбей­ді. Ал жалпы бұл – әлемдік деңгейдегі қауіп­т­і үрдіс. Біз есірткі қылмы­сы­мен қоғам болып күресуіміз керек», дейді Алматы қалалық Жас­тар саясаты басқармасының өкілдері.

Алматы қаласындағы Психи­калық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, 2024 жыл­дың шілде айында «наша­қор­лық» диагнозымен диспансерлік есепте 1 154 адам тіркелген. Оның 180-і әйел адам болса, жетеуі – кәмелет жасына толмағандар. Маман­дардың айтуынша, есірт­кіге шатылғандардың саны ресми статистикадан әлдеқайда көп. Ал олардың қалыпты өмірге қайта қадам басуына қоғам болып қолдау көрсетудің маңызы зор.

 

АЛМАТЫ