Биылдан бастап елімізде микроқаржы омбудсманы институты жұмыс істейді. Қаржы омбудсманы – қаржы ұйымдарымен тұтынушылар арасындағы дауды шешетін тәуелсіз тұлға. Онда микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсетіледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Бізде жылдам несие беретін 220-ға жуық ұйым бар. Солар биылғы 9 айда 72 млрд теңге таза пайда тапқан. Бас банктің хабарлауынша, табыстың басым бөлігі ірі 20 микроқаржы ұйымына тиесілі.
Соның ішінде былтыр отандастарымыздың жеке деректерін таратып жіберген «Робокэш.кз» микроқаржы ұйымы 10 млрд теңге пайда түсірген. Одан кейінгі орында банкке айналғысы келіп жүрген «KMF» микроқаржы ұйымы тұр. Ұйым қаңтар-қыркүйек айларында 7,96 млрд теңге табыс тапқан. Үздік үштікті Дулат Тастекейдің «TAS Finance Group» компаниясы аяқтайды. Бұл қаржы ұйымы 9 айда 6,28 млрд теңге тапқан.
Байқағанымыздай, отандастарымыз жылдам онлайн несиеге тым құмар. Жалпы қарызы 1,2 трлн теңгеден асқан. Алған шағын несиесін қайтармай жүргендердің қатары да артып барады. Жыл басында төленбегеніне 3 айдан асқан шағын несие үлесі 6,1% болса, қазір 10 борышкердің біреуі алған қарызын уақтылы төлемейді. Бұл тақырыпқа қатысты дау да көп.
Сондықтан да микроқаржы омбудсманы осы жылдың 21 желтоқсанынан бастап іске кіріседі. Омбудсман микроқаржы ұйымдарының клиенттеріне көмек беру үшін құрылды.
– Микроқаржы омбудсманы отандастарымыздың микрокредитке байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктерге қатысты мәселелерді қарайды. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді, – деп мәлімдейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Маңыздысы, омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы немесе қарыз алушы 30 күн ішінде орындауы керек. Бірақ микроқаржы омбудсманы сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілерін қарамайды.
Микроқаржы омбудсманының қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. Бұл институт микроқаржылық ұйымдарды заңнаманы сақтауға әрі қызмет көрсетудің озық тәжірибелерін енгізуге ынталандыра түспек. Қазір елімізде тек банк пен сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді.